«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Еліміз бүгінгідей қиын күндерді басынан өткеріп жатқанда бір-бірімізге қолдау білдіріп, ауызбіршілік танытудың маңызы зор. Адамгершілігіміз сыналар сәтте “Jas Otan” жастар қанаты өңірлік филиалының белсенділері мен облыс еріктілері тұрғындарға көмекке келуде.

Белсенді жастар “Biz birgemiz” акциясы қолға алынғаннан бері республика бойынша екі мыңға жуық отбасыға азық-түлік жеткізуге қол ұшын берді. Оларға күнделікті қажетті тағамдармен қатар тұрмыстық заттар, антисептиктер де апарып бердік. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге көмек береміз. Мәселен, өткен аптада жұбайы сал ауруына шалдыққан, үшінші топтағы мүгедек қызы бар Тамара Матвеевнаның үйіне бардық. Карантин кезінде отбасы мүшелері үйден шыға алмай, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін бірнеше рет көршілерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Енді олар қажет болғанда бізге хабарласа алады.
Еріктілер де қамқорлыққа мұқтаж жандарға әркез жақсылық жасауды өздерінің парызы деп біледі. Облыс орталығындағы жастар ресурстық орталығы волонтерлер клубының жетекшісі Азат Мұхамеджанов бастаған қайырымды жастар қаншама тұрғынның алғысына бөленуде. Сонымен қатар олар зейнеткерлерді денсаулығына қауіп төндірмей, үйде отыруға шақыруда. Бұл үшін арнайы жадынамалар таратуда. “Nur Otan” партиясының өңірлік филиалы ұйымдастырған қайырымдылық шараларына атақты жерлестеріміз де қолдау білдіруде. “Jas Otan” жастар қанатының белсенді өрендері Канн кинофестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмовамен бірге игі іс атқарғандарын мақтан тұтады.
Осы бағыттағы жұмыстарымыз алдағы күндері де жалғасын табады Сондықтан кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін акцияға белсене қатысуға шақырамыз. Біз жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге, мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ, қиындыққа тап болған жандарға қуаныш сыйлауды жалғастыра бермекпіз.

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp