«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТЕ ҚАЛҒАН САҒЫНЫШ

Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда ел қорғаған ерлердің қатарында менің туысқаным, атам Сыздық Раисов та бар. Ол 1905 жылы Ресейдің Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Қаржас ауылында дүниеге келіпті. Алты баласы болған екен. Атамыз Омбының жұмысшылар факультетінде білім алып, Шарбақкөл ауданының Томар ауылында жетіжылдық қазақ мектебінде ұстаздық қызмет атқарыпты. 1943 жылы мектеп директоры екеуі өз еріктерімен майданға аттанған. Зайыбы Бифатима алты баламен қалған. Сыздық атамыз хаттарын өлеңмен жазған екен. Сол хаттарының бірінде ол отыз екі немісті жайратқанын, соның нәтижесінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын жазса, екінші бір өлеңі «Еліме» деп аталыпты.

 

ЕЛІМЕ

Сағынып, еске түстің, қалың елім,

Сайрандап күндіз-түні, жүрген жерім.

Асыр сап, құлын-тайдай ойнақ салып,

Елестер көз алдыма жүргендерім.

Шұбарда, қайыңдарда, жатқан елім,

Дәм -тұзын әлденеше, татқан елім.

Германның жаулауына дәл кездесіп,

Қайғыға көтере алмас, батқан елім.

Жетімдік бір тағдырдан, көрген елім,

Тарихта қалмақ сіздің көргендерің.

Ұлдарды аттандырып қолдарыңнан

Жолына Отан қорғау бергендерің.

Артымда ата-аналар, қалған елім,

Ортаңа алаң болып, барған елім.

Жылап та, қуанып та шаттанарсыз,

Жалғыздан бір жақсылық барғанда, елім.

Он жерге он ауыл боп, қонған елім,

Бір кезде азаматқа, толған елім.

Жастардан атқа мінер айрылып,

Жылаумен жыл өткізіп, солған елім.

Сипаттап бола алмаспын, алтын елім,

Жүзіңді бір көрсем ғой, жарқын елім.

Сағынып, алыс жерден қалам тартқан

Жамағат, Сыздық болар атым менің…

 

Сыздық атамыз майданда ерлікпенен шайқаса жүріп, Латвияны жаудан азат етуге қатысқан. Осындай шайқастардың бірінде ол Балтық бойы елінде 1945 жылдың 27 ақпанында немістермен қолма-қол ұрыста қаза тауыпты.

Сыздық атамыздың ұрпақтары бүгінде оның салып кеткен жолына түсіп, әскери қызметтер атқаруда. Атап айтқанда, Мұрат Үмматұлы Раисов – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі, Бурабайда қызмет атқарады. Ал Омбыда тұратын Қуаныш Сүннатұлы Раисов осындағы Танк академиясында еңбек етеді.

Қалған ұрпақтары ұстаздық қызмет атқарады. Солардың бірі – мен, Петропавлдағы №9 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беремін.

Біздің бәрімізге майданда ерлікпен қаза тапқан атамыздың өмірі – өнеге.

Нұргүл РАИСОВА.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp