«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ МОЛ ЖАНДАР

 

Халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдау, қоғамның қамқорлыққа зәру мүшелеріне қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болғанымен, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, жүрек жылуын сыйлау кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін жауапты жұмыс. Кеше С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрында өткен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шарада жүздерінен жылылық лебі ескен, жүректерімен мейірім шуағын шашқан аяулы жандар ыстық ықыласқа бөленді. Кәсіптік мерекені атап өтуге арналған салтанатты жиынға өңір басшысы Ерік Сұлтанов қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында ең басты міндеттердің бірі ретінде әлеуметтік саланы дамытуды атап өткен болатын. Бүгінде облысымызда тұрғындардың әлжуаз топтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік және салалық бағдарламалар табысты жүзеге асырылып келеді. Соңғы он жылда әлеуметтік саланы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру үш есеге артты. Арнайы кешенді қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар саны да өсті. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған төрт жаңа медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды, – деген облыс әкімі өңірімізде “Әлеуметтік такси” жұмысының бір жүйеге келтірілгендігін де атап көрсетті.

Бүгінде өңірімізде екі мыңнан астам маман әлеуметтік қорғау саласында қызмет етеді. Оларды осынау кәсіптік мерекелерімен құттықтаған облыс басшысы Ерік Сұлтанов қажырлы еңбектеріне алғыс айтып, баршасына шыдамдылық пен сәттілік, зор денсаулық тіледі.

Құттықтау сөзінен кейін Ерік Хамзаұлы көпжылдық адал еңбегі мен әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін 12 адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, сегіз қызметкерге Алғыс хатын табыс етті.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жауапты хатшысының бұйрығымен сегіз сала қызметкері “Әлеуметтік еңбек саласының үздігі” төсбелгісімен, бес солтүстікқазақстандық Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбектері лайықты бағаланғандар сөз алып, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған осынау мерекеде жеткен жетістіктеріне ризашылық білдіріп, алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға сүбелі үлес қосатындықтарын айтты.

Шараның ресми бөлімінен кейін, театрға жиналғандарға өңіріміздің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp