«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

2000 жылдардың басында отбасымызбен Өзбекстаннан көшіп келіп, Тайынша ауданындағы Чкалов ауылына қоныстандық. Қазіргі таңда ата-анам сол ауылда тұрады.

Мен Рудный қаласындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжді тамамдағаннан кейін Тайынша қаласындағы №2 мектепте бір жылдай бастауыш сынып оқушыларына сабақ бердім. Ауылдық жерге жұмыс істеуге барған жас мамандарды қолдау мақсатында аудандық әкімдіктен әлеуметтік көмек қарастырылып, көтермеақы алдым.
Ал соңғы үш жылдан бері Амандық орта мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Жастайымнан әдебиетке қызығушылық танытып, шығармашылыққа жақын болғандықтан, мектебімізде оқушылардың “Жас қаламгер” театр үйірмелерін ашуды жөн көрдім. Осылайша, өнерге, әдебиетке икемі бар өрендердің шығармашылығын, дарынын жетілдіруді мақсат еттім. Балалар бұл бастаманы қолдап, қызығушылық танытты. Қазіргі таңда театр үйірмесіне қатысатын жиырмадан астам өренмен бірге аудандық деңгейдегі мерекелік бағдарламаларға қатысудамыз. Ал “Жас қаламгер” үйірмесінде қабілетін шыңдап жүрген оқушыларым байқауларда топ жарып, жетістіктерімен қуантуда.
Шәкірт тәрбиелеу ісіне және мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан еңбегім бағаланып, биылғы оқу жылының екінші тоқсанында директордың орынбасары болып тағайындалдым. Бүгінгі таңда білім ордасындағы 103 оқушыға жиырмадан астам мұғалім тәлім-тәрбие беруде. Әрине, ұстаздарға қойылатын ең басты талап – сапалы білім. Сондықтан балаларға сабақ беруде түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалануға тырысамын. Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес жетекші ретінде бір оқушыны таңдап, берілген тақырыпты сол арқылы түсіндірген жөн. Жаңа сабақты түсіндіру кезінде осыған дейін өткен тақырыптарды қайталап, оқушының есте сақтауына мән береміз. Ауыл мектептерінде бала саны аз болғанымен, топтық жұмыстарды жүргізудің пайдасы мол. Шәкірттерім түрлі байқаулар мен қашықтық олимпиадаларына қатысуда. Өткен жылы Әлижан Қайрат математикадан қашықтан өткен облыстық және республикалық сайыстарда бірінші орын иеленді.
Алдағы уақытта осы мектептегі білім беру ісін жетілдіру бағытындағы жұмыстарымды жалғастырсам деймін. Өйткені, ауылға жас мамандар қажет. Қазіргі таңда жастар жоғары білім алып, қалаған мамандықтарын меңгеруде. Бірақ ауылға келуге ниет танытқандары шамалы. Сондықтан оларды қолдау, ынталандыру мақсатында түрлі бағдарламалар әзірленуде. Жастар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елді мекендердің көркеюіне үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.


Амангелді ЯКИЯЕВ,
Амандық орта мектебі директорының орынбасары.
Тайынша ауданы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp