Инфрақұрылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі “Нұрлы жол“ мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республикалық маңыздағы 11 мың шақырым автомобиль жолы ақылы болады. 2021 жылдың маусым айында “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” АҚ республикалық маңызы бар жолдардың 18 учаскесі бойынша 5800 шақырым жолға ақылы жүйені енгізуді жоспарлап отыр.
Өңірде “Нұр-Сұлтан – Петропавл“ бағытындағы (Ақмола облысы шекарасынан Бескөл ауылына дейін) 132 километр автомобиль жолы ақылы болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысқан қоғамдық тыңдау барысында айтылды.
– “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының ауқымды жоспары бойынша автомобиль жолдарын ақылы жүйеге көшіру мақсатында біздің өңірде де бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Нұр-Сұлтан – Петропавл бағытындағы автомобиль жолы тек жүк көліктері үшін ғана ақылы болатынын айтып өткен жөн. Ақылы жүйенің көптеген жақсы тұстары бар. Жолды күтіп-ұстау, қыста тазалау мәселесі көп жағдайда қаржыға тіреледі. Қаржы осы мақсаттарға жұмсалады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.
Отырыста “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қуаныш Ескендіров бұл жаңашылдыққа егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан – Петропавл бағытындағы жолдың бөлігі II техникалық санатқа жатады, сондықтан төлем тек жүк көлігі үшін ғана ақылы болады. Учаскеде көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешен Драгомировка, Астраханка, Бескөл ауылдарының жанында орнатылады. Жүйе ашық типте болады. Яғни, қозғалысқа ешқандай кедергі келтірілмейді.
– Қазір жүйе сынақтан өтуде. Оны іске қосу үстіміздегі жылдың маусым айына жоспарланған. Бейнебақылау камералары арқылы көліктің мемлекеттік нөмірлері айқындалады. Ақылы учаскелер бойынша төлемақы мөлшерін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітуде. Бұл ретте тәжірибедегі ақылы учаскелердің (Нұр-Сұлтан – Щучинск, Алматы – Қорғас және т.б. жолдар) төлемақысы негізге алынды. Төлем жасаудың 20-дан астам тәсілі қарастырылған. Екінші деңгейдегі банктер (Каспий, Хоумбанк пен т.б. интернет-банкингтерді қоса алғанда), төлем терминалдары (Qiwi, woopay), сондай-ақ Кселл, Актив, Билайн сынды ұялы байланыс операторларына хабарлама жіберу арқылы төлеуге болады, – дей келе, Қуаныш Ескендіров жол пайдаланушылар тарифтер мен ресми расталған берешектер туралы ақпарат алу үшін тұтынушылармен жұмыс істейтін орталық ашу жоспарланғанын айтты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.