«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖҰБАТАТЫН ЖАБЫҒЫП ҚАЛҒАН КЕЗДЕ»

Ауылы аралас, қойы қоралас Қызылжар мен Көкше­тау өңірлерін ән мен жырға бөлеген Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Орынбай Бертағыұлы сынды дүл­дүлдердің ізін жалғаған дарын иесі, ақын, журналист Жұмабай Есекеевтің есімін өнер сүйер қауым ұмытқан емес. Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай батыр, Май­лықожа, Қашаған жырау, Кенесары, Мағжан Жұмабаев, Мәлік Ғабдуллиннің мерейтойларында орақ тілді, от ауызды ақындармен айтысқа түсіп, қарсыластарына есесін жібермеген жерлесіміздің көпшілікке беймәлім қырларына көз жүгірту мақсатында Көкшетауға арнайы барып, жақсының жары Мәраш Нұрмағанбетқызымен әңгімелескен едік.

Ақынның зайыбының жанары мұңға толы екен. Оған себеп – жан дегендегі жалғыз ұлы Шоқанның 2024 жылы дү­ниеден өтуі. Бауыр еті баласының қай­ғысын қай ана көтере алсын? Бұл сынақ Мәраш апаның дертін одан сайын ас­қындырып жіберген көрінеді.

Жұмабай Есекеев 1939 жылы Айыр­тау ауданына қарасты Егінді ағаш ауы­лында дүниеге келген. Жастайынан өнерге құштар болып өседі. Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдағаннан кейін Қара­ғанды облыстық «Орталық Қазақстан», Көкшетау облыстық «Көкшетау правда­сы», кейін «Көкшетау» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Көкшетау облысы жабылған тұста кейіпкеріміздің аз уақыт облыстық «Солтүстік Қазақс­тан» газетінде қызмет еткенін біреу біл­се, біреу білмес. Қаламгерлікті өмірінің өзегіне айналдырған Жұмабай Қабділмә­житұлы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінен зейнетке шықты. 1999 жылы қаламгердің 60 жылдық мерейтойында «Soltüstık Qazaqstan» газеті редакциясы­ның ұжымы басылымға «Жырқұмар Жұ­мабайға» деп аталатын өлең жариялап­ты.

«Серілер мен салдардың жатқан жері –

Айыртаудың ол да бір ақтаңгері.

«Есекеев Жұмабай» деген кезде,

Бүкіл облыс көз тігіп, мақтанды елі», – деп басталатын өлең шумағы жер­лесіміздің көзі тірісінде абыройлы жан болғанын айғақтап тұрғандай. Көз көр­гендердің айтуынша, Жұмабай Есе­кеевтің көкірегі тұнған шежіре. Талай дарынды дүниеге әкелген текті топырақ­тан түлеген ол әнші-жыршылардың, ай­тыскер ақындардың мұрасын жинап, жас ұрпаққа аманаттаумен айналысты. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Мағжан Жұмабаевтың «Оқжетпестің қиясында» атты шығармаларын, сондай-ақ Орын­бай, Біржан, Шал ақын, Шөже, Ақан сері, Жамбыл, Кемпірбай, Арыстанбай­дың айтыстарын жатқа айтқанда тыңда­ған адамның таңдайын қақтыратын. Бала жасынан «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын жаттап, ел ішіндегі жыршы­лық дәстүрді жалғаған ол белгілі Бай­сейіт жырау дәстүрімен «Мұңлық-Зар­лық» дастанын өзіндік мақаммен жыр­лауға машықтанған.

– Екеуіміз де Айыртау ауданының Егіндіағаш ауылында туып-өскенбіз. 1960 жылы отбасын құрдық. Үш жылдай ауылда ата-анамыздың қолында тұрдық. Бір шаңырақтың астында 58 жыл ғұмыр кешіппіз. Сол елу сегіз жыл елу сегіз күндей өте шықты. Бір-бірімізді ренжіт­педік, әй-шәй деспедік, – дейді жақсы­ның жары.

Ерлі-зайыптылардың жұмыс бабы­мен Қарағанды облысына қоныс аудар­ған сәті де болғанын жоғарыда жаздық. Ол жерде Жұмабай ағамыз газетте, ал Мәраш тәтей зауытта жұмыс істеген.

Газет қызметкері уақытпен санасуды білмейтін маман болуы тиіс. Жұмыстың барлық ауыртпалығын әріптестеріңмен бірге көтермесең, саланың дамуына үлес қосуың неғайбыл. Жұмабай Есекеев қай ұжымда қызмет атқармасын, әріптес­терімен тонның ішкі бауындай қоян-қолтық араласты. Ел азаматының шаңы­рағынан мейман үзілмепті.

Ақын – қолы жетпесе де, Айға ұмты­лып, қауіпті екенін білсе де отқа орана­тын ерекше тіршілік иесі. Мәраш тәтей жұбайының аңғалдығын, баладай сенгіштігін сағынышпен еске алады. «Ақынның жары болу қиын» деп жатады біреулер. Ал мен сондай қиындықты сез­бедім. Өйткені ағаларың өте жайлы кісі болды. Балаларды балабақшаға, мектеп­ке өзі тасыды. Үйдегі, түздегі жұмыстың бәріне үлгеретін», – дейді жақсының жары.

Жұмабай Қабділмәжитұлы өте әзіл­қой жан болған. Жұмыстан қолы қалт еткенде жан жарымен, балаларымен қалжыңдасып, жақындарының езуіне күлкі үйіріп, айналасын қуанышқа тол­тыратын. Алдына көмек сұрай келген ағайыннан, достардан аянған кезі жоқ. Қалтасындағы соңғы тиынын қайырым­ды іске жұмсауға әдеттенген ол «қанағат қарын тойғызар» деген тәмсілді өмірінің өзегіне айналдыра білді.

Қарт ана 2018 жылы ері өмірден өт­кенде уақыт тоқтап қалғандай күйге түс­кенін жеткізді. Шөбересі Рәшид дүние есігін ашқанда балаша секіріп, бір-бірін құшақтап, шаттанғаны көз алдынан ке­тер емес. «Ағаларың ғұмырдың мәні – еңбекте деп білді. Көзінің нашар кө­ретінін қатты уайымдайтын. «Ертең су­қараңғы боп қалсам, сен мені жетектеп жүресің бе?» деп әзілдейтін. Қаланың орталық саябағында серуендегенді жақ­сы көрді. Жұмекеңнің жарқын бейнесі жүрегімде сақтаулы», – дейді Мәраш Нұрмағанбетқызы.

Өнегелі өмір жолын өлеңмен өрген ақынның «Айыртау арыстары», «Кеу­демнің көгала үйрегі», «Ғибрат», «Арқа­ның сал-серілері», «Қалдырған», «Жыр-домбыра» атты кітаптары өз оқырманда­рын тапқан. Одан өзге тарихи тұлғалар жайлы жазған очерктері мен танымдық мақалалары оның ізденімпаз журналист болғанын дәттейді. Жерлесіміздің есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында игі істер атқарылып жатыр. 17 жыл өзі тұр­ған баспанасының қабырғасына ес­керткіш тақта орнатылыпты.

«Өз басым махаббатты сыйластық деп қабылдаймын. Біз бір-бірімізді сый­лап өттік. Жанымызға қаяу түсірген емеспіз. Сыйластықтың салмағы аға­йын-туыстың артық сөзіне мән берме­генде, бір-біріңе жанашыр болғанда ғана арта түседі. «Отбасында бақытты адам ғана – бақытты» деген аталы сөз бар. Өзімді бақытты әйелмін деп есеп­теймін», – деп әңгімесін түйіндеді Мә­раш Нұрмағанбетқызы.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp