Елімізде жүгері дақылы 1958 жылдан бері егіле бастады. Әу баста ұраншылдықпен басталды, қажеті шамалы көрінген, алайда, кейін пайдасы шаш етектен екеніне көз жетті. Бүгінде жүгері әлемдегі ең көп егілетін дақылдар арасында тек бидайға ғана жол беріп тұр. Ол құс шаруашылығында да, мал бордақылауда да таптырмайтын дақыл екені баяғыда-ақ дәлелденіп қойған. Егуінен бастап, оны күтіп-баптауға ерекше назар аударылса, әр гектардан 12-14 тонна өнім, 30-40 тонна шамасында сүрлем алуға болады. Кеңес одағы кезеңінде еліміздің бір ауданының өзінде 200 мың тоннаға дейін жүгері өндірілетін. Бүгінде мұндай көрсеткіштер жоқ. Қазіргі уақытта аталмыш дақыл Қазақстанда тек 255,5 мың гектарға егіледі. Жүгері, негізінен, Алматы, Түркістан, Қостанай, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.
Жүгері – дара жынысты, жел арқылы айқас тозаңданатын біржылдық өсімдік. Жүгері өндіруші үздік 10 елдің қатарына АҚШ, Қытай, Бразилия, Мексика, Аргентина, Франция, Канада, Италия кіреді. Мәселен, АҚШ-та жылына 332 млн. тонна жүгері өндіріледі. Аталмыш дақылдың құрамына үңілсек, оның 65-70 пайызы – көмірсутектен, 7-12 пайызы – ақуыздан, 3-6 пайызы майдан тұрады. Бүгіндері отандық шаруашылықтарда белгілі селекционер Лазар Койич будандастырған жүгерінің 24 тұқымы бар, 12 тұқым түрі мемлекеттік реестрге тіркелген. Мәселен, “Тұлпар-539”, “Алтын-739”, “Арман-689”, “ҚазЗП-200”, “Скиф-619”, “Сұңқар-779”, “Марко-419” деген сұрыптар еліміздің климаттық жағдайына бейімделген.
Солтүстік Қазақстан облысы – топырақ құнарлылығы мен климаттық жағдайының ерекшелігіне байланысты барлық дақыл түрлерін өсіруге қолайлы өңір. Облыстың егіс алқаптары 4,2 млн. гектарды құраса, оның тек 16 мың гектарында сүрлемге арналған жүгері өсіріледі. Соңғы жылдары дәнді және майлы дақылдардың өнімін арттыру, оның сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, топырақ құрамында қоректік заттар жеткілікті болғанымен, дақылдар бір алқапқа бірнеше жыл қатарынан егілген соң бұл қор ерте ме, кеш пе таусылады. Мысалы, қазірдің өзінде топырақта – магний, карашірікте – марганец тапшылығы байқалады. Сол себепті, өсімдікке жетіспейтін кейбір элементтер минералды тынайтқыштармен және гумин қышқылдарымен толықтыруға болады. Олардың құрамындағы азот, фосфор, калий және тағы басқа қоректік макролементтер, сонымен қатар марганец, бор, мыс, мырыш, молибден, йод, кобальт сияқты микроэлементтер өсімдіктің жақсы өсуіне көмектеседі. Бұл элементтер негізінен жүгері сабақтарын, жапырақтарын және түйнектерін түзу үшін қажет. Елімізде жүргізілген көпжылдық агротехникалық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, жүгерінің әр гектарына 120 килограмм азот, 180 килограмм фосфор мен 60 килограмм калий сіңіргенде дәндік жүгерінің әр гектарынан 92,8 центнерден өнім алуға болады екен.
Статистикалық деректерге сәйкес, жүгерінің әр тоннасы топырақтан жүз килограмға жуық қоректік зат пайдаланады. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Күзде мол өнімге қол жеткізу үшін осы қорекзаттар шығындарының орнын әртүрлі минералды тыңайтқыштармен толықтыру қажет. Егістік дақылдардан жоғары және тұрақты өнім жинау үшін тек ғылыми негіздегі ауыспалы егістікті енгізу, топырақты ұтымды өңдеу жүйесін қалыптастыру, өсірілетін дақылға және топырақ құрамындағы макро және микроэлементтерге байланысты органикалық, минералды тыңайтқыштарды енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Соңғы жылдары жүгері өсірумен айналысатын шаруашылықтарда гуминдік препараттар танымалдыққа ие болуда. Гуминдік препарат – қоңыр көмір мен оның органикалық-минералдық бөлігінен алынатын ұнтақ. Ол макро және микроэлементтермен байытылған. Кейін одан арнайы сұйықтық жасалып, өсімдік бүрку әдісімен өңделеді. Осылайша, олардың өсу және даму қабілетін арттыруға болады. Қызылжар ауданының орталығындағы Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бірнеше жылдан бері жүгерінің “MV 170” және “MV 270” сұрыптарына “Казуглегумус” атты гуминді тыңайтқыштың әсерін зерттеуде. Аталмыш сұрыптар біздің өңірге бейімделген. Олардың вегетациялық кезеңі 85-105 тәулікті құрайды. Жүгері сабағының биіктігі топырақтың құнарлығына және ауа райының жағдайына қарай 150-180 сантиметрге дейін өсуі мүмкін. Жапырақтары ұзын, жалпақ ирек жиекті, сабақты орай өсетін қынапты болып келеді. Бұл сұрыпты жүгерінің шашақты тамыр жүйесі 1-1,5 метр тереңдікке дейін бойлап, 100-170 сантиметрге дейін жан-жаққа жайылады. Сабақтың төменгі буындарының тіреуіш тамырлары жүгерінің қисаймай өсуіне мүмкіндік береді. Жақсы дамыған тамыр жүйесі топырақтағы суды, пайдалы заттарды мейлінше көп сорып, өнімнің артуына қолайлы жағдай жасайды. Аталмыш сұрыптар суыққа және қуаңшылыққа төзімді келетінін атап айтқан жөн.
Тәжірибе барысында “Казуглегумус” гуминді тыңайтқышымен жүгері үш мәрте өңделді. Дақыл 20 мамыр күні “СОН-2,8А” тұқымсепкіштің көмегімен 5-6 сантиметр тереңдікке сіңірілді. Жолақтардың арақашықтығы 70 сантиметрді құрады. Жүгерінің 6-7 жапырағы шыққан кезде ол бүрке себу арқылы гуминмен өңделді. Бұл үшін қос сұрыптың әр гектарына, сәйкесінше, 1 және 1,5 литрден дәрі дайындалды. Нәтижесінде жүгерінің өсу қарқыны арттырылды. Мәселен, 2018 жылы “MV 170″ және “MV 270” сұрыптары 174,7 және 186,7 сантиметрді құрады. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштен 12,9 және 13,2 сантиметрге артық. Ал былтыр біз бұл көрсеткішті тағы 12,7 және 19,2 сантимерге арттыра алдық. Бір атап өтерлігі, барлық өңдеуден кейін жүгері шығымдылығының артуына қол жеткізілді. Тәжірибелік алқаптардағы жүгерінің әр гектарынан 29,58 тоннаға дейін өнім алынды. Осылайша, гуминді тыңайтқыштың дақыл сапасын арттырып, тиімділігін молайтуға болатыны дәлелденді.
Былтыр жергілікті диқандар жүгері алқаптарынан жинаған өнімнің көлемін 2,6 есеге арттырып, Өзбекстанға 64,6 мың тонна экспорттаған болатын. Ал биыл гуминді тыңайтқыштарды қолданып, барлық технологияларды аяғына дейін сақтайтын болса, бұл көрсеткішті арттырары сөзсіз.
Азамат ҮСЕЙІНОВ,
Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы.