
Ауылда мұғалімдіктің қыр-сырына қаныққан ол қалаға көшіп келісімен №24 орта мектепке орналасып, оқушылармен бірден тіл табысты. Жаратылысынан істеген ісіне мығым, талап қоя білетін ұстаздық қабілетінің арқасында басшылардың көзіне түсті. Сөйтіп, әл-Фараби мектеп-лицейіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауысты.
Өзі білім алған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатындағы жұмысы оны тіпті баурап алды. Әр сабақты түрлендіріп, оқушыны қызықтыра білу, оларды өз беттерімен ізденуге талпындыру үшін алдымен ұстаздың өресі жоғары болуы тиіс. Осы білім ордасында директордың бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Айнагүл Жұмабекқызы сонда оқитын әр оқушыны “неге қабілеті басым?”, “қандай пәнге қызығушылық танытады?”, “ол баланы қай бағытқа бейімдеуге болады?” деген мәселе төңірегінде зерттеп, пән мұғалімдерімен ақылдаса отырып айқындайды. Оқушылардың қайсысын қандай олимпиадаға қатыстырған ұтымды екенін де үнемі назарда ұстайды.
– Шәкірттердің алған білімдерін өмірде пайдалануына, олардың көпшілік алдында ширыға түсуіне түрлі сайыстардың әсері мол. Сондықтан жарияланған олимпиадалардан қалмауға тырысамыз. Нәтижеміз де жаман емес, – дейді ұстаз.
Гимназия-интернатында ол қызмет істеп келе жатқан жеті жылда талай түлек қанат қаққан. Оның басқаруымен жылына 28-32 ғылыми жоба жазылып, бірнеше түлек грант иегері атанады.
“Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту” мәселесі бойынша жұмыс атқарып келе жатқан Айнагүл Жұмабекқызының өз шәкірттері де жыл сайынғы түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Балбота Аюпова, Әсел Хайрулина, Әділбек Алтынбек, Диана Ысқақова, Альбина Қанатова, Жадыра Бейсембекова, Айғаным Ұланова, Әйгерім Ержанова сынды әр жылдардағы оқушылары ұстаздың мақтанышы.
Өзінің және әріптестерінің кәсіби шеберлігін шыңдау жолында тынбай еңбек ететін ол мектепте облыс мұғалімдері үшін ғылыми-практикалық конференцияларды да жиі ұйымдастырады. Айнагүл Жұмабеқызының ұйымдастыруымен ұжым “Үздік білім беру ошағы” атты жинақ шығарып, 13 миллион теңгенің грантын ұтып алуы да оның іскерлігін айғақтайды. Одан басқа “Мектебім толды 70-ке” атты үш кітабы мен бейнетаспасы шығып, “Ұстаз – ұлы есім” атты республикалық бейнеролик конкурсына қатысты. Биылғы оқу жылында дарынды балаларға арналған жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы авторлық бағдарламалар жинағы жарық көрді.
Қаршадайынан еңбек жолын мұғалімдікке арнаған Айнагүл Есқалиева болашаққа ел Тәуелсіздігімен бірге қадам басып келеді. Ұстаз жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Айнагүл Жұмабекқызының жар таңдауда да жолы болған. Құдай қосқан қосағы Жасұланмен тату-тәтті өмір сүріп, алтын асықтай бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.