Адамзаттың ақыл-ойы бәсекеге түскен бүгінгі ХХІ ғасырда әлем саяси, экономикалық және мәдени өзгерістердің ошағына айналып отыр. Бұл “жаһандану” деп аталатын ғаламдық құбылыстың болып жатқандығын аңғартады. Адамдар қақтығысқа, лаңкестік әрекетке, әлемнің қай жерінде болсын, қазіргі таңда қорқынышпен қарайтын болды. Себебі, өткенді айтпай-ақ, қазіргі таңда Ирак, Ливия, Сирия сынды елдердің саясаттың құрбанына айналуы, қақтығыстарға ұшырауы, қиындық кешіп отырғаны жасырын емес.
Әлемдегі осындай өзгерістерге қарамастан, Қазақстан Республикасы – тұрақтылығы мен келісімі бір-бірімен ұштаса, қарқынды дамып келе жатқан ел. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дін және этносаралық келісімді негізге алып жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Осы тұста Елбасының игі бастамаларының бірегейі ретінде елордамыз – Астанада үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге қатысты ұсынысын атауға болады. Аталған ұсыныс негізінде Қазақстан Республикасы халықаралық құқық субъектілерінің арасынан бірінші болып өзіне жауапкершілік алды және бұл ұсынысты іс жүзінде жүзеге асырумен қатар, әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының арасындағы келіссөздерді де ілгерілетумен айналысуда.
Конфессияаралық сұхбаттастықты орнатуға бағытталған осындай алғашқы іс-шаралар 1986 жылдың қазан айында және 2002 жылдың қаңтар айында Италияның Ассизи қаласында әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесуінен басталды.
Ең алғаш елімізде 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі дүниежүзінің халықтары арасында рухани қатынас үрдісін бастады. Бейбітшілік пен татулықты көздейтін ұйымдардың қатарындағы алғашқылардың бірі – Астана қаласында жиналатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Теңдесі жоқ осындай институт қызметі арқылы конфессияаралық сұхбаттастықтың мәселелерін шешуге тәуекел жасауы Елбасымыздың көреген басшы екенін аңғартады.
Бұл съезд арқылы Қазақстан әлемнің әртүрлі діндері мен конфессияларының өкілдерінің бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығы жөніндегі шынайы пікірлерін тыңдады. 2003 жылы болған І съезд жұмысына әртүрлі діни конфессиялардан 17 делегация қатысса, ІІ съезде еліміз әлемнің түкпір-түкпіріндегі 43 елден келген 29 делегацияны қарсы алды. Оған дін көшбасшылары, ғалымдар, саясат және мәдениет қайраткерлері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО сияқты беделді халықаралық институттары өкілдерінің келуі Қазақстан Республикасы Елбасының бастамасын қолдаған айтулы оқиға болды.
2009 жылы ІІІ съезге 77 делегацияның келуі съезд беделінің өскенін, дін өкілдерінің толеранттылық пен келісім жолындағы сұхбаттастыққа деген ықыласының артқандығын көрсетті. Сонымен қатар, аталған жиында әлемдік діндердің көшбасшылары конфессияаралық сұхбаттастықпен шектеліп қана қоймай, өркениеттер қақтығыстарының алдын алудың негізгі құралы болып табылатын мемлекеттер арасындағы мәдени және рухани салада өзара әрекеттестік пен ынтымақтастықтың маңызы жөнінде айтты.
2012 жылдың 30-31 мамыр аралығында IV съезд Астана қаласында “Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы” тақырыбында өтті. Съезге 40 елден әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері, діни және халықаралық ұйымдардан 87 делегация қатысты. Бұл жолғы съезд де жоғары деңгейде өтті және форум жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа арнап үндеу қабылдады. Осы съездің 4 секциялық отырысында діндердің әлемдік мәдениетке, адамзаттық құндылықтарға қосқан үлесі, мемлекет пен қоғамның арасындағы сұхбатқа қолдау көрсетуі, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу мен қамқорлыққа алудағы дін көшбасшыларының жауапкершілігі сынды өзекті тақырыптар талқыланды.
Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің дін көшбасшыларының Астанада кездесуі жөніндегі бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер сұхбаттастығының жаһандық үрдісінде маңызды орын алатындығын уақыт көрсетіп отыр.
Дінаралық сұхбаттастықты дамытуға қосқан үлесі арқылы біздің елдің әлемдік қоғамдастықтағы абыройы асты, Қазақстан өзінің ізгі бастамаларымен экономикасы дамыған, өзара түсіністік пен құрмет негізінде дамып отырған мемлекет ретінде танылды.
Асхат ӨТЕМІСОВ,
мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығының сарапшысы.