«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮКТІ ӘЙЕЛГЕ — ЕРЕКШЕ КҮТІМ

Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әр­бір ананың парызы. Сондықтан әйел адам жүктілік кезінде сақтық шараларын есте ұс­тауы қажет. Әсіресе, вирустық инфекция мен тұмаудан қорғану маңызды. Отбасы мүшеле­рі­нің бірі сырқаттанса, бетперде киіп жүруге кеңес береміз. Бетпердені әр 2 сағат сайын ауыстыру керек. Қолды сабынмен жиі жуып, мұрынды тұзды сумен шаю қажет. Оксолин жақ­пасын қолданып, мұрынға интерферон ері­тіндісін, зәйтүн майын тамызу да артық ет­пейді. 

Адамдар көп шоғырланған жерлерде жү­ру ауру жұқтыру қаупін арттырады. Сондықтан ондай жерлерге бармаған жөн. Егер жүктілік кезінде сырқат белгілері пайда болса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Екіқабат келіншектерде сырқат мұрынның бітелуімен басталады. Бұл жүктілік кезінде ағзадағы гормональды қайта құрумен және мұрынның шырышты тамырларындағы іркіліс құбылыс­тар­мен байланысты. Жүкті әйелдердің тамағы ауырса, шөп тұнбасы, ас содасы қосылған жы­лы су ерітіндісімен, тұзбен шаю көмектеседі. Компот, таңқурай, қарақат сусындары, бал, ли­мон, түймедақ қосылған ыстық шай да пайда­лы. Әсіресе, тауық сорпасының шипасы мол, оған жа­сыл пияз қосуға болады. Үйді таза ұстап, бөл­мені күніне 3-4 рет желдеткен жөн. Аяқты бу­лау­ға, қыша, банка қоюға, дәрігердің тағайын­дауынсыз антибиотиктерді қабылдауға бол­май­ды. Дәрігердің ұсынысымен төсек режімін қатаң сақтау керек. Дәрумендері бар тағамдарды пайда­ланған жөн. Инфекция жүктіліктің бірінші үш айында жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Дәрігердің көмегіне жүгінген кезде бетпердені шешпеу керек, себебі жүктілік кезінде ананың иммунитеті әлсірейді. Тұмау­дың алдын алу үшін екпе қойдырудың маңызы зор. Емдеу шараларын ерте қолға алу қажет. Бірақ ауру асқынса, ауруханаға жатып ем қа­былдау дұрыс шешім болып табылады. Егер сыр­қат дер кезінде маманның көмегіне жүгін­бесе, ауру пневмонияға ұласып, ерте босану қаупі туады. Кейде түсік тастайды. Бірінші триместрде туабітті аурулардың қалыптасу тәуекелі жоғары. Сондықтан ана құрсағын­дағы сәбиін аман-есен дүниеге әкелуі үшін суық тиюден қорғану шараларын қатаң сақ­тауы тиіс. Баланың бақыты мен денсаулығы ананың қолында екенін ұмытпаған абзал.


Жәния ӘБІШЕВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp