«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ ЖАРАЛЫ

Арман,

45 жаста: 

Арман бүгін де әдеттегідей ерте тұрды. Күнде таңмен таласа оянып, жұмыстан кешігіп қалатын адамдай жуынып-шайынып алып, үйінен небары бес минуттық жердегі аялдамаға қарай аяңдайды. Аяңдайды дегеніміз, әсірелеп айтқандық болар. Екі аяғы сал боп қалған адамға осы бір тиіп тұрған жерге балдаққа сүйеніп жетудің өзі жеңіл емес. Жұмысшы кентінен орталық базарға қатынайтын автобустың жүргізушісі де мұны танып алған. Өз күнін әрең көріп жүрген бейбақты мүсіркегені ме, діттеген жеріне дейін көк тиын да алмай тегін жеткізіп тастайды. Оның соңғы жылдары бүгінгі қоғамда қайырымды жандардың аз емес екеніне көзі жетті. Базар маңында бұл секілді қол жайып, қайыр тілейтін екі-үш адам бар. Неге екенін кім білсін, бірақ өткен-кеткендер мұның алақанына азын-аулақ тиын-тебендерін тастап кетеді.
Иә, шынымен де, біздің қалада Арманды танымайтын адам кемде-кем. Қысы-жазы орталық базар маңында тұратын ол көшедегі қайыр тілеушілерге мүлдем ұқсамайды. Үсті-басы мұнтаздай, сөзі де дұрыс. Қашан көрсең өткен-кеткен жандардың бәріне де ақ тілегін жаудырып жатады. Тағдырдың бұралаң жолында сүрініп барып, қайта бой түзегенін аңғару қиын емес. Тепсе темір үзетін шақта екі аяқтан сал болып қалған азаматты көрген сайын өмірінің жұмбағын білгім келетін. Бірақ қанша оқталсам да, маған сырын ашар ма екен деген күдік жолымды бөгей берді. Жақында онымен сөйлесудің сәті түсті.
– Халқымызда “адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң” деген тәмсіл бар. Жүрек түкпірінде, көңіл тереңінде жатқан сырыңызды айтып беріңізші, – деп қолқаладым.
– Ащы судың кесірі ғой. Бірақ бүгінгі күні бір грамм да татып алмаймын. Соңғы жылдары жамағатпен бірге намазға жығылып жүрмін, – деп ақталып жатқан Арманның жаны жаралы екенін көзіндегі мұң айтып тұр. Әрине, өткен күннің ауыр сәттерін еске түсіру кім-кімге де жеңіл тимесі анық. Бірақ біреудің қателігінен кейде сабақ алып жатамыз. Сондықтан Арманның да тағдыры оқырманға ой салар деген ниетпен қолыма қалам алдым.
– Менің ұлы атам осы өңірге есімі мәлім молда болған екен. Ал атамның арғы бабалары да осал емес, бай-бағландар деп әкем ылғи айтып отырушы еді. Н.Погодин атындағы орыс-драма театрының маңындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіште аталарымның есімдері алтын әріппен жазылған. Бірақ әкемнен әулетіміздің арғы-бергі тарихын қазбалап сұрамайтынмын. Бәлкім, жас болғандықтан да шығар. Өңіріміздегі қажылардың бірі маған “Сен атақты адамдардың тұяғысың, соны білемісің? – деп сұрады. Ал бүкіл әулет үміт артқан жалғыз тұяқтың жағдайы, міне, бүгін осындай мүшкіл халде. Бәлкім, дін жолындағы бауырларым ақыл-кеңесін айтып, түзу жолға салмағанда әлі күнге дейін адасып жүрер ме едім, кім білсін?
Өз әкем сауда саласында ұзақ жылдар қызмет атқарды. Анам татар ұлтының қызы еді. Асқар тау – әкемнің еңбекқорлығының арқасында отбасымыз ішер ас, киер киімнен таршылық көрген жоқ. Көзінің ағы мен қарасы – ұлы мен қызына өмірдің бар жақсылығын тілеген қайран ата-анам!
Әпкем екеуміз ерке болдық. Мен жалғыз ұл болғандықтан, әке-шешем ғана емес, ата-әжем де сөзімді екі етпейтін. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, әкем жұртта жоқ ойыншықтың неше түрін сатып әкелуші еді. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің парқын түсінбей, өте ерке, өзімшіл болып өстім. Бүгін соның азабын тартып отырмын.
Ата-ана алдындағы перзенттік парызымды өтей алмадым. Тіпті, менің ақымақтығымнан анам мына жалған дүниеден бір жадырап күле алмай өтті. Ата-анаға жақсылық жасау қолымнан келмеді. Халқымыз “қызың жақсы болса – бір бақыт, ұлың жақсы болса – мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт” демей ме? Ал жаман бала ата-ананың көңіліне кірбің, көзіне мұң ұялатады. Ана үшін бауыр еті – баласының азып-тозғанын көруден асқан азап жоқ шығар. Көзі тірісінде ардақтыларымды қадірлей алмағаным үшін қатты өкінемін. Әке-шешемнің үмітін неге ақтай алмадым екен?
“Ерке баладан – жынды бала артық” деп атам қазақ біліп айтқан ғой. Облыс орталығындағы қазіргі 9-шы мектепте білім алдым. Тоғызыншы сыныпты тамамдағаннан кейін оқуымды техникумда жалғастырамын деп қиғылық салдым. Әкем алғашында қарсылық білдіргенімен, шешем маған араша түсіп, оны райынан қайтарды. Сөйтіп, құрылысшы мамандығы бойынша білім алдым. Сол жылдары әкемнің бойына жазылмас дерт жабысып, көп ұзамай өмірден озды. Оң-солымды бағамдап үлгермеген мен бұған дейін де анамның сөзін тыңдай қоймаушы едім. Әкенің көзі тайғаннан кейін, тіпті, еркіндік тиді. Ақшасы бар жігіттерге неше түрлі арам пиғылдылар үйір келеді ғой. Достарыммен жиі-жиі бас қосулар көбейді. Әрине, мұндай кештердің сәні арақпен кіретін. Бірнеше бөтелкенің қалай босап қалғанын аңғармай қалатынбыз. Сөйтіп, ащы судың тұңғиығына батып бара жатқанымды сезбей қалдым. Менің тағдырыма алаңдаған анам байғұс шырылдап жүріп, бәлкім, ақыл кірер деген мақсатпен мені Отан алдындағы борышымды өтеуге жіберді. Сөйтіп, мұндағы достарымнан екі жылға қол үзіп, басқа ортаға түстім.
Ресейдің Хабаровск облысында сарбаз болған күндерім менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Ол жерде ешкім де сені басыңнан сипамайды. Еркелігіңді көтеріп, қиқарлығыңа көз жұмбайды. Сөйтіп, әскердегі екі жыл мені әжептәуір есейтті. Көп нәрсені көңіліме түйдім. Шаңырақтың иесі әрі әпкем мен анамның арқа сүйері екенімді ыстық ұядан жырақта жүргенде түсінгендей болдым. Елге оралғаннан кейін милиция қатарына қызметке алындым. Анамның қуанышында шек жоқ, жаман ұлының есі кіріп, есейгеніне мәз. Бірақ амал нешік, “ауру қалса да, әдет қалмайды” екен. Бұл жерде де арақты атасынан қалған астай қадірлейтіндер аз болмай шықты. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Құқық қорғау саласында жүргендердің арасында бірен-саран болса да ащы суға үйірлер кездесті. “Балықшы балықшыны алыстан таниды” дегендей, араққұмарлар бір-бірімізбен тез танысып, тіл табысып кеттік. Сөйтіп, бұл жерде де айдың-күннің аманында түзу жолдан адастым. Арақ ішкен адам ар-ұяттан, жауапкершіліктен жұрдай болады екен ғой. Шынымен де, ол күндерді еске алу мен үшін өте ауыр. Мен жақындарымның жүрегін жараладым. Маған сенім артқан адамдарды жерге қараттым. Адам өз өмірінің сәулетшісі екенін кеш ұқтым. Арақтың кесірінен осындай мүгедек күйге түстім. Менен ағайын-туыстың да көңілі қалды. Отбасым да теріс айналды. Әріптестерімнің сеніміне де селкеу түсірдім. Милицияда көп тұрақтай алмадым. Ащы суға үйір адамның болашағы жоқ. Бұл жерден де абыройдан жұрдай болып, қуылдым.
Сол жылдары менің қарамағыма келген жап-жас жігіттер бүгінгі күні үлкен бастық. Жұма күндері мешітке жолым түскенде оларды да көремін. Мені көргенде танымаған сыңай танытады. Бірақ мен ешкімге де ренжімеймін.
Бар болғаны 45-те ғанамын. Ал әжім торлаған жүзіме, ағарған шашыма қарап жұртшылық 60-ты алқымдады деп ойлайды.
Құқық қорғау саласынан кеткеннен кейін көпке дейін жұмыс таба алмай қиналдым. Әупірімдеп жүріп зауытқа орналастым. Бұл жерде ауысыммен жұмыс істегендіктен, қолым бос күндері аузым құрғамайтын. Ол тәуелсіздіктің елең-алаң шағы еді. Зайыбым – 19-шы шағынаудандағы 4-емханада медбике. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жаттық.
Атам марқұм көзі тірісінде қаланың қақ ортасындағы үш бөлмелі пәтерін маған мұраға қалдырды. Қалай болғанда да жалғыз тұяқ деп ойлаған шығар. Туған қызы әкесінің мұнысына қатты ренжіді. Бірақ ол кісі тұрмыста еді. Келіншегім екеуміз кішкентай қызымызбен сол үйде тұрдық. Ал әжем Көкшетаудағы қызының қолында еді. Әкемнің қарындасы жиі-жиі бізге қонаққа келіп тұратын. Келгіштеп жүргенде пәтердің құжаттарын ұрлап әкетіпті. Оны үйді сыртымыздан сатып жібергенде ғана білдім. Ол жылдары әжем тірі еді. Екі күннің бірінде аузым құрғамайтын менің пәтерді даулап, соттасуға мұршам болмады. Әрі әкемнің жалғыз қарындасымен сот алдында кездесуге ағайынның сөзінен де ұялған шығармын. Сөйтіп, жылы ұямнан айрылдым. Әрине, мұндайға әйел адам көз жұмып отыра алмайды ғой. Маған бірнеше жылдан бері төзіп келген келіншегім қатты күйінді. Отбасында ұрыс-керіс, айғай-шу бұрынғыдан да үдеді. Әрі қарай бірге өмір сүре алмайтынымызды түсінді де, ол қызымды алып, Ресейдегі әпкесіне кетіп қалды. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Жүрегімді қызыма деген сағыныш кернейді, бір көргім келеді. Ол да әкесі жайлы білгісі келетін шығар деп ойлаймын.
Осы жағдайдан кейін көп ұзамай әжем өмірден озды. Алаяқ қызы ағайын-туыстың біріне де хабар бермепті. Ақшаға құныққан ол бәрімізбен ат құйрығын кесісті. Әжеме бір уыс топырақ та сала алмадым. Ал анам менің жалғыз қалғаныма, немересінің тірідей жетім атанғанына қатты уайымдады. Осының бәрі оның денсаулығына әсер етті. Күннен-күнге жағдайы нашарлай берді. Көп ұзамай анам да мені тастап, мәңгілік сапарға аттанды. Мен бейбақ бұралаңы көп өмір жолында осылайша жалғыз қалдым.
Қарашаңыраққа тұтқа болып отыра алмадым. Ата-анамнан қалған үйді сатуға мәжбүр болдым. Өзім өскен алтын ұя су тегінге кетті. Коммуналдық төлемдерге шаш етектен қарыз едім. Өмірде жолы болмаған адам екенмін. Жұмысшы кентінен сатып алған арзан үй маған пана болмады. Қайта оралмас күндер мен үшін сағынышқа айналды. Бәрінен айрылдым. Отбасының, ата-ананың, ағайын-бауырдың қадірін кеш ұқтым. Екі күннің бірінде мас жүремін. Бірде әдеттегідей араққа сылқия тойып алып ұйықтап қалыппын. Қақпағы дұрыс жабылмайтын пештің шоғы жерге түсіп, өрт тұтаныпты. Көршілер көріп, көмекке жеткен екен. Сөйтіп, бір өлім аузынан аман қалдым. Осылайша үй-күйден айрылдым. Бүгінгі күні жалғызбасты орыс азаматының шағын бір бөлмесін жалдап тұрып жатырмын. Мүгедектікке төленетін зейнетақыны аламын. Қайырымды жандар көмектеседі, мұның бәрі күнделікті күнкөрісіме жетеді.
Оқырмандар екі аяғымнан қалай сал болып қалғанымды білгісі келетін шығар. Оны да айтып өтейін. Араққа сылқия тойып алған күндердің бірінде көшедегі бейтаныс жігіттерден таяқ жедім. Сүйретіліп төсегіме әрең жеттім. Сол жатқаннан он күндей орнымнан тұра алмадым. Кейін дәрігерлерге барғанда жұлынға зақым келгенін айтты. Сөйтіп, күннен-күнге аяғымнан әл кете бастады. Осылайша жүре алмайтын халге жеттім. Бәлкім, білікті дәрігерлерге көрінсем, әлі-ақ жазылып кетермін деген үмітім бар.
Әкем маған “Арман” деген есім бергенде арманы асқақ, мақсаты зор болсын деген шығар. Ал мен мына бұралаңы көп тағдыр жолында арманына қол жеткізе алмаған мүсәпірдің біріне айналғаныма өкінемін.


Дайындаған
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Құрметті оқырман, егер сіз де жүрегіңіздің түбінде ұялаған бір үзік сырыңызбен, өз басыңыздан өткен оқиғалармен бөліскіңіз келсе, 36-01-82 телефонына хабарласуыңызға болады. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp