«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

 

Жуырда “Улыбка” қоры тарапынан ұйымдастырылған бір қайырымдылық шарасына қатысып, көздері жаутаңдаған балғындардың қилы тағдырына куә болдым. Сөйтсем, менің бұған дейін Галина Бондаренко жетекшілік ететін ұйым тек қайырымдылық шараларымен ғана айналысады деген ойым қате болып шықты. Қор бастапқыда тұрмысы төмен отбасылардың кішкентай бүлдіршіндеріне ізгілік көмек қолын созу мақсатымен құрылса да, кейін жұмыс ауқымы кеңейіп, сан-салалы бағытта тарамдалған екен.

Галина облыстық телеарнада қызмет атқарып жүргенде түрлі жағдайларға тап болып, тауқымет көрген балалармен, аз қамтылған отбасылармен жолы жиі түйісіп жүрген екен. Өзінің айтуынша, осындай кездесулерден кейін жанын қояр жер таба алмай, жүрегі қатты сыздапты. Әсіресе, туабітті науқасқа шалдыққан бүлдіршіндерді көргенде әлдебір ішкі уайым еңсесін түсіріп, мазасын кетіретін. Бірде үбірлі-шүбірлі шаңыраққа барғанда алдынан аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай сәби жүгіре шығып, “тәте, маған велосипед әкелді”, деп шаттана айғай салады. Құрқол келген Галина қатты қысылғаннан не істерін білмей, төмен қарай беріпті. Сөйтсе, әлдекімдер балаға уәде беріп, есік қоңыраулатқан сайын елегізе тосатын көрінеді. Ол дәрменсіз жандарға қолымнан келгенше неге көмек жасамаймын деген шешімге келеді. Қыр-сыры беймәлім кәсіппен айналысуға бел буады. Ісі ә дегеннен дөңгеленіп кетті десек, шындыққа жанаспас. Көп қиындықтарды бастан өткерді. Қоғамдық негізде жәрдем жасау ол күткеннен де күрделі болып шықты. Әсіресе, демеушілер табу өте қиынға соқты. Жалға алған мекеме үшін айына 200 мың теңгеге дейін төлеп жүрді. Қарызданып-қауғаланды, банктен несие алды, не керек, алға қойған арманы орындалып, “Улыбка” қайырымдылық қоры құрылды.

Кейін көпшіліктің сұрауы бойынша қаладан шеткерілеу орналасқан 20-шы шағынауданда “Фея” деген атпен инклюзивті білім беру-сауықтыру-көңіл көтеру орталығы ұйымдастырылды. Мұнда сау және дім-кәс бүлдіршіндердің бойының да, ойының да, күш-қуатының да ойдағыдай қалыптасуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Аяқтан тұрып алғаннан кейін кеселі ауыр балаларға материалдық қолдау көрсетіле бастады.

Бүгінгі таңда қос орталыққа 1-7 жас аралығындағы 100-ге жуық балақай қатынайды. Араларында туабітті мүгедектер, жазылмайтын дертке шалдыққандар аз емес. Балалардың шығармашылық қарым-қабілетін оятып, кеселден емдеуге озық әдістер мен білікті мамандар жұмылдырылған. Тәжірибелі психолог, логопед, массажшы, аниматор, хореограф секілді 15 адам жұмыс істейді. К. Исраелян балаларға ағылшын тілін оқытса, А. Селиванов шығыс жекпе-жегіне жаттықтырады. Енді қазақтың өнерін тарату, оның ішінде, домбыра тартуға үйрету секілді міндет тұр.

Галина Бондаренко балаларға қатысты көптеген шараларға ұйытқы болып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшесімен бірігіп өткізген “Жақсылық жаса!” атты акция кең қолдау тапты. Бұл бастамаға білім ошақтары да қызу үн қосып, шоу-ойындар, қайырымдылық концерттер, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Оның соңы қалалық Мәдениет үйіндегі өткен тағылымды шарамен түйінделді. Мұндай игі істерге “Канц-маркет”, “Апельсин”, “Радужный” сияқты шағын және орта бизнес субъектілері де тартылды. Ал “Рахмет”, “Медеу”, “Апорт”, тағы басқа сауда орталықтарында киім-кешектер мен қаржы жинауға арналған арнайы жәшіктер қойылып, бірінші кезекте аз қамтылған отбасыларға көмек берілді. Жуырда қомақты қаражат Настя Шараповаға тапсырылды. Екі жастағы сәби сүйек туберкулезіне шалдыққан. Келесі кезекте үш жастағы Милена Темрик тұр. Шетелде медициналық тексеруден өткен оның бүйрегі ауыстырылмақ. Үш жылдың бедерінде тоғыз балаға ем-дом, ота жасалуының өзі төгілген тердің, жұмсалған еңбектің зая кетпегенін аңғартса керек. Солардың бірі туабітті жүрек ауруына ұшыраған алты жастағы Кирилл Сухомлинов Санкт-Петербург қаласында жасалған отадан соң кеселінен айыққан.

– Қайырымдылық қорына түскен қаражат тек өз мақсатына жұмсалуы тиіс. Сондықтан мекемені жалға алуда әлі де біршама қиындықтар бар. Мәселеге қалалық әкімдік түсіністікпен қарап, оң шешілуіне ықпал жасайды деген сенімдемін. Әзірге демеушілердің көмегіне жүгініп жүрміз. Солардың бірі ретінде “Казградстрой” ЖШС-нің басшысы Александр Авдеевті ерекше атар едім. Ол “Мечта” тұрғын үй кешенінен балалар орталығы үшін 170 шаршы метр орын бөліп берді. Мені аутизм сияқты ауыр кеселге ұшыраған балалар санының көбейіп келе жатқаны қатты алаңдатады. Бұл ауру неғұрлым тезірек анықталса, ем-дом да соғұрлым тиімді болмақ. Ондайлар көбіне тұрмысы төмен отбасылардан шығады. Үйде отырып қалса, қатарластарымен араласпаса, бала ешқашан дамымайды. Сондықтан осы санаттағы бүлдіршіндерді қамқорлыққа алып, тағы бір орталық ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Галина Анатольевна.

Бұл орайда, ол республикалық “Асыл бала” қауымдастығына сенім артып отырғанын да айтып өтті. Еліміздегі белсенді кәсіпкер әйелдердің бастамасымен балаларға моральдық, материалдық және медициналық көмек көрсету мақсатымен құрылған құрылымның облыстағы бөлімшесін басқару Галина Бондаренкоға жүктелген. Демек, бүлдіршіндерге жақсылық жасауды арман еткен қайырымды жанның үміті үзілмейді деген сөз.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp