«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІ

Соңғы уақытта өңіріміз бойынша мемлекет меншігіне жалпы аумағы 67 мың гектарды құрайтын 58 жер телімі қайтарылыпты. Ал екі жылдай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 31 мың гектар жер басқа диқандарға беріліп, бүгінде егіні жайқалған алқапқа айналды.

Облыстық прокуратура үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында атқарған жұмысын қорытындылады. Облыс прокурорының көмекшісі, экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ерлан Нұрышкиннің айтуынша, 388123 тұлғаның заңды құқығы мен мүддесі қорғалыпты. Мәселен, 45 кәсіпорын 6163 жұмысшысына еңбекақы бойынша 510,8 млн. теңге қарызын қайтарды. Үйлестіру жұмыстарының арқасында 95 мың тұрғыны бар 57 елді мекенде су басу қаупінің алдын алу шаралары жүзеге асырылған. Облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге төленетін қолданыстағы тариф 230-дан 220 теңгеге дейін төмендетілген. Жалпы қадағалау жұмысының арқасында 350 мыңнан астам адамның құқығы қорғалыпты.
Облыс прокурорлары кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау аясында зорлық белгілері бар құқық бұзушылықтардың 14,3 пайызға төмендегенін айтты. Балалар суициді мен бейәдеп бейнежазбаларды насихаттаған 68 әлеуметтік желідегі парақшаларға мониторинг жүргізіліп, 58-і бұғатталған. Бұл топтарға 24 мыңнан астам жасөспірім тіркелген екен.
Инклюзивтік білім беру саласын тексерген кезде мүгедек балалардың құқығын сақтауға қатысты 50 заң бұзушылық анықталған. Өңірлік инклюзивтік білім беруді дамыту бағдарламасын әзірлеудің нәтижесінде үш мың мұғалімге 18 млн. теңге көлемінде қосымша ақы төленген.
Қылмыстық қудалауды заңдық қадағалау басқармасының бастығы Самат Төлегенов атап өткендей, өткен жылы жалпы қылмыс саны 4,9 пайызға төмендегенімен, кісі өлтіру, денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру, алаяқтық, бұзақылық, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстардың саны артқан. Осы орайда облыстың құқық қорғау және уәкілетті органдары қылмыстың алдын алу бағытында тындырымды істер атқаруда. Облыстық прокуратураның бастамасымен өткен жылдан бері жергілікті билік жұмыссыздарды және полиция органдарында алдын алу есебінде тұрғандарды жұмысқа алу бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерімен меморандумға қол қоятын болды. Патрульдік жасақтардың санын көбейтіп, олардың жүру бағыттарын өзгерткеннен бері бірқатар көңіл көтеру орындарындағы криминогендік жағдайдың жақсарғаны байқалады. Жүргізілген кешенді іс-шаралардың арқасында үстіміздегі жылы ауыр қылмыс түрлері анағұрлым төмендеген. Қазіргі таңда мал ұрлығына тосқауыл қоюға қатысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp