«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ

Ел Тәуелсіздігінің 25 және Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы мерекеленетін мерейлі жылы өңіріміздің білім мекемелерінен 3684 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында терең білімімен, ақыл-парасатымен, еңбекқорлығымен жоғары нәтижеге қол жеткізіп ерекшеленген 123 жұлдызды түлекті облыс әкімі Ерік Сұлтанов салтанатты түрде құттықтады.

Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектепті табысты аяқтау сәті – түлектердің егемен еліміздің бір кірпіші болып қалануға жасаған алғашқы қадамы болып табылады. “Бүгінде біздің мемлекетіміз ауқымды реформалар мен өзгерістерді басынан өткеруде. Біз бес институттық реформада белгіленген “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыруға кірістік. Оған сіздердің де қосатын үлестеріңіз мол болуы тиіс”, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов 56 “Алтын белгі” иегеріне – төсбелгісін, 26 түлекке үздік аттестатын табыстады. Сондай-ақ, 24 халықаралық және 17 республикалық олимпиада жеңімпазы сыйақы алды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында облыс мектептері арасында ең жоғары көрсеткіш – 123 балға қалалық жалпы білім беретін бірінші лицейдің түлегі Валерия Кревсун қол жеткізді. Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мекемелердің түлектері: қазақ-түрік лицейі – 104,1 балл, Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернат – 103,6 балл, “БЭСТ” гимназиясы – 101,4 балл жинады. Сонымен қатар, Уәлиханов, Ақжар, Тимирязев, Аққайың, Мамлют аудандары мен Петропавл қаласының мектептері жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Шара барысында үстіміздегі жылдың ең үздік түлектері – қалалық жалпы білім беретін бірінші лицейден Валерия Кревсун мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттан Әлішер Жүзгенбаев алдағы 2017 жылдың мектеп түлектеріне ізгі тілектерін арнап, дәстүр бойынша “Білім кітабын” салтанатты түрде табыс етті.

Биылғы үздік түлектерге арналған салтанатты шарада дарынды балаларға мамандандырылған өнер мектеп-колледжі кешенінің симфониялық оркестрі, “Арай”, “Қарлығаш”, “Қуанамын” және тағы басқа ансамбльдер өнерден шашу шашты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp