
Әлеуметтік қызметкер – елімізде бертін шыққан мамандық. Бұл мамандықты меңгергендер медициналық мекемелерде, оқу орындарында, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде және өзге де әлеуметтік саланы қамтитын қызмет орындарында жұмыс істей алады. Осы мамандықты қалаған түлектердің қатары да жыл санап артып келе жатқан көрінеді. Десе де, оқуды аяқтаған түлектердің тең жартысы қызмет орнын таңдауға келгенде, әсіресе, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде қызмет етуден қашқақтайды. Оның себебін білмек болып “Әлеуметтік жұмыс маманы” мамандығы оқытылатын облысымыздағы жалғыз оқу орны – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжіне бас сұқтық.
Әлеуметтік жұмыс мамандығы ресми түрде XX ғасырда пайда болды. Десе де, мұқтаждарға қамқорлық таныту, көмек қолын созу адам бойындағы қасиеттердің бірі болғандықтан, бұл мамандықтың бастауы әрбір адамның бойында бар деуге толық негіз бар. Туыстарға көмек беру, жолаушыны қонақ ретінде құрметтеу, соғыс кезінде жаралы жауынгерлердің жарасын таңу, жетімдерді асырап алу сынды мейірбандық көріністер әлеуметтік жұмысқа жақын. Тіпті, оның құрамдас бөлігі десек те артық емес.
Бұл мамандық М.Жұмабаев атындағы колледжде 2008 жылдан бері оқытылып келеді. Осы жылдар ішінде әлеуметтік жұмыс мамандығы бойынша 212 маман даярланып, қызметке орналастырылған. Мамандық қазіргі таңда сұранысқа ие. Оны игерген әрбір студент жұмыссыз қалмайды. Оқудың тиімділігі де осында. Небәрі екі жылдың ішінде 11-сыныпты енді бітіріп келген оқушы әлеуметтік жұмыс маманы атанып, қызметке орналаса алады. Еңбекақысы да оңтайлы.
Биылғы жылы бұл мамандық бойынша 82 түлек оқуын тамамдамақшы.
– Біздің оқытушы ретінде басты мақсатымыз әлеуметтік жұмыс мамандарын даярлау, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Алдыңа келген жасөспірім мен бойжеткендер отандық және халықаралық еңбек нарығына сай бәсекеге қабілетті мамандар болғанын қалайсың. Студенттерді интеллектуалдық тұрғыда дамыту, мемлекеттік және жергілікті басқару саласы бойынша жұмыс істей алатын, халықтың түрлі санаттарында кәсіби әрекет ететін құзыретті маман тәрбиелеу үшін ең бастысы, олардың адамгершілік қасиеттеріне мән беруге тырысасың. Себебі, біздің мамандықты қайырымдылық, мейірімділіксіз елестету мүмкін емес. Адам бойындағы бұл қасиеттер – әлеуметтік жұмыс маманының басты көрінісі, – дейді әлеуметтік пәндердің оқытушысы Бахытгүл Солтанова.
Әлеуметтік жұмыстың басты міндеттерінің бірі – қамқорлық таныту. Тайынша ауданының Чкалов ауылының тумасы, колледждің 2- курс студенті Айымсұлу Жүсіпова да әлеуметтік қызметкер жұмысының негізі мейірімділік қасиетке негізделген, дейді.
– Қамқорлық таныту – әр адамның бойындағы қасиеттердің бірі. Ерте заманнан-ақ қазақ халқы жақсылыққа әрдайым жақын жүрген. Бұл қасиет біздің бойымызға ата-анамыздың тәрбиесімен дарыған. Осы маман иесі атана отырып, қоғамның әлсіз санаттарына көмектесу менің рухани және басты кәсіби міндетім деп білемін. Біз теориялық оқумен қатар тәжірибе жүзінде де білімімізді жетілдіруге үлкен мән береміз, – деген ол оқуын тамамдаған соң осы салада қызмет етуге даяр екендігін жеткізді.
Оның курстасы – шалақындық Жансерік Кәкімжан мектепте жоғары сыныптарда оқып жүргенде-ақ әлеуметтік қызметкер мамандығына түсуді қалаған екен. Өзге қатарластары заңгер, экономист, мұғалім болуды армандап жүргенде Жансеріктің болашағын о бастан осы саламен байланыстырғаны таңғалдырмай қоймайды.
– Болашақта өз мамандығым бойынша жоғары оқу орнына түсіп, білімді әрі білікті маман иесі болсам деймін. Әлеуметтік саланың жан-жақты дамуына өз үлесімді барынша қосамын деп үміттенемін. Елбасымыз өз Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше тоқталып өтті. Әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлерінің еңбекақысын 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Мұның барлығы бұл қызметтің болашағы барына дәлел боларлық, – дейді ол.
Бұл мамандыққа студенттер 11-сыныптан кейін ғана қабылданады. Үміткер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып, не болмаса емтиханнан кейін де оқуға қабылдана береді. Оқу мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жоғары балл жинай алмай, емтиханнан сүрініп қалған үміткерлер үшін де ақылы оқу қарастырылған. Ақылы оқудың бағасы – айына 14 мың теңге. Ал тегін оқитын студенттерге стипендия мен өзге де әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Мамандық бойынша оқу бағдарламасының 40 пайызы кәсіби тәжірибеден өтуге бөлінген. Бұл дуальдік оқыту жүйесіне енудегі бастапқы қадамымыз, дейді әлеуметтік пәндер оқытушысы Дина Сыздықова. Студенттер Петропавл қаласының Отбасылық үлгідегі балалар ауылында, “Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында”, Петропавл қаласындағы тірек-қозғалыс аппараты зақымданған балаларға арналған интернат-үйінде, Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар бөлімінде, Петропавл қаласының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде тәжірибеден өтеді. Көбінесе студенттер тәжірибе өткен жерінде қызметке орналасу жағын қарастыратын көрінеді.
Жамбыл ауданының Баян ауылында білім алған Әсел Бейісова әлеуметтік жұмыс мамандығының 2-курсында оқиды. Биыл оқуын тамамдап, жоғары оқу орнына түспек. Ол қазіргі таңда тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған Петропавл интернат-үйінде кәсіби тәжірибеден өтуде.
– Интернат-үйіне келгеннен бастап мамандығыма сай теориялық білімімді ұштап, құнды тәжірибе жинаудамын. Мекемеде мүгедек балалардың әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, оңалту, медициналық көмек алуына жәрдемдесудеміз, – дейді ол.
Колледжді бітірген аталмыш мамандықтың иегерлері өңірімізде әр салада жемісті қызмет етіп жүр. Солардың бірі – айыртаулық Назира Махметова қазіргі таңда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Кәсіби тәжірибені аталмыш мекемеде өткен ол жұмысқа бірден қабылданған. Ол қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде сырттай оқуын жалғастыруда.
Әңгіме барысында биылғы түлектердің көпшілігі Назирадай қызмет орнына орналасуды қалайтындықтарын жасырған жоқ. Ал үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде қызмет етуді мақсат етіп отырғандары бірен-саран. Орыс тобында оқитын Ксения Сауткина ғана үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде қызмет етіп, сол арқылы жарымжан жандарға көмек қолын созуды қалайтындығын айтты.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қызметтен қашқақтайтындар да жоқ емес. Оның бір себебі еңбекақының төмендігі болса, екіншісі – жұмыс ауыр. Жасыратыны жоқ, үйде әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлердің жұмысын ерлікке теңеуге болады. Себебі, олар мүмкіндігі шектеулі жандардан бастап, жалғыз қалған зейнеткерлердің үйіне барып қызмет көрсетеді. Оларды жазушы Аркадий Гайдардың “тимуровшыларының” жұмысымен салыстыруға келмесе де, қызметтерінің негізін қайырымдылықсыз елестету мүмкін емес. Бейтаныс адамның үйіне барып, оны емханаға апарып, тамақтандыру, үйін жинастыру, қажет кезде суға шомылдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған асқан сабырлылық пен шыдамдылық және адамгершілік қасиет керек. Биылғы түлек Ксения мұның барлығы қолымнан келеді деп отыр.
Әлеуметтік жұмыс мамандарын оқытатын оқытушылардың бірі – Дина Сыздықова студенттерді үйде әлеуметтік көмек көрсетуге бейімдеу үшін оқу барысында түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өткізген шараларына қатыстыруды қолға алдық, дейді. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің тәсілдерін меңгеру мақсатында Петропавл қаласындағы үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінде, “АДОН-Север” қоғамдық бірлестігінде, Қазақстан Республикасының Қызыл ай қоғамының облыстық филиалында, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы мен өзге де мекемелерде іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Осы мақсатта колледжде “Искорка” атты еріктілер қозғалысы да өз жұмысын бастаған екен. Бұл шаралар өз жемісін беріп, жарым-жан жандарға көмектесемін деген ниеті бар әлеуметтік қызметкерлер қатары көбейе түседі деген сенімдеміз.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.