Жас ақын Михаил Гвоздевтің есімі өңір жұртшылығына, әсіресе, орыстілді әдебиетсүйер қауымға танылып келеді. Оның Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Измерение N” атты екінші кітабының тұсаукесеріне жиналғандар қатарының қалың болуы соның айғағы.
Михаил Гвоздев – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын облыстық басылым мен телеарналарда бастаған жас ақын тағдырдың ауыр сынына ұшырап, аяғын тік басып жүруден қалғанымен, қиындыққа мойынсұнбады. Жан жарасын өлеңмен жазып, әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербеді.
Михаил Гвоздев кезінде өзі қызмет атқарған журналистика саласынан қол үзсе де, өлеңнен ажыраған емес. Оның екінші кітабы жомарт жандардың демеушілігінің арқасында жарық көрді. Таныстырылымын өткізуге де қолдау көрсетушілер табылды. Жиын барысында жас ақын өзінің өмірі, шығармашылығы туралы әңгімелеп, жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Анасы Валентина Гвоздева жаңа кітапқа енгізілген туындылардың бірінен үзінді оқып, өлеңсүйер қауымның жанын тебірентті. Жиынға арнайы шақырылған “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы Күлбарам Баязитова Михаил Гвоздевтің сыршыл, жігерлі өлеңдері оқыған адамды еңбекқор, шыдамды болуға жетелейтінін айта келіп, жас ақынға шығармашылық табыстар мен жетістіктер тіледі.
Таланттың сиясы кеппеген туындысының алғысөзін ақын, жазушы Оксана Ефремова жазған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ирина Матвеева жас ақынның кітабын оқуға кеңес берді. Тұсаукесер шарасына қатысқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен әдебиетсүйер қауым тұнық өлеңмен сусындап, әдемі әсер алып қайтты.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.