М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейтін «Су ғылыми-технологиялық орталығы» Қытайда өткен инновациялар байқауында «Декарбонизация және ағынды суларды тазартудың өзін-өзі қамтамасыз ететін технологиясы» атты жаңа жобаны таныстырып, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Байқауды Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Қытайдағы технологиялар трансфер орталығы мен «Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы» ұйымдастырды. Қазылар алқасына 10 елдің өкілдері өз жобаларын ұсынды.
Университет жанындағы ғылыми- технологиялық орталықтың жаңа жобасы сарқынды суларды микробалдыр – Chlorella vulgaris SKO A RKM-0870 штаммының көмегімен биологиялық оңалтуға негізделген. Бұл штамм Қазақстанда және Еуразиялық деңгейде патенттелген.
Аталған технология Петропавл, Қостанай және Шымкент қалаларындағы жинақтаушы тоғандарда сынақтан өткізу арқылы өз тиімділігін дәлелдеген. Қазір орталық ғалымдары зерттеулерін одан әрі жалғастырып, жаңа жобалар әзірлеуде.
Жансая ДЕРБИСОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.