Герольд Бельгердей ірі талант, іргелі суреткер қайда да, қай заманда да ешкімнің қолтығына сыймайды ғой. Дараланбай, сараланбай тұра алмайды. Герольд бала жасынан бір ғана өзін емес, туған халқын ойлап өскен. Қамырықты суреткер ерте ме, кеш пе бұйдасын үзіп шығып, өмір кеңістігінде, өнер жазирасында өз сүрлеуін салып, өз соқпағын омбылайды. Басынан кешкендерімен, өмірден түйгендерімен бөліседі. Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналады.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
Герольдтің өзі “Плетенье чепухи” деп атаған жазбаларынан оқырман қисапсыз даналықты, біздің, қазақ халқының, қазіргі Қазақстанның жай-күйін дәл танып, не болғанын, не болып жатқанын және не болуы тиіс екенін түсінуге септесетіні сөзсіз… Бельгерді оқимын, бүгінгі қазақтың өзіндік сана-сезімін білдіруші ретінде оқимын.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.
Әр адамның негізінде төл ұлтының қасиеті жатады. Герекеңді өзгеден ерекшелеп тұратын үш мінез: уақытқа қызғаншақ, еңбекқор, әлгі еңбекқорлығы басына бейнет болып жамалған, сосынғысы жайдақ аттай қарапайым көнбістігі.
Дүкенбай ДОСЖАН.
Келте тірлікте талмай еңбек еткен бір адамды атаңдар десе, Қазақстан Герольд Бельгерді ұсынатыны хақ. Герағамыз еңбекпен біте туған жаратылысы бар жалғыздар тобынан еді.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.