«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 ЖҮЛДЕГЕРЛЕРМЕН ЖҮЗДЕСУ

Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов республикалық командалық айтыста жүлделі орын иеленген өңір командасымен кездесіп, елеулі жеңісімен құттықтады. С. Мұқанов атындағы об­лыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен ша­раға мәдениет саласының ардагерлері, аға буын өкілдері мен айтыс ақындары қатысты.

– Мегажобада солтүстікқазақстандықтар жүлделі үшінші орын иеленіп, ел мерейін асырды. Біржан Есжан «Үздік дәстүрлі әнші» аталымында жеңімпаз атанды. Ал академик-жазушы Сә­бит Мұқановқа арналған айтыста бас жүлде алған Жарқын Жұ­пархан облыс намысын «Алтын домбыра» айтысында қорғайды. Өңірде ұлттық өнерді дамыту бойынша жүйелі жұмыс күтіп тұр. Біз қашанда өнер адамдарын қолдауға әзірміз, – деді Жүсіп Ра­хатұлы.

Кездесуде ортақ жеңіске үлес қосқан команда мүшелеріне об­лыс әкімінің Алғыс хатты табысталды. Облыстың құрметті азама­ты Тілек Әбдірахманов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, ақын-сазгер Дәстен Баймұқанов, команда жетекшісі Қайырлы Ғафуров, дәстүрлі әнші Біржан Есжан сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

«Ақындарымыз кестелі жырымен елін қуантты. Әншіміз атақ­ты Ақан сері, Біржан салдың ізбасары екенін дәлелдеді. Күйшімізге де елдің ықыласы ерекше болды. Алайда өңірімізде жыршылық өнердің кенже қалып отырғанын байқап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеу керек. Өңір­де бұған тұтқа бола алатын азаматтар барына осы шарада куә бол­дық», – деді Дәстен Абылайұлы.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan»

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp