«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЗІНЕН МЕЙІРІМ ТӨГІЛГЕН

Қиындықтары мен қуаныштары аралас бұл жалған өмірде са­бырлық сақтап жүретін, аузын ашса жүрегі көрінетін, маңа­йын­дағыларға мейірім-шуағын шашқан жандар көп емес. Бұл қа­тарға ұлағатты ұстаз, сыйлы әріптесіміз Ләззат Мазинаны қо­суға әбден болады. Біздің онымен таныстығымыз 2000-2012 жыл­дары Айбала Маженова басшылық жасаған облыстық мем­лекеттік тілді оқыту орталығында басталған еді.

Ләззат Нұргелдіқызы – Қараған­ды облысындағы Қарқаралы ау­данының тумасы. Жасынан дом­бырамен ән айтуға әуес болған ол Қарағанды қаласындағы мәдени ағарту училищесін тамамдаған соң ауылда бір жыл еңбек етеді. Қыз бала жат жұрттық деген ғой, со­дан кейін дәм тартып Петропавл қа­ласына келін болып түседі. Мұн­да М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің фило­ло­гия факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лімі мамандығын алып шығады. Жо­ғары білімді ұстаз Петропавл қаласындағы №40 орта мектепте тоғыз жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Тәжіри­бе­лі маман жиырма жылдан бері об­лыс орталығындағы “Өнер кол­лед­жі – музыкалық – эстетикалық бе­йіндегі дарынды балаларға ма­ман­дандырылған мектеп-интернат кешені” мемлекеттік мекеме­сінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып ке­леді. Жасынан өнерге жақын Ләз­зат өзінің осы білім ордасында қыз­мет етіп жатқанын үлкен мәртебе деп есептейді.
Мемлекеттік тілдің қолдану ая­сын кеңейтіп, мәртебесін көте­руді азаматтық парызы санаған Ләззат облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында келісімшарт негізін­де он жылдай еңбек етті, “Қазақ ті­лінің үздік ұстазы” конкурсының же­ңімпазы атанды. Тапсырылған істе табандылық танытып, сабырлы мі­незімен әріптестер арасында үл­кен беделге ие болды. Көп жылдар өнері мен білімін ұштастыра жүріп, ха­лыққа асабалық қызмет те көр­сетті. Қызылжар өңірінің тұрғын­дары қолдап, талай келіннің бетін ашып, қаншама тойда халықтың қошеметіне бөленді.
Өнегелі ғұмырында қаншама шә­кірттерді білімнің нәрімен су­сын­датып, бойларына ізгіліктің шуа­ғын дарыта білген Ләззат Нұр­гелдіқызы оқу ордасында шәкірт­терінің сүйіспеншілігіне, әріптесте­рінің құрметіне бөленіп, жаңа дә­уірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Ісімен үлгі­лі, қарапайымдылығымен құрметті атанып жүрген білікті басшының алға қойған мақсаты мен құрған жоспары ауыз толтырып айтар­лық­тай. Бүгінде оның шәкірттері түрлі дәрежедегі сайыстарға қатысып, тек биіктерден көрініп, қатарларының алды болып, топ жарып жүр.
– “Ұстаз болу – жүректің ба­тыр­лығы” демекші, білім саласында аян­бай еңбек етіп жүрген мұғалім­дер қай уақытта да, қай заманда да болмасын мақтауға лайықты. Ұстаздық – қастерлі де киелі ма­мандық. Мұғалім көп, ұстаз аз. Ұс­таздыққа келіп, ұлы мамандықты таңдау оңай дүние емес. Ұстаздық – өмір бойғы оқуды, ізденуді, та­залықты, мейірімділік пен талап қоя білуді қажет етеді. Мұғалімдік мамандық – адам бойына тек Жа­ра­тушы иеміздің қалауымен бері­луі қажет, – дейді Ләззат Нұргел­діқызы.
“Адамның бір қызығы – бала де­ген”, – деп ұлы Абай атамыз айт­қан­дай, әріптесіміз ұлы Жандосты өсіріп, үйлендіріп, немере сүйіп отыр. Екі жасар Айзересін өмірінің мәні мен сәніне балайды. Әріптесі­міз, құрбымыз, ақ жүректі Ләззат Нұргелдіқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отыра, оған зор денсаулық, отбасылық бақыт, ұзақ ғұмыр, шығармашы­лық табыстар тілейміз.

Гауһар ТЕМІРБАЕВА,
Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp