Өскелең ұрпақты қазақ тілінің нәрімен сусындатып жүрген ұстаздардың бірі – Мағжан Қоқанова. Ол 1979 жылы онжылдық мектепті бітіріп, Щучье қаласындағы педагогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тамамдады. Еңбек жолын Айыртау ауданындағы Казанка орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған Мағжан Файзоллақызы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгерді.
Өзінің жүрек қалауымен ұстаздықты таңдаған Мағжан Қоқанова 35 жылдан астам уақыт сүйікті ісімен айналысып келеді. Ол орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді және мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Өз ісін шебер меңгерген білікті маман алдындағы шәкірттеріне мемлекеттік тілді меңгертуде шығармашылықпен жұмыс істейді. Әр сабағын жаңаша әдіс-тәсілдермен түрлендіріп өткізеді. “Мақалды толықтыр”, “Ойлан, тап”, “Анаграмманы шеш”, “Кім көп сөз жасайды?”, “Ассоциация, проблемалық, тілдік жағдаят”, “Айтысқа шық”, “Такси ойыны”, “Своя игра” атты ойын сабақтарын өз тәжірибесінде жиі қолданады.
Мағжан Қоқанованың алдына қойған мақсаты – шығармашыл, ізденімпаз тұлғаны қалыптастыру. Оқушының шығармашылық қиялын, ойын, тілін дамыту үшін баланың айқын, көркем сөйлеуін, ойын жүйелеп толық айтуын талап етеді. Инновациялық технологиялармен оқыту – нәтижеге жетудің тиімді әрі нақты жолы. ҰБТ қорытындысы бойынша 2013 жылы оқушылары қазақ тілі пәнінен 100 пайыз білім сапасын көрсетті. Бүгінгі оқушы қоғамның ертеңгі мүшесі деп білетін ұстаздың оқушысы Борис Комбеец қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен облыстық олимпиадада екінші және үшінші орынға ие болып жүр. Ол “Мен және сен қазақша сөйлейміз” атты сайыстың аудандық кезеңінің жеңімпазы атанып, облыста “Білгенге – маржан” аталымы бойынша марапатталды. Қазақ тілі білгірлерінің “Тіл – халық жанын танудың кілті” байқауында “Тест жұмыстары шешімін үздік табушы” аталымына ие болды.
Мағжан Файзоллақызының аудан, облыс көлемінде өткізген ашық сабақтары, мұғалімдер семинарларында оқыған баяндамалары әріптестері тарапынан оң бағаға ие болды. Ол осылай іс-тәжірибесімен алмасып, жас мамандардың шығармашылықпен шыңдалуына өз үлесін қосуда.
Жәмила СӘКЕНОВА,
Казанка орта мектебінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.