
Бүгінгі таңда ел өміріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше екендігін айтып жатудың өзі артық. Қоғамның ой-өрісінің көкжиегін кеңейтіп, талғам-талабын арттыруда қалам құдіретін таныта білген жергілікті журналистерді кәсіби мерекелері – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
– Сіздердің мамандықтарыңыз – жан-жақты білімді талап ететін, қиын да қызықты кәсіп. Журналистер өңірімізде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды және маңызды жаңалықтарды халыққа толыққанды жеткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қоғамның барлық саласына зор үлесін қосып келеді. Сіздердің арқаларыңызда билік пен халықтың арасында сенімге селкеу түсірмейтін мықты байланыс орнатылған, – деді Ерік Хамзаұлы.
Жаңалықтың жаршысы, қоғамның айнасы ғана емес, мемлекет тәуелсіздігіне тіреу бола білген бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және сыйақысы табыс етілді. Олардың қатарында ұжымымызда 13 жылдан бері еңбек етіп, газет дизайнының қыр-сырын меңгерген әріптесіміз Ақнұр Бейсенбаева да бар.
Қарапайым халықтың жоқшысы мен жаршысына айналған “төртінші билік” өкілдеріне лайықты құрмет көрсеткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Егемен Қазақстан” газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Өмір Есқалиды мерейлі 60 жасқа толуымен құттықтады. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы атанған “Егемен Қазақстан” газетінде көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әріптесімізге Қазақстанның Құрметті журналисі атағы берілді. Осындай зор құрметке ие болған Өмір Есқали жергілікті билікке алғысын білдіріп, “Шындықтан ауытқымай, жазарымыз көп болсын!” – деген тілегін жеткізді.
Халыққа адал қызмет етіп, еліміздің дамуына зор үлес қосып, Отанның болашағы, Қазақстан халқының игілігі үшін тыным таппайтын жергілікті билікке ризашылықтарын білдірген “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы-бас редактор Жарасбай Сүлейменов пен “Казахстанская правда” газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Валерий Мерцалов марапатқа ие болып жатқан әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты сәттен кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов ақпарат айдынының өкілдерімен естелік суретке түсті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.