«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТІ ЖІГІТТЕРГЕ ТӘН ӨНЕР

Қазақтың ат тұяғының дүбірін естісе делебесі қозып, атойлап кететіні бесенеден белгілі. Әсіресе, көкпарға деген құрметі ерекше. Қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан серкені суырып ала шабатын көкпаршыларға қалайша сүйсінбеске? Өңірімізде ұлттық ойынды жандандыруға атсалысып жүрген азаматтардың бірі, Уәлиханов ауданында тұратын Рамазан Махатовпен сұхбатымыз көкпарды дамыту тұрғысында өрбіді.

– Мен ес біліп, ат жалын тартқалы үлкенді-кішілі көкпарлардың бел ортасында жүрмін. Қарадомалақ кезімізде ауылдың үш-төрт баласының басы қосыла қалса, тайларымызды жарыстырып, жердің шаңын көкке көтеруші едік. Кәсіби көкпаршы болуға жетелеген де сол бала арман шығар?! Осылайша, көкпар өнерін меңгеріп, спорт шебері және ұлттық дәрежедегі төреші атағына қол жеткіздім. Аударыспақ пен көкпардан бірнеше дүркін облыс чемпионы болғанымды жанкүйерлер жақсы біледі. Бүгінде көкпардан облыс құрамасының аға жаттықтырушысымын. Республикалық ұлттық спорт қауымдастығының жыл қорытындысы бойынша “Жылдың үздік төрешісі” атандым. Егде тарттым, сондықтан командалық көкпарға қатысуды қойдым. Дегенмен, әлі күнге дейін жаппай көкпардан қалып көргенім жоқ.
– Көкпардың шебері, тәжірибелі маман ретінде өңіріміздегі осы спорт түрінің қадам алысын қалай бағалар едіңіз?
– Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан серкені суырып шыққан көкпаршыны көргенде жүрегі атойламайтын қазақ бар ма? Көкпаршы болу батылдардың ғана қолынан келеді. Ол – ұландарды қаршадайынан төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнер. Біздің облыста көкпарды меңгерген құрыш білектілер аз емес. Негізгі шабандоздарымыз – Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарының жігіттері. Олардың арасынан Руслан Смағұлов, Еркебұлан Дүйсеков пен Вадим Любарский деген мықты көкпаршыларды атап өтер едім. Тәжірибелі жаттықтырушылар да ат спортының аталмыш түріне машықтандыруда қажырлы еңбек етуде. Бұған дейін біздің жігіттеріміз 10-15 команданың ішінде соңғы орындарды иеленіп келген болатын. Соңғы екі-үш жылдан бері республикалық сайыстарда және ел біріншіліктерінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Былтыр наурыз айында Таразда өткен ел біріншілігінде он бес команданың арасында бесінші, Ақтөбедегі ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестивалінде он жеті команда арасынан төртінші болдық. Бұл нәтижеге қол жеткізуге “Тұлпар” спорт клубы мен “Арғымақ” балалар-жасөспірімдер облыстық спорт мектебінің жаттықтырушылары да өзіндік үлестерін қосып отырғанын атап айтқан жөн. Әлбетте, мұның барлығы жігерлендіреді. Болашақта одан да биік асуларды бағындыруды көздеп жүрміз.
– Көкпаршылар ғана емес, дүбірлі додаға қатысатын тұлпар да мықты болуы керек. Әр көкпаршының бойында атбегілік қасиет болуы қажет деген пікірмен келісесіз бе?
– Көкпар жігіттерге де, тұлпарларға да оңай тимейді. Өйткені, спортшылар салмағы 30-40 кейде 50-60 килограмм болатын серкені жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып, қазандыққа салулары керек. Мұның барлығына күш-қайрат қажет. Сонымен қатар ол – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Жігіттер жылқыны баптау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Облыс құрамасында он екі көкпаршы болса, әрқайсысы өз тұлпарын өзі баптайды. Жануардың жүрісінен шаршағандығы білінсе, онда дайындығы жеңілдетіледі. Ал жылқы жер тапып тұрса, онда бағытың дұрыс деген сөз. Жаттығуыңа тағы да жүктеме қоса түсесің. Бастысы, жануарды титықтатып, шаршатып алмауың керек.
– Көкпар атын баптаудың өз талабы бар шығар?
– Көкпар аты – қара жұмыстың жылқысы. Ол бірінші кезекте күшті болуы қажет. Сондықтан қараша-ақпан айлары арасында бұл аттар семіртуге қойылады. Жем-шөбі уақытында беріліп, оған арнайы дәрумендер қосылады. Ал семірген жылқыны жаратудың өзі бір өнер. “Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады” дегендей, жылқыны жаратуға ерекше көңіл бөлеміз. Көкпар алдында бір күн бұрын жылқыны терлетіп, жұқа жабу жауып отырған жөн. Осылайша, аттың бұлшық еттері ширап, іші біртін­деп тартыла бастайды. Бір айда ат жинақыланып, құстай қомданып қалады. Айта берсе, баптаудың әдіс-тәсілдері көп. Әр көкпаршы өз атын өзінше баптауға тырысады.
Бұдан бөлек, әр жылқыны небір бұйрықтарға үйретеміз. Сайыс барысында тақым қысқан кезде ат кілт бұрылу, жүгенді тартқанда тоқтауы қажет. Бұған бір күнде үйретілмейді. Көкпар аттарының сағатына 70-80 шақырымдық жылдамдығы, үстіндегі шабандоздың ептілігі мен мықтылығы жеңіске жігерлендіретін сәт емес пе?! Білектілік пен жүректілікті, ақылдылықты талап ететін бұл спорт түріне сондықтан да екінің бірінің жүрегі дауаламайды.


Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp