Ауылы аралас, қойы қоралас Қызылжар мен Көкшетау өңірлерін ән мен жырға бөлеген Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Орынбай Бертағыұлы сынды дүлдүлдердің ізін жалғаған дарын иесі, ақын, журналист Жұмабай Есекеевтің есімін өнер сүйер қауым ұмытқан емес. Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай батыр, Майлықожа, Қашаған жырау, Кенесары, Мағжан Жұмабаев, Мәлік Ғабдуллиннің мерейтойларында орақ тілді, от ауызды ақындармен айтысқа түсіп, қарсыластарына есесін жібермеген жерлесіміздің көпшілікке беймәлім қырларына көз жүгірту мақсатында Көкшетауға арнайы барып, жақсының жары Мәраш Нұрмағанбетқызымен әңгімелескен едік.
Ақынның зайыбының жанары мұңға толы екен. Оған себеп – жан дегендегі жалғыз ұлы Шоқанның 2024 жылы дүниеден өтуі. Бауыр еті баласының қайғысын қай ана көтере алсын? Бұл сынақ Мәраш апаның дертін одан сайын асқындырып жіберген көрінеді.
Жұмабай Есекеев 1939 жылы Айыртау ауданына қарасты Егінді ағаш ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге құштар болып өседі. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдағаннан кейін Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы», кейін «Көкшетау» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Көкшетау облысы жабылған тұста кейіпкеріміздің аз уақыт облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде қызмет еткенін біреу білсе, біреу білмес. Қаламгерлікті өмірінің өзегіне айналдырған Жұмабай Қабділмәжитұлы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінен зейнетке шықты. 1999 жылы қаламгердің 60 жылдық мерейтойында «Soltüstık Qazaqstan» газеті редакциясының ұжымы басылымға «Жырқұмар Жұмабайға» деп аталатын өлең жариялапты.
«Серілер мен салдардың жатқан жері –
Айыртаудың ол да бір ақтаңгері.
«Есекеев Жұмабай» деген кезде,
Бүкіл облыс көз тігіп, мақтанды елі», – деп басталатын өлең шумағы жерлесіміздің көзі тірісінде абыройлы жан болғанын айғақтап тұрғандай. Көз көргендердің айтуынша, Жұмабай Есекеевтің көкірегі тұнған шежіре. Талай дарынды дүниеге әкелген текті топырақтан түлеген ол әнші-жыршылардың, айтыскер ақындардың мұрасын жинап, жас ұрпаққа аманаттаумен айналысты. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Мағжан Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» атты шығармаларын, сондай-ақ Орынбай, Біржан, Шал ақын, Шөже, Ақан сері, Жамбыл, Кемпірбай, Арыстанбайдың айтыстарын жатқа айтқанда тыңдаған адамның таңдайын қақтыратын. Бала жасынан «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын жаттап, ел ішіндегі жыршылық дәстүрді жалғаған ол белгілі Байсейіт жырау дәстүрімен «Мұңлық-Зарлық» дастанын өзіндік мақаммен жырлауға машықтанған.
– Екеуіміз де Айыртау ауданының Егіндіағаш ауылында туып-өскенбіз. 1960 жылы отбасын құрдық. Үш жылдай ауылда ата-анамыздың қолында тұрдық. Бір шаңырақтың астында 58 жыл ғұмыр кешіппіз. Сол елу сегіз жыл елу сегіз күндей өте шықты. Бір-бірімізді ренжітпедік, әй-шәй деспедік, – дейді жақсының жары.
Ерлі-зайыптылардың жұмыс бабымен Қарағанды облысына қоныс аударған сәті де болғанын жоғарыда жаздық. Ол жерде Жұмабай ағамыз газетте, ал Мәраш тәтей зауытта жұмыс істеген.
Газет қызметкері уақытпен санасуды білмейтін маман болуы тиіс. Жұмыстың барлық ауыртпалығын әріптестеріңмен бірге көтермесең, саланың дамуына үлес қосуың неғайбыл. Жұмабай Есекеев қай ұжымда қызмет атқармасын, әріптестерімен тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласты. Ел азаматының шаңырағынан мейман үзілмепті.
Ақын – қолы жетпесе де, Айға ұмтылып, қауіпті екенін білсе де отқа оранатын ерекше тіршілік иесі. Мәраш тәтей жұбайының аңғалдығын, баладай сенгіштігін сағынышпен еске алады. «Ақынның жары болу қиын» деп жатады біреулер. Ал мен сондай қиындықты сезбедім. Өйткені ағаларың өте жайлы кісі болды. Балаларды балабақшаға, мектепке өзі тасыды. Үйдегі, түздегі жұмыстың бәріне үлгеретін», – дейді жақсының жары.
Жұмабай Қабділмәжитұлы өте әзілқой жан болған. Жұмыстан қолы қалт еткенде жан жарымен, балаларымен қалжыңдасып, жақындарының езуіне күлкі үйіріп, айналасын қуанышқа толтыратын. Алдына көмек сұрай келген ағайыннан, достардан аянған кезі жоқ. Қалтасындағы соңғы тиынын қайырымды іске жұмсауға әдеттенген ол «қанағат қарын тойғызар» деген тәмсілді өмірінің өзегіне айналдыра білді.
Қарт ана 2018 жылы ері өмірден өткенде уақыт тоқтап қалғандай күйге түскенін жеткізді. Шөбересі Рәшид дүние есігін ашқанда балаша секіріп, бір-бірін құшақтап, шаттанғаны көз алдынан кетер емес. «Ағаларың ғұмырдың мәні – еңбекте деп білді. Көзінің нашар көретінін қатты уайымдайтын. «Ертең суқараңғы боп қалсам, сен мені жетектеп жүресің бе?» деп әзілдейтін. Қаланың орталық саябағында серуендегенді жақсы көрді. Жұмекеңнің жарқын бейнесі жүрегімде сақтаулы», – дейді Мәраш Нұрмағанбетқызы.
Өнегелі өмір жолын өлеңмен өрген ақынның «Айыртау арыстары», «Кеудемнің көгала үйрегі», «Ғибрат», «Арқаның сал-серілері», «Қалдырған», «Жыр-домбыра» атты кітаптары өз оқырмандарын тапқан. Одан өзге тарихи тұлғалар жайлы жазған очерктері мен танымдық мақалалары оның ізденімпаз журналист болғанын дәттейді. Жерлесіміздің есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында игі істер атқарылып жатыр. 17 жыл өзі тұрған баспанасының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылыпты.
«Өз басым махаббатты сыйластық деп қабылдаймын. Біз бір-бірімізді сыйлап өттік. Жанымызға қаяу түсірген емеспіз. Сыйластықтың салмағы ағайын-туыстың артық сөзіне мән бермегенде, бір-біріңе жанашыр болғанда ғана арта түседі. «Отбасында бақытты адам ғана – бақытты» деген аталы сөз бар. Өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін», – деп әңгімесін түйіндеді Мәраш Нұрмағанбетқызы.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».