«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Солтүстікқазақстандық гір көтерушілер Латвияның Даугавпилс қаласында өткен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, жүлделі оралды. Бәсекелі сайысқа әлемнің 40 елінен 400-ден астам спортшы қатысты.

Жарыс барысында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Михаил Вологодский (73 кг.) әлем чемпионы атанды. Ол 32 килограмдық гір тасын 10 минуттың ішінде 72 рет көтеріп, Ресей мен Украина спортшыларын артта қалдырған. Әуесқойлар арасында жолы болған Александр Усенов (85 кг.) те әлем чемпионы атанды. Тағы бір жерлесіміз Олег Окс (63 кг.) күміс медальға қол жеткізді. Василий Слепых (95 кг.) өз салмағында екінші болса, тағы бір жерлесіміз Александр Марчук үшінші орынға табан тіреді.

Артём Головин (73 кг.) мен Руслан Ерденов (78 кг.) қос сайыс қорытындысында үздік үштікті түйіндеді. Қыздар арасында Мария Наумова (58 кг.) және бұл салмақтағы тағы бір қызымыз Елена Костенко күміс медальға ие болды.

Енді жерлестеріміз үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Өскемен қаласында өтетін Қазақстан кубогына дайындалады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Балуандар ерледі

 

Жуырда Ақтау қаласының 55 жылдығына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін VI халық спорты ойындары өткен болатын. Сайысқа еліміздің барлық өңірлерінен 17 команда, 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Төрт жылда бір рет өтетін дода спорттық сайыстардың 13 түрі бойынша өтті.

Төрт күнге созылған жарыс барысында петропавлдық “Қызылжар арландары” кәсіпқой клубының балуандары сәтті өнер көрсетіп 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальға ие болды. Атап айтқанда, Мейіржан Мерекетов (60 кг.), Мұхит Тұрсынов (100 кг.) және Назгүл Маратова (78 кг.) алтыннан алқа тағынса, Қуаныш Ысқақов (66 кг.) – күміс, ал Батырхан Қайырбек (74 кг.) қола медальға қол жеткізді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

 

Тең ойын

 

Еліміздің 6 қаласында футболдан Премьер-лига ойындарының 30-шы туры өтті. Бұл кезеңде жергілікті “Қызылжар” командасы өз алаңында талдықорғандық “Жетісуды” қабылдады. Тартысты кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Бұл кездесуде қонақтар белсенділік танытып, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірінші таймның соңғы минутында талдықорғандықтар есеп ашқан. Екінші таймды қарқынды бастаған қызылжарлықтардың жасыл алаңда төккен тері 66 минутта ақталды. Урош Делич қарсыластың қақпасына гол соғып, таразы басын теңестірді.

Бұл кездесуден соң жергілікті команда турнир кестесінде 9-шы орынға түсті. Әзірге құраманың қоржынында 32 ұпай бар. “Қызылжар” командасы 31 қазан күні өз алаңында алматылық “Қайратты” қабылдайды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp