Қызылжар аудандық жастар бастамалары орталығы өңіріміздегі үздік өрендерді анықтап, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған “Самұрық – 2018” конкурсында “Үздік жастар ұйымы” аталымын жеңіп алды. Бұл марапатқа өткен жылы атқарған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қол жеткіздік.
Қызылжар ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 8661 адам. Бұл жергілікті тұрғындардың жалпы санының 19 пайызын құрайды. Қызылжар жастар бастамалары орталығынан басқа “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының “Жас Отан” жастар қанаты, “Қызылжардың жаңа толқыны” сияқты жастар қоғамдық бірлестіктері және жергілікті 39 мектепте “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымдары жұмыс істей ді.
Жыл сайын жергілікті жастар үшін әлеуметтік маңызы зор “Қызылжар аруы”, “Қызылжар шағын футбол лигасы”, “Қызылжар WORKOUT” аудан жастарының форумы сияқты жобалар дәстүрлі түрде жүзеге асырылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында Мағжан Жұмабаевтың – 125, Астананың 20 жылдық мерейтойларына орай орталық мамандары үш мыңға жуық адам қатысқан жетпістей іс-шара ұйымдастырды.
9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында орталықтың және Тимуршылар жасақтарының жастары “Ардагерлерді ардақтайық” атты акция аясында аға буын өкілдеріне қолғабыс етуді назарларында ұстайды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер күніне орай жыл сайын аудандағы үздік жас мамандар марапатталып, патриоттар форумы ұйымдастырылып келеді. “Таза жағалау”, “Темекіні тәттіге ауыстырамыз”, “Жастар есірткіге қарсы”, “Саябақтар шеруі”, “Таза орман, таза жағалау” акциялары да белсенді түрде өткізіледі. Ал “Адал жол” акциясының аясында биыл жергілікті жастар “Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын” атты флешмоб әзірледі.
Өткен жыл жергілікті жас спортшылар үшін де айтарлықтай табысты болды. Агротехникалық колледждің студенттері Азия чемпионатынан, республикалық және облыстық спорт додаларынан, Астана кубогынан, аудандық және облыстық спартакиадалардан жүлделі оралды. Латвиядағы Даугавпилс қаласында гір көтеру спортынан әлем біріншілігі өтіп, оған 35 елден барған 400-ден аса спортшы қатысқан болатын. Соның ішінде Бескөл орта мектеп-гимназиясының түлегі Руслан Ерденов жастар арасында гір көтеруден қола жүлдені қанжығасына байлады. Ал Румынияда өткен чемпионатта грек-рим күресінен Аманғали Бекболатов күміс жүлдені иеленді. Индонезияның Джакарта қаласында өткен XVIII жазғы Азия ойындары да біз үшін табысты болды. Онда жерлесіміз Алексей Луценко қос алтынға ие болды.
Орталығымыз былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында үш жобаны іске асырды. Соның ішінде Куйбышев ауылдық округіндегі тракторшылар арасында өткен “Ең үздік мамандық” атты байқауды атап өтуге болады. Оған ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар қатысып, шеберліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, Бескөл орта мектеп-гимназиясының арнайы алаңында “Street Workout”-тен екінші облыстық жарыс өтті. Аудан әкімі кубогын сарапқа салған көңілді тапқырлар клубының ойыны өтіп, оған өзге аудандар дың әзілқой өрендері шақырылды.
Аудандағы жастар мәселелері бойынша кеңес өрендерді еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстармен айналысады. Мәселен, өткен жылы кеңеске жұмыссыздық мәселесімен жүгінген 48 жастың 31-і екі қолға бір күрек тапты. Өткен жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясында білім беру, спорт және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында еңбек ететін 33 маманға баспана алу үшін 115 458 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал қолдауға ие болған 40 маманның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларының қызметкерлері бар. Қараша айында арнайы орта және жоғары оқу орындарын тамамдаған 18 түлек “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы арқылы аудандағы мекемелер мен ұйымдарға жұмысқа жіберілді. “Жасыл ел” мемлекеттік жобасы бойынша былтыр Соколов және Қызылжар мемлекеттік орман шаруашылықтарына 80 адам жұмысқа орналасты. Еңбек жасағы маусымының қорытындысы бойынша орталығымыз “Үздік серіктес” аталымын жеңіп алса, “Үздік жұмыс беруші” аталымына Қызылжар орман шаруашылығы және “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі ие болды.
Гүлия САЛТЫҚОВА,
Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.