
Жедел ақпарат тарататын сайттар мен әлеуметтік желілердің саны күн сайын көбейгенімен, газеттің орны қай кезде де бөлек. Әсіресе, пандемия кезінде денсаулықты қорғаудың жолын қарастырған жұртшылық осы тақырыптағы тұшымды дүниелерді, дәрігерлердің пікірлерін газет арқылы оқыды. Газет журналистері онсыз да үрей құшағындағы халықтың үмітін сөндірмеуге, еңселерінің тіктеліп, көңілдерінің көтерілуіне көп жәрдемші болды. Сондықтан да өз басым газеттің әрбір парағын, оның сапалы шығуына атсалысып жүрген әрбір қызметкерді құрметтеймін.
Бала кезімде жергілікті басылымдардың барлығы дерлік үйіміздің төргі бөлмесіндегі үстелдің үстінде қаз-қатар тізіліп тұратын. Әкем әлденеден күмәнданса әлгі газеттерді ақтарып отырып, нақты дерекке көз жеткізетін еді. Анам да, әкем де – бар саналы ғұмырларын газетпен байланыстарған адамдар. Әкем Мәди Хасенов көзі тірісінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды, “Коммунизм нұры”, “Тың өлкесі”, “Арқа ажары” газеттерінде қызмет етті. Оның қаламынан туған “Тұлпардың дүбірі”, “Қайсар”, “Тайталас”, “Нар тәуекел” шығармалары оқырман қауым іздеп жүріп оқитын туындылар еді.
Газетке қай кезде де жанашырлықпен қарау марқұм әкемнің аманаты болатын. Қазір қызметтегі адамбыз. Ұжымымды облыс тұрғындарының сүйікті басылымы – “ Soltústik Qazaqstan” газетін оқуға шақырып отырамын. Жуырда газет ұжымының арнайы челлендж ұйымдастырып, оған елжанды азаматтардың үн қосып жатқанын естідім. Біздің кәсіпорын ардақты басылымға 100 мың теңгеге жазылғанын сүйіншілей айтқым келеді. Және кәсіпорынның осы игі ісін әрі қарай жалғастыру үшін челленджді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Мұқышеваға жолдаймын.
Алмас ХАСЕНОВ,
“Нұра топтық су құбыры” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы директорының орынбасары.