
“Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық тарихы жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Жұртшылық оны еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға ретінде қабылдауда. Шынында да, еліміздің бір ғасырлық шежіре-тарихын осы газеттің сарғайған беттерінен табатынымыз анық.
Бүгінгі күні өңіріміздің бас газетінің әр санын асыға күтетін айыртаулықтардың қарасы қалың. Себебі, бір ғасыр бұрын “Кедей сөзі” деген атпен шыға бастап, уақыт өте ұлттық басылымға айналған “Soltústіk Qazaqstan” газеті өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Қабырғасында қазақтың талай марғасқа қайраткерлері еңбек еткен, солардың қолтаңбасы қалған бұл қарашаңырақ – өткен жүз жылда атауын бірнеше рет өзгерткенімен, мақсат-мүддесінен айнымаған басылым.
Бүгінгі күні редакция ұжымы халық арасында өз қолтаңбасымен ерекшеленеді. Қоғамдағы оқиғалар мен халықтың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын өз оқырмандарына жеткізіп, ел шежіресін қағазға хаттаған басылымның беделі әрдайым биік. Қазіргі күні газет жұмысы заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық белесті жаңа жетістіктермен, толағай табыстармен қарсы алып отыр. Қызылжар өңірі “Soltústіk Qazaqstan”-ды ұлттық рухтың қарашаңырағы санайды. Осының өзі басылым беделінің, оның салмақты да салиқалы сөзінің бағасы биіктігін айғақтайды.
Газеттің мерейтойы – бұл ұлтымыздың тойы. Басылым алдағы уақытта да қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін.
Еліміздің баспасөзінің дамуына қосып келе жатқан үлестеріңіз бен мәртебелі еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Басылым ұжымына зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін!
Бейбіт ИСМАНОВ,
Айыртау ауданының әкімі.