Бизнес-ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай қалыптастыруға болады? Сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалған? Мемлекеттік органдар қызметінде қандай жемқорлық қатерлер басым?
Осы және тағы басқа өзекті мәселелер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің қатысуымен облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен аймақтық кеңестің кезекті отырысында әңгіме арқауына айналды.
Жемқорлықтың мысы басым ортада бизнестің дамуы екіталай екендігі баршаға мәлім. Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың сатылы жүзеге асырылуы нәтижесінде жемқорлықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық құжаттардың талаптары күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін бұдан былай заңды тұлғалар да жауапқа тартылатын болады. Ал лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақы берген заңды тұлғаларға қарастырылған айыппұлдардың мөлшері 1500 АЕК-ке дейін өсті.
– Кәсіпкерлік қызметте сыбайластықтың кең тарағандығын ескерсек, бизнес-ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – күрделі үрдіс, дегенмен, оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Қызметкерлер арасында жемқорлыққа деген “нөлдік төзімділікті” тәрбиелеу үшін басшылар өздері үлгі болулары тиіс, – деді Нұрлан Жахин.
Өз мүддесін іске асыруда компания ресурстарын пайдаланған қызметшінің әрекетін жемқорлыққа балауға бола ма деген мәселелер де туындады. Өйткені, мұндай жағдай лауазымын асыра пайдалану болып табылады. Сондықтан бизнес-ортада жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін кәсіпорындар кадрлық құрамды жақсартулары, олардың адамгершілігі мен сана-сезімін арттыру жөніндегі жұмысты жүйелі түрде жүргізулері тиіс.
Кездесу соңында жер қатынастары, құрылыс және өзге де салаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл уәкілетті органының жұмысына қатысты бизнес субъектілері тарапынан туындаған мәселелер талқыланды.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
департаментінің баспасөз хатшысы.