Фейсбуктағы парақшамды ақтарып отырып, Павлодар қаласында тұратын бойжеткеннің жуырда жергілікті ауруханалардың бірінде әлеуметтік желіге тәуелділік бойынша емделіп шыққаны туралы оқып, не сенерімді, не сенбесімді білмедім. “Бәленің барлығы кезекті бір жұмыс күнінде телефонымды сындырып алғаннан басталды. Табан астында телефон сатып алайын десем, жалақыға дейін талай күн бар. Апталап әлеуметтік желіге кіре алмай, басым ауырып, мазам әбден қашты. Айналдырған бір телефонды сатып алуға ақшамның жоқтығын ойлап, қажып кеттім. Осылайша, дәріні мөлшерінен көп қабылдап, көзімді ашқанда ақхалаттылардың маған төніп тұрғанын көрдім”, – деп жазыпты ол.
Осыдан бір ай бұрын үйіндегі интернетті ағытып тастаған ескі танысымнан осы үшін бесінші сыныпта оқитын ұлының сабаққа бес күн бармай, дәм татпай әбден әбігерге салғанын естіп, жағамды ұстағаным тағы бар. Бұл оқиға әлеуметтік желілердің бесіктен белі шықпаған баладан еңкейген қарияға дейінгі буынды өзіне желімдеп алатындай күшке ие болғанын аңғартқандай. Тіпті, отандық ғалымдардың соңғы зерттеулері бойынша әлеуметтік желіге деген құштарлық спирттік ішімдік пен темекіге деген әуестіктен де асып түскен көрінеді. Мәссаған! Желілердің қиын кездерде демеу, қуанышты сәттерде қолдау көрсетуге ең ыңғайлы орын болып отырғанын мойындамасқа шара жоқ. Үй тұрмысына, денсаулыққа байланысты кеңес алғымыз келсе, жамағайынымыз өмірден озса, танысымыздың үйіне сәби келсе, бірден желіге кенедей жармасып, ішкі сезімдерімізбен бөлісетініміз де ай туғандай ақиқат. Сонымен бірге, әсіресе, жастардың әлі пісіп жетілмеген идеяларын, жеке шығармашылықтарын желі арқылы көпке жария етіп, танымал болуларына телегей мүмкіндік беріп отырған да осы орын. Өкініштісі сол, әлеуметтік желілердің адамның психикасына, өміріне тигізетін зардабын іштей сезсек те оны мойындамаймыз.
Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, елімізде соңғы он жыл ішінде жастар арасында мазасыздық пен депрессия жетпіс пайызға өскен. Бүгінде әлеуметтік желіге тәуелділік әлеуметсіздендірудің жолы емес пе деген сауал әлем ғалымдарын ғана емес, отандық зерттеушілерді де толғандырған мәселеге айналып отыр. Психолог-дәрігерлер Фейсбук, Инстаграм, Твиттер сияқты желілерде екі сағаттан артық уақыт өткізетін жастардың санасында психологиялық ауытқушылық болатынын айтады. Сондықтан да желілердің денсаулыққа кері әсер ететінін әрбір адамның ескергені жөн.
– Жеткіншектер арасында бас ауруы, ұйқысыздық, ашушаңдық және күйзеліс сияқты дерттердің саны жиі орын алуда. Осы саладағы көптеген зерттеулер ұйықтар алдында әлеуметтік желіні пайдаланудың күндізгі уақытқа қарағанда әлдеқайда зиянды болатынын көрсетеді. Экрандағы диодты лампаның жарығы (телефон, ноутбук, планшет) мидағы табиғи ұйқы процесі мен мелатонин ұйқы гормонының бөлінуін тежейді. Жуырда қабылдауыма жасы он алтыдағы жеткіншек келді. Басы мен көзінің жиі ауыратынын айтып, шағымданды. Тексере келе баланың түнде әлсін-әлсін оянып, әлеуметтік желідегі жаңа хаттарды бірнеше рет қарап шығатыны белгілі болды. Бұл ұйқы безі жұмысының бұзылғанын көрсетеді, – дейді психолог Ғалия Меңдебекова.
Ал ұйқы қанбаудың соңы қан қысымына, диабетке, семіздікке, жүрек-қан тамырлары ауруына, депрессияға ұласатыны әмбеге аян. Облыстық аурухана дәрігер-лерінің айтуынша, аталмыш дерттерге шалдыққандардың қатары өткен жылдармен салыстырғанда биыл көбейген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, оған, негізінен, желілердің зияны әсер етіп отыр. Өйтпегенде қайтсін?! Екінің бірі, жас та, жасамыс та қолдарынан телефондарын тастамай, қайда жүрсе де, дастарқан басында, қоғамдық көлікте, сабақ үстінде, кеңседе болсын смартфондағы виртуалды әлемге үңіліп отырса, “Онсыз жұқа жүйкені күлдіретті” деп жырлаған ақынның ашынуының себебі де осы желі сияқты көрінеді маған. Керемет кештердің белортасында жүріп, думанға, қызыққа толы өмірін өзгелерге көрсетпесе тұра алмайтын күйге жеткендерді күнделікті өмірде байқап та, көріп те жүрміз. Осындай істеріне масаттанып, мақтанып отыратындар да жетіп артылады. Өзім де Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерін қолданамын. Күн сайын ондағы жаңалықтармен, ақпараттармен танысып, өмірімдегі жарқын сәттермен бөлісіп отыратынымды да жасырмаймын. Баяғыда бір ағамыз: “Ақыры бас жарылды, енді аянатын ештеңе жоқ” дегендей, бұл желіге деген тәуелділік емес. Оны пайдаланатын достарымның, таныстарымның менімен арадағы байланысты үзбесе деген ниет қана. Сонымен қатар қоғамда қызу талқыға салынып жатқан бірқатар өзекті мәселелер туралы көзқарасымды білдіруді де әдетке айналдырғанмын. Ондағы бар ойым – әрбір адамның, әсіресе, өрімдей жастардың ойларының, көзқарастарының дұрысталуына ықпал ету. Ақты – ақ, қараны қара деп тануларына үлес қосу.
Бейресми деректер бойынша, Инстаграм желісіне күн сайын 20 миллионнан астам фото жүктелетін көрінеді. Психолог-мамандардың сөзінше, әртүрлі өңдеуден өткен мінсіз суреттер психикасы әлсіз адамға әсер етіп, олар өз келбеттерінің кемшін тұсынан қарадай қысыла бастайды екен. Желіге жүктелген бейнежазбалар мен суреттер автордың ғана емес, оған тіркелген, көрген адамдардың да көңіл күйіне әсер етпей қоймайды. Өзіңе мүлдем қатысы жоқ бейтаныс адамдардың өміріне, денсаулығына алаңдай бастайсың. Мұның соңы кейде суицидке де итермелеуі ғажап емес. Адамның өзін бақытсыз сезінуі мен ұйқы қанбауы осы әлеуметтік желіге тікелей байланысты екенін көрсетеді. Бұл – өз кезегінде еңбек қабілеті мен ынтаның төмендеуіне әсер ететін негізгі себеп. Осы орайда баласының желіге байланып қалуы ата-аналарды да ойлантпай қоймайды. Ғаламторға, желіге тәуелді перзенттерінің жағдайына алаңдаған әке мен шешенің әңгімесін қоғамдық көліктерде де жиі еститін болып жүрміз. Психолог Ғалия Меңдебекова “менің ұлым мен қызыма телефонның, желінің зияны туралы айтып беріңізші” деген өтінішпен келетін шарасыз аналардың да жиі кездесетінін бүгіп қалмады.
– Менің төрт балам бар. Бір күні үлкен ұлым үйге ғаламтор орнатуды өтінді. Сабаққа дайындалуға қажет деген оймен баламның бетінен қақпай, өтінішін орындадым. Алайда, ұлымның сабағы жақсарудың орнына, нашарлай түсті. Сөйтсем, ол әртүрлі желіге тіркеліп, оның шырмауынан шыға алмай жүр екен. Оның зиянын түсіндірсем де, еш нәтиже шықпады. Содан ғаламторды түбегейлі өшіріп тастауды ойладым. Қазіргі жастар шыдамсыз ғой. Ұлым онда ҰБТ-ға дайындалудан бас тартамын деп қорқытты, – дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Әтір Сағадат.
Желінің жағымсыз әсері тізе берсек, таусылмайды. Олардың ана тіліміздің де көсегесінің көгеруіне теріс ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмас. Бізді бүгінде қазақ тілінің интернет кеңістікте кеңінен қолданылып, бұрынғыдай емес қоғамдық ой-пікірді жеткізудің үлкен құралына айналғаны қуантады, әрине. Бірақ тіліміз желілерде қалай қолданылып жүр деген сұраққа көбіміз тілімізді тістеп, күмілжіп қалатынымыз рас. Қыңыр-қисық пікірлерімен, тілімізде дәйектелген тұрақты сөз тіркестерін бұзып жазып жүргендер де жетерлік. Тағы бір айтпағымыз, қазір өзіңізге көзқарасы, ниеті өзгеріп жүрген “дұшпаныңызбен” ұрсысып әуре болмайсыз. Адамның жанын жеңіл жаралай салуға бейім қару да осы желі. Желіден желдей есетін бейәдеп сөздер, өсек-аяң, ғайбат – осылардың бәрі адамдар арасындағы, отбасындағы мейірімділік, қайырымдылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, сабыр сақтау, кішіпейілділік сияқты көркем қасиеттердің арқауын үзіп жатқандай көрінеді.
Қалай десек те, виртуалды әлемнен алшақ өмір сүру мүмкін емес. Өйткені, олар біздің өмірімізге дендеп еніп кетті. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген жырау, ақын Мұрат Мөңкеұлы бір өлеңінде: “Мен қауіп еткеннен айтамын”, – депті. Біз де …
Арман САБЫРБЕКОВ,
блогер:
– Мен маман ретінде адамдардың әлеуметтік желіні қолдану мақсаттарын үшке бөліп қарастырар едім. Бірінші тобы – желіні байланыс құралы ретінде пайдаланатындар. Олар маркетингтік, сараптамалық, зерттеулік немесе жай ғана достаныстармен хат-хабар алмасу үшін қолданады. Әлеуметтік желінің басты функцияларының бірі де осы ғой. Екіншіден, ақпаратты алу, бөлісу, тарату, жарнама жасау, құлақтандыру, хабарландыру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірталас жүргізу тұрғысын көздейтіндер бар. Әлеуметтік желіні қолданушылар саны көбейген сайын мұның да маңызы артып келе жатыр. Өйткені, желілер түрлі мақсаттағы ақпараттарды қоғамға тез жеткізудің тиімді жолына айналған. Бұларға пайдалы да, арандату мақсатындағы ақпарат та жатады. Менің ойымша, желінің зиянды жағын сөз еткенде біз осы тұсын баса айтуымыз керек. Яғни, қадағаланбаса әлеуметтік желілер түрлі мақсаттарда үлкен қару болғалы тұр. Үшінші тобына ішкі қажеттілігін қанағаттандыруды ойлайтын адамдар жатады. Олар өздерін қоғамнан алшақ ұстағысы келеді. Бұл – психологиялық дерт. Өзімді осы үш топтың алғашқысына жатқызар едім. Барлық адам желіні осы мақсатта қолданса, адаспасы анық.
Сұлушаш АЙБАТЫРОВА,
оқытушы:
– Желінің пайдалы және пайдасыз тұстарын құрғақ сөзбен баяндау аздық етеді. Ол үшін оқытушылар қауымы көрнекі құралдарын пайдалана отырып, мәселенің өзектілігін өмір шындығымен байланыстыра білуі шарт. Баланың болашағына жарқын бағдар бере алмайтын әлеуметтік желілерге әуестіктің жолын шығармашылыққа, спортқа баулу арқылы кесе аламыз. Ол үшін ұстаз ғана емес, әрбір ата-ана атсалысуы керек. Ақпараттар ағыны қатты қазіргі заманда әлеуметтік желілерден қашып құтылмасымыз анық. Әлеуметтік медиа кеңістіктен тыс өмір сүру де мүмкін емес. Бастысы, желілердің пайдалы жақтарын ала білу қажет. Менің қызым Жапонияның Нара қаласындағы университетте оқыды. Ол жақта жастардың ғаламторды пайдалану уақыты заңмен шектелген. Желіні бір сағаттан артық қолданған оқушы немесе студент қоғамдық жұмыстарға тартылады. Айыппұл төлеу жағы да қарастырылған. Бұл жастардың ғылыммен, біліммен шұғылдануына жол ашпай ма? Біздің елімізде де осындай шектеулер жүзеге асырылса, желінің зиянынан гөрі пайдасын көбірек көретін жастардың қатары қалыңдай түсер, бәлкім.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.