Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов республикалық командалық айтыста жүлделі орын иеленген өңір командасымен кездесіп, елеулі жеңісімен құттықтады. С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен шараға мәдениет саласының ардагерлері, аға буын өкілдері мен айтыс ақындары қатысты.
– Мегажобада солтүстікқазақстандықтар жүлделі үшінші орын иеленіп, ел мерейін асырды. Біржан Есжан «Үздік дәстүрлі әнші» аталымында жеңімпаз атанды. Ал академик-жазушы Сәбит Мұқановқа арналған айтыста бас жүлде алған Жарқын Жұпархан облыс намысын «Алтын домбыра» айтысында қорғайды. Өңірде ұлттық өнерді дамыту бойынша жүйелі жұмыс күтіп тұр. Біз қашанда өнер адамдарын қолдауға әзірміз, – деді Жүсіп Рахатұлы.
Кездесуде ортақ жеңіске үлес қосқан команда мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хатты табысталды. Облыстың құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, ақын-сазгер Дәстен Баймұқанов, команда жетекшісі Қайырлы Ғафуров, дәстүрлі әнші Біржан Есжан сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
«Ақындарымыз кестелі жырымен елін қуантты. Әншіміз атақты Ақан сері, Біржан салдың ізбасары екенін дәлелдеді. Күйшімізге де елдің ықыласы ерекше болды. Алайда өңірімізде жыршылық өнердің кенже қалып отырғанын байқап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеу керек. Өңірде бұған тұтқа бола алатын азаматтар барына осы шарада куә болдық», – деді Дәстен Абылайұлы.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan»