Облыс орталығындағы №32 орта мектепте үстел теннисінен қала біріншілігі өтті. Аталмыш сайыста 36 құрама команда, 100-ден астам үміткер жекелей және жалпыкомандалық есепте сынға түсті.
Қалалық балалар-жасөспірімдер клубы ұйымдастырған спорттық шара үш күнге созылды. Сайыстың қорытындысы бойынша №32 орта мектептің өкілдері жалпыкомандалық бірінші орынға лайық деп танылды. Ал қазақ мектеп-гимназиясы мен №1 лицей командалары екінші және үшінші орындарды еншіледі.
Жекелей сында ұлдар арасында Артем Фомин, Максим Солдатов, Андрей Гергачов, Азат Шәріпов және Андрей Омаш үздік атанса, қыздар арасында Елизавета Спесивцева, Мадина Сүлейменова, Дана Мақшаева, Дарья Пенькова, Наташа Тельникова, Рита Барабанчикова, Ирина Горелик жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтерілді.
Жарысқа қатысқан оқушыларыма келер болсам, олардың көрсеткен нәтижелері жаман емес. Біріншілікте Данияр Қаленов, Даниял Закариянов, Алдияр Сапарұлы және Әділхан Малдыбаев сынды шәкірттерім екінші орынға ие болды.
Жеңіс тұғырынан көріне білген бұл жасөспірімдер сабақтан тыс уақытта мектебімізде ашылған үйірмеде үстел теннисінің қыр-сырын меңгеруде. Бүгінде 15-20 шақты ұл мен қыз аптасына бес мәрте жаттығады.
Ерлан САЙРАН,
қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.