«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІНДЕ – ЖЫРЫ, ҚОЛЫНДА – ҚАРУЫ…

Адамзат тарихындағы ең қаһарлы, сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да алыстап барады. Бір қарыс жер үшін жауға қарсы тұрған қорғаушылардың қанына бөккен Жер-Ана өз жарасын емдеді. Даңқ үшін емес, өмір үшін болған соғыстың іздерін, окоптар мен траншеяларды жасыл желек басты. Екінші дүниежүзілік соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды.

Сол соғысқа туғандары, ауылдастары менің атамның ағасы – он сегіз жасар Мырзаш Сейітбековты да шығарып салды. Ол 1924 жылы қазіргі Есіл ауданына қарасты Мектеп ауылында туған. Соғыс басталған жылы ол он сегізге толмаған бозбала еді. Мектепті жаңа бітіріп, өлең жазуға әуестеніп жүрген болатын. Ол шетіқиыры жоқ жазық, сайын даланы, жасыл кілемдей жайылған көк шалғынды, сылдырап ағып, Ертіс өзеніне құятын өзінің ерке Есілінің жағалауындағы тоғайларды мөлдір жырына арқау етті.  

Оны майданға 1942 жылдың тамыз айында шақырады. Курстық дайындықтан кейін кіші лейтенант, миномет взводының командирі Мырзаш Сейітбеков 859-шы атқыштар полкінің құрамында соғысты. Жүрегінде жыры, қолында қаруы бар жас ақын рух күшінің, идеялық сенімінің, рухани және адамгершілік көркемдігінің үлгісін көрсетеді. Туған жерге, ауылына, барлық тірлік иелеріне арналған өлеңдері біздің есімізде қалды. Қарсыласының оғының астында, окоптарда, траншеяларда жазылған шумақтарын біз толқып оқимыз.

Туған ел, бауырың кең, жазық дала,

Қараймын көз жіберіп айналаға.

Арқырап Есіл өзен жатыр ағып,

Қарайған екі жардың арасында…

Мырзаш Сейітбековтің өлеңдерін менің атам Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында аудандық және облыстық газет беттеріне жариялап отырады.

Оның ел үшін толарсақтан саз кешкен қайсар жауынгер, нағыз ержүрек жан болғандығын Уманск-Боташанск шайқасына қатысып, төрт жүз шақырымнан астам жерді, екі жүзден астам елді мекенді азат етуге қатысқанынан аңғаруға болады. Оңтүстік Буг, Днестр, Прут өзендерінен өтіп, алғашқылардың қатарында Румынияның мемлекеттік шекарасына жетеді. 1945 жылы 249-шы атқыштар дивизиясының құрамында Висла-Одер шайқасына қатысады. Оның 859-шы атқыштар полкі басты бағыттағы қарсыластарының қорғанысын бұзуға белсене қатысып, Польшаның оңтүстік бөлігін және немістің Силезиясын, оның қалаларын жаудан азат етуде ерлік көрсетеді.

Мырзаш Сейітбеков 1945 жылы 15 наурызда Бреслау қаласының түбіндегі ауыр соғыста қаза тауып, Вроцлавтағы офицерлер зиратында жерленді. Оған 1945 жылы мамырдың тоғызы күнгі Ұлы Жеңісті көзбен көріп, көңілмен сезінуді, ет-жүрегімен езіліп, жанымен ұғынуды жазбапты. Менің сексен жастағы атам сол қаһарлы жылдардағы оқиғаларды жаны күйзеле отыра еске алады, оның фотосуреттерін, өлеңдерін көзінің қарашығындай сақтап жүр.

Күн сайын, сағат сайын қатары сиреп, келместің кемесіне мініп бара жатқан ардагер қарттарымызды көріп, жанымыздан алыстап бара жатқанын байқаймыз. Біз өз батырларымыздың қайсарлығын мақтан тұтуымыз қажет. Осы тұста орыстың атақты қаламгері Максим Горькийдің “Сен өлдің! Бірақ ісің өлмек емес! Сен батыл да күшті рухтағы өлеңдерде, бостандыққа, болашаққа үндеуде әрдайым өшпес үлгі болып қаласың..!” деген сөзі ойға еріксіз оралады.

Альбина СЕЙІТБЕКОВА.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp