Дәрігерлердің міндеті ешқашан жеңіл болмаған. Індетпен күресте де сала мамандары өз басын қауіп-қатерге тігіп, алдыңғы шептен табылды. Елдің амандығы, халықтың денсаулығы үшін еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген ақ халаттылардың қатарында жас мамандар да жетерлік.
“Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің” деп халық бекер айтпаса керек. Пенде болған соң басың ауырып, балтырың сыздамай тұрмайды. Жанымыз мұрнымыздың ұшына келіп қиналғанда, сол бір азаптан құтқаратын жан іздейтініміз жасырын емес. Ал науқастың жанына араша болып, ем-дом жасауға асығатын маман – дәрігер.
Иә, мен де дәрігер болу оңай еместігін о бастан білгенмін. Бұл мамандық жайында осы саланың білікті қызметкерлері үнемі: “Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек”, – дейді. Менің ойымша, дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог та бола білу керек. Ең бастысы, мамандықты сүю ләзім. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпау қажет. Осы қиыншылықтарды ескере отырып, өз басым мектеп қабырғасында жүргенде болашақта денсаулық сақтау саласында еңбек етемін деп шештім. Шеберлігімді үздіксіз шыңдап, әр науқастың дертіне дауа бола білсем деп армандайтынмын. Осылайша 2006 жылы туған жерім – Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны төрт жылдан соң тамамдадым. Кейін бір жыл бойы Қарағанды қаласындағы жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып еңбек еттім. Әрине, мықты дәрігер, өз кәсібіңнің нағыз иесі атану үшін жоғары білім қажет. Сол себепті 2011 жылдан Қарағанды медициналық университетінде хирург мамандығын меңгердім. Нәтижесінде бұл оқу орнын 2018 жылы сәтті аяқтадым.
Маған жаңа жұмыс орнын табу қиынға соқпады. Мемлекеттің қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Тайынша қаласына көшіп келдім. Үкіметтен көтерме ақы алып, баспанаға ие болдым. Теріскейде хирург мамандар тапшы болған соң жергілікті денсаулық сақтау саласына өз үлесімді қосқым келді. Қазіргі уақытта орталық ауданаралық көпбейінді ауруханада хирург-дәрігер әрі эндоскопист болып жұмыс істеп жатырмын. Мұндағы мамандар – өз ісінің хас шеберлері, медициналық мекеме облыс орталығынан шалғайда орналасса да, өңірдің беткеұстар денсаулық сақтау мекемелерінің бірі екені рас. Тіпті, кейбір оталар қалада емес, Тайыншада жасалады.
Орталық аудандық ауруханаға қызметке орналасқаныма 3 жылдың жүзі болса да, 200-ден астам отаға ассистент-дәрігер және бас хирург ретінде қатысып үлгердім. Жұмысымыз оңай емес. Дей тұрғанмен, маған ұнайды. Науқастарға жасаған әр отама жауапкершілікпен қараймын. Себебі ота үстелінде жатқан адамның өміріне тек дәрігер жауапты.
Бір отаның орта есеппен жасау уақыты 1 сағатқа созылады. Ең жеңілі – аппендицит алу. Ал ең ауыр оталардың қатарына асқазанға жасалатындары жатады. Әсіресе, адамның ішкі құрылысындағы жараны алып тастау хирургке қиынға соғады. Мұндай кезде дәрігер қолындағы скальпель-пышағымен мұқият жұмыс істеуі қажет. Егер маман байыппен іске кіріссе, ота сәтті аяқталатынына күмән болмайды.
Расында, былтырғы наурыз айынан бастап дәрігерлер үшін қиын кезең басталды. Күндіз-түні арнайы санитарлық қорғаныс киі-мімен жүру, індет жұқтырған науқастар санының күн санап өсуі әріптестерімді айтарлықтай әбігерге түсірді. Дегенмен қандай қиындық болса да міндетімізді мүлтіксіз атқарып, науқастардың барлығына уақтылы қол ұшын соза білдік.
Жандос АХНАЕВ,
Тайынша қаласындағы орталық ауданаралық көпбейінді аурухананың хирург-дәрігері.
СУРЕТТЕ: Ж.Ахнаев (сол жақта) әріптестері ортасында.