Коронавирус індетінің таралуына орай елімізде жарияланған төтенше жағдай тәртібіне қатысты тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар туындауда. Осыны ескеріп, өңір полицейлері облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілерінің аккаунттарында тікелей эфир өткізді. Келіп түскен сұрақтарға Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов пен жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах жауап берді.
Бір сағатқа созылған тікелей эфир барысында үйден шығу және қала ішінде жүру ережелеріне қатысты 100-ге жуық сұрақ келіп түсті. Петропавлдықтардың басым бөлігін жеке тұратын қарт ата-аналарына тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізу мәселелері толғандырады екен. Александр Розбах түсіндіргеніндей, қолдарында егде жастағы ата-анасының құжаттарының көшірмелері болған жағдайда азаматтарға әкімшілік шара қолданылмайды. Жұмысқа баратын адамдардың жүру бағытын растайтын құжаттары болуы керек. Бұл құжаттардың үлгілері Петропавл қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылған (http://petropavl.sko.gov.kz). Жұмысқа көлікпен баратын жүргізушілерде жұмыс орнынан анықтама болуы тиіс. Айта кету керек, егер анықтамада көрсетілген ұйым облыстың бас санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес төтенше жағдай кезінде өз қызметін жүзеге асыруға құқылы болса ғана, анықтама жарамды.
Сондай-ақ, полицейлер барлық азаматтар жеке куәліктерін ала жүруі керек екенін ескертті. Тәртіп сақшылары санитарлық дәрігердің қаулысына енгізілген өзгерістер жайлы да түсінік берді. Саяжайларға қатынауға тыйым салынғанына тоқталды.