«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жүрексіз” жан

Бала – Алланың берген аманаты. Қорғансыз сәбиді қорлауға ешкімнің де құқығы жоқ. Керісінше, ұрпақ жалғасы болып, әр шаңырақты шаттық пен шапағатқа бөлейтін шақалақтарды барынша аналық мейірімге, әкелік ыстық ықыласқа бөлей білу керек. Сонда ғана ұрпағымыз мейірімді, иманды болып ержетеді.

Өкінішке қарай соңғы кезде жаңа туған сәбилерін далаға тастап кету туралы жантүршігерлік жаман хабарлар ғаламторды жайлап кетті. Жамбыл облысында көліктің терезесінен құдды бір керегі жоқ зат сияқты далаға лақтырып жіберетіндей бейкүнә періштенің қандай жазығы болды екен?

Маңғыстау облысында картон қораптың ішінен шетінеп кеткен сәбидің денесі табылған. Ал Қарағанды облысының бір тұрғыны жаңа туған шақалақты даладағы қоқыс жәшігінің қасынан өтіп бара жатып байқап қалған. Тумай жатып, тастанды атанған сәби жылап, дауыс бермесе, оның қара құзғынның жеміне айналмасына кім кепіл?! Шымкентте адам сенгісіз жағдай орын алды. Қала тұрғынының ауласына әлдекім үш бүлдіршінді тастап кеткен. Балалардың кішкентайы жасқа да толмаған. Бір емес, үш бірдей баланы далаға тастап кету үшін қандай қатыгез адам болу керек?

Қоғамда құлақ естіп, көз көрмеген осындай сұмдықтардың куәсі болып жүрміз. Жақында редакциямызға оқырманнан хат келді. Хатта Қызылжар ауданында осыдан он төрт жыл бұрын болған оқиға баяндалған.

“… Пеньково ауылына келін болып түскен ол алғашында шаңырағын шаттыққа бөледі. Ата-енесінің бабын тауып, инабатты келін атануға тырысты. Шекесі торсықтай екі ұл туып, ана атанды. Бірақ кенжесі бір жасқа толмай жатып, жас босанған келін жаман қылық көрсетіп, үйден безді. Қасықтап жинаған абыройын, шелектеп төккен кесір келіннің бұл қылығын түсіну мүмкін емес. Кәрі ата-енесін, өмірлік жарын, балаларын тастап, беті ауған жаққа қашып кеткен ананы кім деп айтуға болады?” – дейді ызаға булыққан хат иесі.

Екі ұл аналарын көрмей өсіп келеді. Немерелерін қанаттыға қаққызбай, тұмсықтыға шоқытқызбай өсірген сексендегі әжейдің бойындағы қуаты қайтуда. Қарияның ендігі арманы ұлдарды аяқтандырып, қатарына қосу. Иә, келіннің қызығын көремін деп жүріп, шыжығына шыдаған қарияның ішкі жан дүниесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. “Мейірімді алғыс алса, мейірімсіз қарғыс алар” деген атам қазақ. Ұрпағының амандығын ойлап, қартайса да, бала бағып, оның тәрбиесіне барынша атсалысқан кейуана, әрине, алғысқа лайық.

Бар бақытын бағалай алмай, бөтен біреудің етегінен ұстап, шаңырағын шайқаған “көкек келін” болса, сол кеткеннен мол кеткен. Бесіктегі баласына да, “жаным” деп қосылған жарына да жаны ашымай, жеңіл өмір іздеп кеткен оның енді қайтып оралуы екіталай. Бар байлығы – балаларын кәрі енесіне итере салып, ауылдан кетіп қойған әйелін отағасы алғашында іздеген. Көрген-білген біреулер: “Астанада жүр”, – депті. Сонда қалай болғаны? Түн ұйқысын төрт бөліп, сәбиін емірене иіскеген ана жүрегі қашан, қалай тасқа айналған? Бала адамның бауыр еті емес пе?! “Ана, ана” – деп шырылдаған шиеттей екі баласын тастап, ешкімге, еш нәрсе айтпастан, жау сияқты ұрланып, өз үйінен қашу – барып тұрған ұятсыздық. Бұл қазақ әйеліне жат қылық.

Қазір қаншама отбасы бала сүю бақытына жете алмай, бір сәбиге зар болып жүр. Отбасында томпаңдап жүрген сәбидің бейнесі, оның риясыз күлкісі, бал қылығы бәрі-бәрі шаңырақтың алтынға да айырбастағысыз қуанышы емес пе?! Ал осындай кесір келіндер кері кетіп, бақытына өз қолымен балта шабуда. Бір қарын майды шірітіп, ардақты ана атына кір келтіріп жүрген мұндай тасбауыр аналарды заң алдында да, ар алдында да ақтап алу, сірә, мүмкін болмас…

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp