«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жұлдыз

(Әңгіме)

Саян биыл үшінші сыныпты бі­тірді. Жазғы демалысқа шығып, ер­кінсіп жүр. Жуырда қыдырып қа­лада тұратын апа-жездесіне бар­мақ. Күнде саябақтан шық­пай­ды, әткеншектердің бәріне мінеді, балмұздақты тойғанша жейді. Одан кейін, басқа ауылда тұра­тын әке-шешесіне барады. Осы ойына елтіп жүргеніне екі-үш күн боп қалды, Салтанат әпкесінің келуін тосып жүр. Бірақ сабақ біт­ті екен деп, жұмыссыз отырмай­ды. Құсқа жем шашу, семіртуге қойған ұсақ малды жайлау, қи шы­ғару, су тасу, бақшада арамшөп отау, кеш­ке мал түгендеу секілді күнделікті тірлік болса-болмаса мойнында. Осының бәрі он жас­тағы ауыл ба­ласы үшін ойнап жү­ріп істейтін ша­руа, ал қаладан кел­ген талай ақ­саусақ немере-жиен тосырқай қарап, айнала қашады. Қайтсін, он­дайды істемегендіктен икемі жоқ, тәпкені бір-екі сіл­те­генге бол­дырып қалады. Ал ыс­тық таба нан­ды қаймаққа баты­рып жегенде, мана ғана қорадан мұрнын тыр­житып шығып кет­ке­нін ұмытып кетеді, шіркіндер.

Бүгін Әмір атасының Алматы­да тұратын жиені Самат келді. Екеуі құрдас болса да, Саянның бойы тапалдау, есесіне жауы­ры­ны кең. Ал Самат болса, бойы се­рейіп өскенімен, иығы қушиған. Жай ғана амандасқаннан әріге бар­ған жоқ. Жылдағы әдеттері осы, жыл бойы көрмегендіктен жа­тырқап қалады да, жаз бойы ба­уыр басып, қимай қоштасады. Кеш­ке, малдың алдынан бірге шықпақ боп келісті де, үйлеріне тарады.

Маусымның ыстығы биыл ерек­­ше, күннің көзі таң атқаннан шақырайып алады да, бесінге дейін күйдіріп тұрады. Жаңбыр жаумағалы да бір апта болды. Саян үйге кіріп, атасының жанына отыра кетті. Апасы айналып-толғанып жүріп дастарханға кеше асылған сүр ет­тен турап, алдына қойды. Айран­ға мұздай су араластырып оты­рып:

– Көк биенің құлындайтын кезі жақындап қалды, жуырда қымыз ішеміз. Әзірге шалаппен алдана тұрайық, – деді.

Қабырғаға арқасын сүйеп, шал­қайып отырған атасы да бір жұтынып қойып, бәйбішесінің сөзін жал­ғады:

– Тәубе, осы күнге де жеттік қой. Бұрын мал колхоздікі, бәрі ор­тақ деп жүріп, өз қорамыз да бол­мады ғой. Қазақ болғасын, етсіз қалай отырамыз. Тығылып, сама­уырға ет асқан кездеріміз де бо­лып еді, – деп, сол күндері елестегендей көзін тарс жұмып алды.

– Маленков берген байталды,

Хрущев келіп қайта алды.

Айналайын Косыгин,

Байталымды қайтарды. Ехх, айтарың бар ма, өзіңдікі өзіңе бұйырмаған заман болды ғой..

– Неге, ата?

– Неге дерің бар ма, құлыным? Сталиннің кезінде, кәлектип құра­мыз деп бар малды тартып алды, тамақсыз қалған ел аштан қырыл­ды. Әйтеуір, Есілдің бойында отыр­ғаннан кейін балық аулап жан бақтық қой, оған да зар бол­ғандар қаншама… 15-16-лардағы ке­зім, мына Қарасу мен Қар­бас­қан ғой асыраған бізді, соның ар­қасында осы отырғанымыз. Қыр­дағы елде түндігі ашылмай қал­ған үйлер көп болды. Құр сүл­де­рін сүйретіп келгені қаншама, өзі аш-жалаңаш боп отырса да, бо­сағасынан сығалаған адам түгіл жыланға да ақ құятын елміз ғой, аяғы жеткендерін аман алып қал­дық.

– Жаңағы өлеңді айтамын, ата, кім шығарған?

– Ауылдағы әжелеріңнің біреуі де, бұлар өлеңдетіп отырып-ақ та­лай нәрсені айтады ғой. Бертін, Ста­лин өлгесін, мал ұстауға бо­лады деп рұқсат берді жекемен­шікке. Одан, Хрущев келіп, ком­мунизм орнатамыз, бәрі ортақ деп ескі әнге салды, не қой, не жыл­қы ұстайсың дегенді шығар­ды. Маңайға кукурузды егіп тас­тады, наның да сол, әнің де сол болды. Әйтеуір, Брежнев келгесін биліктің беті бері қарады. Косыгин дегенінің өкімімен малымызға қай­та қолымыз жетті, әйтеуір. Жа­рық­тық малдың арқасы ғой, ағар­ған ішіп, ет жеп шалқып жүрге­німіз…

Саянның ауылы дөңде орна­лас­қан. Есілге қарайтын беті еңіс, жұрт “алқа” деп атап кеткен. Өзен­ге дейінгі төрт шақырым жолда бес-алты көл бар. Бәрі көктем са­йын тасыған өзен суымен молы­ғып, балығы тулап жатады. Бұған ауылдың ішінен жарып ағатын үш бұлақты қосыңыз. Сондықтан көз жетер жердің бәрі көк шөп. Тек қамыс қана қысы-жазы сап-сары болып тұрады, сондықтан да бо­лар, бұл ауылдың ежелгі атауы – “Сарықамыс”. Ал дөңес жақты жұрт “қыр” деп атайды. Ол жақтың шөбі негізінен боз боп келеді. Қияқ пен жусан басым өскендік­тен, қырға малды тек көктемде жә­не егін орылғаннан кейін алқапқа күзде ғана өргізеді. Қырда да көл көп – Ұялыкөл, Құмдыкөл, Құркөл. Ал Сарманға шығар бетте мөл­діреп жатқан Қоскөл болса, ерте­ден аққу қонатын аппақ қос ай­дын. Қайыңы мен терегі арала­сып өскен осынау көрікті мекенде тұрудың өзі бір бақыт. Сондықтан да болар, қысы – жазы ауылдан қонақ арылмаушы еді. Әсіресе аудан, облыс басшылары осы ауылдың қымызына үйір. Күнара келетін райкомды айтпаған күннің өзінде, обком мен облисполком­ның қара волгалар күнде болма­са да, айына екі-үш рет контор­дың алдында қаңтарылып тұра­тын. Бұл ауылдың негізгі байлығы – 15 мың қой. Қой болғанда да, уақ малдың төресі – меринос. Қонақ келді деп тартынып қалмайды, басқарманың үйінің жанында қо­нақ келген сайын бас үйітіліп, ішек-қарын аршылып жатады.

* * *

Мал өрістен қайтатын уақыт болып қалған. Саян да қамшысын қолына алып, ойға қарай шықты. Қораны айналып өте бере-ақ, то­мардың ар жағында үйіріліп тұр­ған жылқыны көзі шалды. Жай­лаудағы бұл жақтың шіркейі топ болып ұшатын, сона мен бү­гелек­тен аса ыға қоймайтын жылқы осы шіркей деген пәледен қатты сескенуші еді. Топтанып келген жәндік қос танауға бірдей кіргенде пырс-пырс пысқырынып, басын шұлғығанда мойны жұлынып ке­те­тіндей көрінеді. Бұл жолы да шы­бындағандағы әдетімен екі-үш топқа бөлініп, жабағы – құлынды ортаға алып, шеңбер құрып тұра қалған.

Шарбақтың сыртына шыққа­сын ғана аңғарды, 200 қадамдай жерде көк бие тұр екен, қасында жаңа туған құлыны әлі аяқтана алмай жатыр. Тұмсығымен демеп тұрғызбақшы. Шуы да түспегеніне қарамастан, сәбиін айналып, оқы­ранып жүр. Көзіне оттай басыл­ды, өзінің биесі – Борька. Кері бұ­рылды да жүгіре жөнелді. Атасы мен апасының үйге қарай жүгірме дейтіні де есінен шығып кетті.

– Ата, ата, бие құлындапты!

– Оны қайдан естідің?

Айырға сап жонып отырған атасы қолындағы талды тастай сала, өңірін қағамаға орнынан жеңіл көтерілді. Жасы сексенге таяды деп айтпайсың, ширақ қи­мылдайды. Бір өкшесін соғыста снаряд жұлып кеткен, сылтып ба­сады. Атқа жас жігіттер секілді жеңіл мінеді. Өмір бойы жылқы баққан әрі қанымен берілген бе, өте малсақ адам.

– Жылқыны ауылға әкеліпті, томардың қасында жайылып жүр.

– Е-е, жарықтық, Борька кейбір адамнан ақылды ғой, үйдің ірге­сіне келіп құлындағанын айтсай­шы! Ноқтаны ала сал, алып қа­лайық.

Саян ноқтаны алмақ болып шо­шалаға кіре бергенде, Саматтың келе жатқанын байқады. Қайысты қос қабаттап капрон жіппен әдіп­телген ноқтаны алып шыққанда, Самат атасына сәлем беріп тұр екен.

– Жүр, саған құлынымды көр­сетейін, – деді, жүзі қуаныштан бал-бұл жанып. Бұл сөзінің аста­рында бала көңілге тән “сенде құ­лын жоқ, қаланың балаларында ол қайдан болсын” деген кекету мен мақтану да бар еді. Бір сәтке лап берген өзімшілдік досының көзіндегі қуанышты көргенде тез басылды. Ноқтаны иығына асқан күйі томарға қарай жүгіре жөнел­ді. Зымырағаны сонша, желаяқ Са­мат ілесе алмай қалды. Бие мен құлынның жанына барғанда ғана бір-ақ тоқтады.

Көк бие бұларды жақтыра қой­ған жоқ, құлағын жымырып, ос­қы­рынып алды да, құлынды екі-үш айналып шықты. Екеуінің есі кете төліне қарап тұрғанынан секем­ден­ді ме, жақындасаңдар тебемін дегендей, жонын беріп, артқы ая­ғын сілтеуге дайын екенін көрсе­тіп қойды. Ал аяғын әлі баса ал­май тәлтіректеген қара құлын көз­дің жауын алардай сұлу еді. Маң­дайындағы төбелі жұлдызға ұқ­сайды екен. Саян атасы үйрет­кен­дей жас төлге сұқтанбай “Тіл-көзім тасқа”, – деп, шырт-шырт тү­кіріп те қойды. Бұл кезде таяғы жер­ге ара-тұра бір тиіп, атасы да таяп қалып еді. “Құру-құру, жа­нуарым, жарықтығым” деген иесі­нің даусын естігенде ғана көк бие манағы асау мінезін ұмытып, ше­кесін тоса қойды. Құлағының түбі­нен қытықтағанын жақсы көруші еді, мойнын соза ұмтылатыны со­дан. Саянның көзі биенің жанары­на ауып кетті, тостағандай көзін төң­керіп, иесіне қарағаны – бала­ның әкесіне еркелегеніндей кө­рінді.

Бірақ көңілі қайтадан қара төбел құлынға ауып кетті.

– Жұлдыз. Жұлдыз деп атай­мын, – деді күбірлеп.

Сол күннен бастап, Саянның өмірі күрт өзгерді. Бұрын шаруа­ны тындырғасын балалармен доп ойнауға немесе көлге шомылуға асығып тұратын. Енді айналсоқ­тап қорадан шықпайтын болды. Құлынды мәпелеп, тарап, су бе­ріп, бар уақытын соның қасын­да өткізеді. Тіпті Саматтың келгенін де аса жақтырмайтын болды. Ол да құлынға құмартып, сипап қа­луға ұмтыла бергесін, қызғана бас­тады. Досы келген кезде, қора жаққа жуытпай, алдаусыратып, басқа жаққа бұрып әкететін. Саянның бұл қылығын ол да тү­сініп, екі-үш күннен соң көңілі қа­лып, соқпайтын болып жүр.

Ал Саян болса, үлкендерден естігенін істеп, Жұлдызға алақа­ны­нан қант жегізе бастады. Тәтті­ге үйренгесін, Саянның қарасы кө­рінгеннен, тіпті даусын естіген­нен-ақ шапқылап алдынан шы­ға­тын болды. Еркелегені де сүй­кімді, тіпті кейде кеудесімен соғып құлатып кете жаздайды. Кей кез­де көк бие құлынын қызғанып, Саянның жақындай бергенін ұнат­пай қалады. Қайта-қайта оқы­рынып, шылбырды үзіп кетердей жұлқына береді. Ондайда, құлы­ны да ерегісе орғып, құйындатып шаба жөнеледі. Басын кекжитіп, құйрығын көкке шаншып алып бі­раз шапқылағасын, сол екпінімен енесінің шабына басын тығып бі­рақ тоқтайды. Әукесін жұлып алар­дай созғылап еме бастайды. Көк бие сол кезде ғана басылып, мойнын созып құлынының сауы­рын иіскеп, иіп сала береді.

Көк бие сылтып басатын иесі­нен ғана қаймығады. Бөтен адам жақындағанын, тіпті жыл сайын сауатын қара кемпірді де аса ұна­та қоймайды. Құлағын жымпитып, қыршып алатын кейіп таныта бас­тайды. Оттыққа байланған шыл­быр­дың ұзындығы жеткенше ер­сі­лі-қарсылы жүріп, тыпырлай бе­реді. Тек биыл оттығына шөп са­лып, суаратын Саянға ғана бойы үйрене бастады. Одан қауіп жоқ­тығына көзі жеткен әрі жылқыдан қорықпайтын баланың алды-арты­нан еркін өте беретініне үйре­ніп алды. Кейде құлынын қызға­нып, мінез көрсеткені болмаса, аса арындай қоймайды.

* * *

Саянның қалаға кетуі аяқ ас­тынан болды. Ауданға тауар әкел­ген жездесі ауылға соғып, қа­лаға алып кетті. Қанша қипақтаға­нымен, әуелде сұранған өзі, шегі­ну­ге жол болмай қалды. Көшенің шаңын бұрқ еткізіп көтерген “ЗИЛдың” кабинасынан телміріп қарап, қол бұлғап кете барды.

Саян ауылдан ұзамай жатып үйін сағынды. Анығын айтқанда үйін емес құлынды. Бұрындары атасы мен апасын, достарын аң­саса, осы жолы Жұлдызды қимай кетті. Қалаға жеткесін алғашқы екі-үш күн әпкесімен қала аралап, саябаққа барды. Аттракцион­дар­ға мінгенде балалығы ұстап, ұмыт­қаны болмаса, аңсары ауыл­ға ауды да тұрды. Інісінің бұл қы­лығына әпкесі де таңданып жүрді. Тек бір апта өткесін ғана бауырының бүйрегі елге тартып тұрғаны­на көзі жетіп, ауыл жаққа жол жүр­гелі тұрған бір танысының көлігіне мінгізіп жіберді.

Ауылға алып-ұшып жетті. Ескі көліктің жылдамдығына көңілі толмай, кейде алдына түсіп жү­гіріп кеткісі де келді. Қанша деген­мен машинаның аты машина, екі сағатта ауылға да жетті. Саянның келгенін алдымен Ақтөс көріп, қуанды. Арсалаңдап алдынан жү­гіріп шығып, күшік кезіндегідей ер­сілі – қарсылы жүгіріп, үстіне секі­ріп, жалап есі шықты. Жұлдызға дейін көбіне осы итке ауатын кө­ңілі, енді мүлдем ысырып таста­ғандай еді. Соны сезгендей, Ақ­төс те тартынып жүруші еді. Бірақ осы жолы сағынғанын ашық көр­сетті. Машинаның тоқтағанын ес­тіп, атасы мен апасы үйден қатар шықты. Айналып-толғанған қос қа­рияның құшағынан босау да оңай болған жоқ. Бір жағынан өзі де са­ғынып қалған екен, екеуін ке­зек-кезек сүйіп, әрең дегенде сыты­лып шығып қораға зу ете түсті. Көк бие жоңышқаны бырт-бырт орып тұр екен. Жылқының тері мен те­зегі, жаңа орылған көк шөптің иісі араласып, мұрынды қытықтайды. Құлын көрінбейді. Саян абдырап қалды, тек енесі мойнын бұрған кез­де ғана артына тығылып тұр­ға­нын көріп қуанып кетті. Бірақ еке­уінің кездесуі Саян ойлағандай болмады. Еркелеп шауып келеді деген Жұлдызы маңайына да жо­лаған жоқ. Қолын созса кері ше­гініп, енесінің бауырына тығылып, ұстатпай қойды. Жүгіріп барып қант алып келіп еді, алақанын­дағы тәттіні құштарлықпен жеуге кірісті. Осы сәтті бір апта күткен Саян Жұлдыздың жұп-жұмсақ ер­ні қолын жыбырлатқанына рахат­танып біраз тұрды. Апасының шақырғанынын естігесін ғана, құлынның мойнын сипап-сипап үйге жүгіре жөнелді.

Ауылға келген көліктің ма­ңайы­на жинала қалатын ауыл ба­лаларының ежелгі әдеті. Саян да, үйден шай ішіп шықса, маңай­да­ғы қара домалақтардың бәрі осын­да екен. Тек Самат қана шар­баққа сүйеніп, шеткерірек тұр. Алматыдан келгендегідей емес, күн мен желге қатар ысталып, қап-қара болған. Киімі де ауыл бала­рынікіне ұқсап қалған. Басқа ба­лаларға иек қағып амандасты да, Саматқа жақындады.

– Жүр, Жұлдызға барайық.

Досының сөзіне жібіп кеткен ол да тартыншақтамай, соңынан ерді.

Көзді ашып-жұмғанша жаз да өте шықты. Каникулдың қызығы аяқ­талып, мектепке барар уақыт та таяп қалды. Бір апта бұрын Са­матты әке-шешесі келіп, Алма­тыға алып кеткен. Жұлдыз да та­ралып, өсіп қалды. Туғанынан екі ап­та өткесін отығып, көкке бас қой­ған. Апасы жылдағы әдетімен көк биені биыл да сауды. Құ­лын­ды енесінің желініне жіберу, суару – Саянның міндеті. Алғашында ноқ­тадан қашып, қырсығып еді, негізі жуас болғасын тез көндікті. Үш-төрт рет тоғайға шөпке де барып кел­ді. Бос жіберсе ойнақтап қаша бергеніне енесі алаңдап, жүрісі өн­бегесін жетекке байлап алды. Бас біліп, ноқтаға үйренге­сін, жуасып, көнбіс болып алған. Саянның жаны Жұлдыздың үс­тінде. Өзі суарады, жемін де бе­реді.

Қыркүйек туып, шөптің нәрі қайтқасын, биені құлынымен үйірге жіберген. Саян алғашында Жұлдызды сағынып елегзігені­мен, оқуға беріліп, мұршасы да болмай қалды. Тек анда-санда, жылқыны ауылға жақын жайғанда ғана зоотехник болып жұмыс іс­тейтін жиен ағасының атына мініп барып келеді. Жұлдыз да мұны көре сала құйрығын көкке шан­шып, орағыта шауып келеді. Қал­тасына салып алған 2-3 түйір қантын жегізіп, ұйысқан жалын та­рап, сипалап қайтады. Теріс­кей­дің аязы қатты, қары қалың тү­се­ді. Жылқының тебіндеуі қиын­да­ған кезде, бөлімшенің малы қора­ға қамалып, жекеменшіктікін иесі алып кетеді. Соғымға соятын тай-құнандарды қарашадан бастап жемдеп, семіртуге қояды. Биыл атасы қара байталды қараша туғанда қораға байлап, сұлымен жемдей бастаған. Жылдағы әдет, құрдастар арасында бәсеке бас­талады. Ертең сойғанда бәлен­шенің соғымы семіз екен деген ат алу үшін. Биыл қар ерте түскесін жылқыны да қораға ерте кіргізген.

Жаздағыдай емес, теріскейдің балаларының ойыны қыста көбейеді. Сырғанақ, шаңғы теуіп, хок­кей ойнап, “тау менікі” деп топ бо­лып, асыр салып жүреді. Қыстың қысқа күнінде қызығына тоймай у-шу болып тарап жатады. Оған мал жайлау, су тасу, отын кіргізу се­кілді күнделікті жұмыс қосы­лып, кешке мұрттай ұшады. Саян бала болып ойынға құмартса да, Жұлдызды ұмытпайды. Кей кезде сырғанаққа барғанда ит секілді еріп жүретіні бар. Тіпті мектептен қайтқанда алдынан шығуды әдет­ке айналдырған. Ашық күндері малды бұлаққа апарып суару ауыл балалары үшін кішігірім ме­реке. Сиырлар оппа қарды төсімен аршып жол ашады, ұсақ мал соның ізімен жүріп суатқа түседі. Тай-жабағы мінген балалар қи­қулап жарысып, бәйгеге түсетін. Әзірге жабағылар арасында Жұл­дыздан озатыны жоқ ауылда. Ұш­қыр, ауылдың бір шетінен екінші жағына дейін алдына қара сал­май­ды. Тайлармен жарысса, ең жүйрік дегенінің өзімен құйрық тістесіп келеді. Атасы айтады, Жұлдыздың әкесі әйгілі Ақтанау айғыр, үйіріне бөтен адам жолат­пайды, өзі жүйрік.

Уақыт болса зырғып өтіп бара­ды. Рахым шалдың қос құлыны да бірге өсіп келеді. Жабағысын кейде мініп, кейде ит секілді ертіп жүргеніне ауыл адамдарының көзі үйренген. Саян Жұлдызды ат қып мініп, бәйгеге қосқысы келеді. Атасына айтып еді, көрерміз деп қоя салды. Соның өзіне үміттеніп қалды, ешқашан бетінен қағып көрген емес. Ол үшін Жұлдыздың жүйрік екенін көрсету керек. Сәті де түсе қалды. Наурыз тойында тайжарыс ұйымдастырып, 3 ша­қы­рымда алдына қара салмады. Немересінің алғашқы бәйгесінен бағы үстем болғанына қос қария қатар қуанып, ағайын-туысты жи­нап құрмалдық та берді. Осыдан кейін-ақ Саян қиялына ерік берді. Жұлдыздың топ жарып аламан бәйгені ұтқанын елестетеді. Ша­бандоз атанып, сыйлық алып тұрғаны келеді көз алдына.

Немересінің малсақ екенін атасы бұрыннан білетін. Бірақ Жұлдыз десе ішкен асын жерге қоя­тынына алғашында таңырқап жүрді. Бала болғасын атқа құмар­лығы ауған ғой деп, мән бермеді. Ал немересі болса күннен күнге ынтығы артып, бәйге атын бап­тай­­мын деген арманы ұлғая берді.

Көктем туысымен атасы көк бие мен Жұлдызды үйірге қосып жі­берді. Саянның қиылып сұраға­ны­на – “өссін”, – деп қысқа жауап қа­йырды. Тек құлындағасын ғана Жұл­дызды үйірде қалдырып, бие­ні алдырған. Биылғы құлыны да қара, тек маңдайында төбелі жоқ.

Жаз оңай болған жоқ. Шөп пен отынды атасы екеуі дайындады. Жұмыстан қолы босағанда ағасы көмектескені болмаса, негізгі сал­мақ екеуіне түсті. Ерте тұрып таң­ғы салқынмен пішен шабады, кеш­ке күн еңкейгенде барып, алып ке­леді. Күндіз дегдіген шөпті маялап үйеді, одан қалса тоғайда кіре аудару секілді бітпейтін жұмысқа күмп берді. Еңбекпен көзін ашқан атасы Саянды да кішкентайынан баулыды. Бала деп жұмыстың жеңілін істеткені болмаса, бос отырғызбайды. “Бұғанаң бекіп, жігіт болдың”, – деп мақтап қояды. Осы сөзге марқайып, тау қопа­рар­дай болады.

Самат болса, шілде туа бірақ келді ауылға. Ол да есейіп қалған, ойынға екеуінің де аса құлқы бол­ған жоқ. Қаланың ақсаусақ бала­сы жұмысқа епсіз, көмек көрсет­кені шамалы. Тек ара-тұра өздері се­кілді балалармен кешқұрым фут­бол ойнап қайтады. Көңілсіз жаз да көзді ашып –жұмғанша өте шық­ты. Тек, сабақ басталғасын ғана Саянның арқасы кеңіп, де­малып қалды. Жұлдызды алдыру туралы атасына қолқасы да көбейді. Бірақ, тайды тек қатқақ тұрғасын, қарашаның басында ғана әкелді. Көкбиенің төлі қара болып туғаны­мен, тайға шыққа­сын түлеп, қы­зылға айналады. Жұлдыз да тара­лып өсіп қалған. Жамбасының түгі теңбілденіп сұр тартыпты. Аса ірі болмаса да жатаған емес, шоқты­ғы әжептәуір биік. Оның өзінде, қораға байлап, қолтығын сөгесің деп мінгізбейді. Ала жаздай жай­лауда болып еркінсіп қалған тай, қасына бара бер­ген Саянды жақ­тырмаған ке­йіп танытады. Алақа­нындағы қантты жеп алғасын, от­тығынан үзілмейтін аппақ сұлы мен шөптен бас алмайды. Айнал­дырған бір айдың ішінде сауы­рын­да бит жорғалағандай болып семіріп алды. Семіз жылқының мінезі де ала құйын, көзі ады­ра­йып арын­дап тұрғаны.

Қар түсіп, ауылдың қызығы басталған кез. Күн сайын соғым сойылып, қуырдақ пен шекенің қызып тұрған шағы. Ертең дема­лыс болғасын, балалармен кешке дейін доптаяқ ойнап, іңір қараң­ғысында бірақ келген. Үйге кірсе, атасы мен апасы кешкі шайын ішіп отыр екен.

– Кәрім сояды, келісіп қойдым. Жығарға, бауыздарға берерің бар ма еді, ішек-қарын аршуға кімді шақырасың? – деген атасының сө­зін естіп қалды. Жүрегі су ете түс­ті. Жұлдызды соғымға байлаға­нын енді білді. Бала көңілмен ат қылып мінемін деген арманы күлге айналғанын түсінді. Ары қарай тыңдауға шамасы жетпеді. Шала-пұла шешінген қалпы, төсекке құлай кетті. Апасының шайыңды іш деп шақырғанына жауап та берген жоқ.

Кәрім шал көршісін ерте ке­ліпті. Калошы бар қара пима, үс­тіне шолақ қара тон киген. Ба­сындағы қоян малақайының бір құ­лағы қыстырулы, екіншісі салбы­рап бос жатыр. Пиманың қайы­рылған қонышына 2 селебені қа­тар шанышқан, қолында айбалта, қалтасынан қайрақтың шеті кө­рінеді. Атасы мен ағасы, көрші екі жігіт қораның алдында күтіп тұр. Қасапшы келісімен ағасы Жұл­дызды қорадан жетектеп алып шықты. Бір жарым ай бойына далаға шықпаған жануар біраз одыраңдап еді, қарулы қол еркіне жіберген жоқ. Күнара мал сойып, кәнігі болып алған екі-үш жігіт заматта аяғына шалма тастап, жығып та үлгерген. Саян ғана көзі жа­саурап, сыртта қарап тұр. Тоқ­таңдар деп айтайын десе, дауысы шықпайды. Бұған дейін де талай көрген мал сойғанын, өзі де апа­сының айтуымен 2-3 қазды бауыз­даған. Жіпсіз байланып, бір сұмдықты сезіп жатқан Жұл­дыз­дың қос жанарынан көзін ала алмай тұрып қалды.

Кәрім: “Ұста, жылқышының баласысың”, – деп, шылбырды қолына ұстата салды. Соғымды бауыздарда жылқының басын жылқышының ұрпағы тартып тұ­ратын ежелгі салты бұл жақтың. Саян қанша қарамайын десе де, көзін тайдыра алмады. Қасапшы түлкі сапты бәкісін бір жанып алды да, күбірлеп, Жұлдыздың тамағын орып жіберді. Қып-қызыл қан атқылап барып, шараның тү­бін жапқан кезде ғана Саянның шыр еткен даусы бір-ақ шықты….

Саянның жан даусын естіп, атасы мен апасы бірдей жүгіріп келді. Шошып оянған баланың түсі боп-боз, киімі шылқыған тер. Жаман түс көрді ме, бастырылып қалды ма деп, апасы айналып-толғанып жүріп, су әкеліп ішкізді. Таңдайы жібігесін ғана тілге келіп – Ата, Жұлдызды соймашы, – деп өкіріп жылап жіберді.

– Құлыным, жылама, жігіт жы­лай ма екен, – деп алдаусыратып көріп еді, Саян жылауын қойға­нымен, теріс айналып жатып ал­ды. Қанша жалынса да атасына бұрылып та қарамады.

Саян кеш оянды. Басын көтер­местен ұзақ жатты. Тұрмақшы болып еді, зілдей бірдеңе басып қозғалтар емес. Сонда ғана бай­қады. Апасы үстіне бірнеше қабат көрпе, атасының тоны мен өзінің түлкі ішігін жауыпты. Соған қара­ғанда ескі әдетіне салып ұшық­тап, үстіне жеті қабат жамылғы салғанға ұқсайды. Атасы мен апасының күбірлеп әңгімелесіп отырған дауыстары жеткенімен, анық ұға алмады. Бірақ атасы­ның даусынан әлденеге алаңдап отырғаны сезіледі. Есік ашылып, “Саумаликемдетіп” кірген ер адам­ның даусы естілді. “Кәрім ата”, – деді Саян. Іші алай-түлей бо­лып кетті.

– Уағаликем, төрлет, отыр!

– Отырғаны несі, әй осы сенің асықпайтының-ай, қартаяйын де­дің бе, әлде кемпірге жақындай түс­кенің бе, – деді, құрдасын қы­жырта өктем сөйлейтін әдетімен.

– Отыр, соғым соймайтын болдық!

– Астағыпыралла, тиыштық па, мертігіп қалғаннан сау ма?

– Сол, соғымға өгіз соямыз деп отырмыз. Жүйрік туған жануар екен, біздің жаман бауыр басып қалыпты, пышаққа қимадық.

Екеуі біразға дейін үнсіз отыр­ды. Атасы жөткірініп алып: – Есің­де ме, Кәрім, екеуіміз тай түгіл, өгіз де міне алмадық қой. Ақ пен қызылдың қырқысынан ауылда мініске ат қалмады. Одан, сәбет орнағасын, шолақбелсенділер мал­дың бәрін ортаға салды, жақ­сы аттың бәрі солардың тақы­мында болды. Не қызық көрдік, айт­шы, қазір заман түзелді ғой. Не­сіне тарыламын, балаға жақ­қан екен, мінсін. Мінгізген бә­сірем!

– Тәйірі, сен айттың, біз көндік. Жөн, әрине, маңдайға жазғанның бәрін көрдік, мойынға салғанға көн­дік. Осы балалардың құрмал­дығы болсақ, арман қане?…

Саянның жүрегі жарылардай болып атқақтап кетті. Аталап жүгіріп шығуға ұялды. Менің атам ең жақсы адам, деді күбірлеп. Талықсып жатып ұйықтап кетіпті. Түсінде Жұлдызға мініп шауып бара жатыр екен…

Сағындық МАУҒАЗИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp