11 наурыз күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен “Нұр Отан” партиясының кезекті ХVI съезін теледидардан тыңдадым әрі газеттен оқып, Елбасының сөзін және ол туралы елімізге әйгілі тұлғалардың лебіздерін жүрегіме ұялатқанымды баяндағым келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің 2015 жылы Мемлекет басшысын кезектен тыс сайлауды өткізу туралы бастамасы ел Президентінің саяси және экономикалық реформалар бағытын қолдау болып табылады.
Менің ойымша, ел Президентін сайлау мемлекеттің беріктігіне сын болып табылады.
Елбасы аталмыш съезде сөйлеген сөзінде: “Өз табыстарымызды арқау етіп, өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын”, – дей келіп, оларды тайға таңба басқандай сараптап, саралап берді. Осы аталған бес реформаның бәрі де еліміздің болашағы үшін аса маңызды екенін түсіністікпен пайымдаймын. Осылардың басты арқауы – Мәңгілік Ел идеясы екені санамызға тағы да сіңірілді: “Біздің ортақ рухани күшіміз бен жоғары мақсатымыз: Мәңгілік Ел! Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызды прогресс қуатымен толтыратын болады”, – деді Елбасы.
Академик Кенжеғали Сағадиевтің, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның және өзге де сөйлегендердің лебізіне іштей қосылып, ұйып отырдым. Әсіресе, ақын апамыздың: “Қасиетті атамекеннің, еліне кие, халқына ие болатын ұл кез келген кезде туа бермейтініне куә болдық, ол бақыт кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтіндігін де анық көрдік. Біз нар жүгін, ел сенімін арқалайтын, елдің ертеңіне деген өзінің жанпида өмірімен халқының алдында борышын дәлелдейтін перзенттің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін көрдік, білдік, соны әлемге қайта мақтан етіп, айта келдік”, – деген нұрлы лебізі жанымды баурады. Осыған орай Мемлекет басшысы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатындығын мәлімдегені көңілімді толқытты.
Қазақстан халқы 26 сәуірдегі сайлауда Қазақстанның одан әрі гүлденуі, тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуі үшін дауыс беретініне сенімім зор.
Есләмбек БЕКМҰРЗИН,
оқу-ағарту ісінің үздігі,
қазақ күресі бойынша жаттықтырушы.
Петропавл қаласы.