«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІМІЗДЕ САЙРАП ТҰРУЫ КЕРЕК

70-80-ші жылдары қазақ әндерін нақышына келтіре орындаумен халықты тәнті еткен “Үш Татьяна” – Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская және Татьяна Мартыненко болатын. Қазақ сахнасында өнерлерімен танымал болған орыс ұлтының үш қызынан құрылған трионы аға буын өкілдері жақсы біледі. Қазақ тілінде ән шырқап, домбыра тартқан оларды жұртшылық сүйіп тыңдады. Себебі, олар қазақша ән салып қана қоймай, осы тілде емін-еркін сөйледі. Олар жайлы аға буыннан естігеніммен, әндерін тыңдап көрмеген едім. Өткен жылдары телеарналардың бірінен олардың 30 жылдан кейін берген концертін көзім шалды. Тыңдармандары оларды ұмытпапты. Татьяналар да, халық та бірін-бірі сағынған екен.

Мен де сол Татьяналардай болғым келеді. Әрине, олар сияқты ән сала алмаймын, бірақ, қазақ тіліне деген құрметім зор. Кеңес заманында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, славяндықтардың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақша ән айтуы үлкен мақтаныш, соны жаңалық, тіпті, таңғаларлық оқиға болатын. Ал бүгінгі таңда бұл заңдылық және мен үшін міндет. Өйткені, қасиетті қазақ жерінде туып-өстім. Қазақ балаларымен көп араластым. “Қос тіл – қос қанатың” дегендей, олармен екі тілде де сөйлесуге тырыстым. Бірақ, бір өкініштісі – қазақ балаларының көбі ана тілінде емес, орыс тілінде көп сөйлейтін еді. Ал қазір қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқаны жақсы байқалады. Бұл – мемлекеттік тілімізді мейлінше кемелдендіруге, тіліміздің мәртебесін ту етіп көтеруге қосылған үлкен үлес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әр азамат оны үйреніп, қазақ тілін меңгеруі тиіс деп ойлаймын. Тілді үйренемін деген адамға бар жағдай жасалған. Туған елімнің тілін білу менің міндетім болғандықтан, өз шамам келгенше қазақ тілін үйреніп жүрмін. Қазақша мәтіндер оқып, өлең жаттаймын, жұмыста кейбір хаттарды өзім жазамын. Аптасына екі рет “Мемлекеттік тілді оқыту” үйірмесіне қатысамын. Онда ойымызды қазақша жеткізуге үйренеміз, қосымша қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысамыз. Тілді оқулықтан үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады.  

Осындай табиғаты әсем, халқы мейірімді, тілі әдемі елімде көптеген этнос өкілдері тату-тәтті тұрады. Әр этностың ана тілін дамытуға зор мүмкіндік жасалған. Елбасының “Тілдердің үштұғырлылығы” жобасы да жүзеге асып келеді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тең және еркін меңгерген жастар саны көбеюде. Бірақ, біз өзге тілдерден гөрі қазақ тілін жақсы білуіміз керек. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте”, – деп белгілі ақын Қадыр Мырза-Әлі бекер айтпаған. Түріміз басқа болса да, тіліміз қазақ болып, барлығымыздың жүрегімізде сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Жастарды, құрбыларымды қазақ тілін құрметтеп, үйренуге шақырамын.

Татьяна НИКУЛИНА,

Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp