«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ Ирина Пашкинаның бенефисі

Театрда «Бенефис» атты қанатты сөз жиі айтылады. Бұл – тұлғалы, орындаушылық шеберлігімен көрермендердің ілтипатына бөленген сахнагердің құрметіне арнайы әзірленген қойылым. 13 наурызда Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында осындай бенефис көрермендердің көзайымына айналды. Бұл қойылым осы сахнадағы жиырма жыл шығармашылық еңбегімен ел-жұрттың қошеметіне бөленіп жүрген Ирина Пашкинаның құрметіне арналды.

Осы жылдарда сахнагер жетпістен аса бейнені сомдапты. Жиырма жылға шаққанда аз емес. Өйткені, сахнагердің бейнені шығаруы режиссердің талғамына, танымына байланысты. Кейде театрдағы қойылымға сырттан шақырылған көркемдік жетекші басшылық етеді. Сырт көз сыншыл келеді ғой. Ол труппамен танысады, әркімнің қабілет-қарымын сүзгіден өткізеді, актерлермен оңаша сырласады. Кейде режиссердің талғамынан шықпай қалатын жағдайлар да кездеседі. Бұл орайда И. Пашкинаның жолы болғанға ұқсайды. Өйткені, оның келген режиссерлердің назарынан тыс қалған кездері жоқ деуге болады. Сондай-ақ, өзінің театрындағы көркемдік жетекшілер оны елемей кеткен емес.

Театр туралы түсінігі бар адам рөлді бейнелеу кейіпкердің сөзін жаттап алу деп еш уақытта да ойламайды. Бұл үлкен күш-жігерді талап ететін, инемен құдық қазғандай әрекет деп білу керек. Сахнагер өзін ұмытады. Ол кейіпкерінің жан дүниесімен күн кешеді. Осы орайда орыстың аса көрнекті сахна режиссері Константин Станиславский: «Актердің еңбегі табиғаттың араласуынсыз, одан тыс гүл өсірумен бір», деген екен.

И. Пашкина театрға арнайы бір үлкен өнер ордасынан алған біліммен қанаттанып келмеген. Ауылдан шыққан. Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылынан. Ата-анасы – ауыл интеллигенттері. Олар жас қыздың бойындағы өнерге деген ұмтылысты, сәл асыра айтсақ, шексіз сүйіспеншілікті тани білген. Сондықтан оған еркіндік беріп, ақыл-кеңестерімен қанаттандырып отырған.

Сахна шеберінің өзі айтқандай, ол он үш жасында погодиндіктердің сахнасынан алғаш рет «Махаббат деген алтын кітап» атты қойылымды көреді. Спектакль оған мүлде ұнамайды. Өйткені, ауылдан аса ұзап шықпаған жас жеткіншекке сахнадағы қала өмірін баяндаған тым еркіндік, қыздардың киген киім-кешегі ерсі көрінеді. Бірақ бәрібір де кейін сахна өмірі оны баурап алады.

Ол Омбыда тұратын ағасының ақылымен тарихшы мамандығын игеру мақсатымен осы қалаға барса да, мәдениет институтының актерлік бөлімшесіне түседі. Өйткені, тұла бойында өнерге, әсіресе, биге деген құштарлық оты лаулайды.

Алайда, оқудан да жалыққан, мінезі ұшқыр жас тура сахнадан табылу үшін Петропавлға қайтып келіп, Погодин театрының есігін қағады. Рөл беріледі. Өнердегі бәсіресі. Шарль Перроның «Қызыл телпекті қыз» ертегісіндегі қасқыр жеп қоятын қызыл телпекті қызды бейнелейді.

Жоғарыда айтқан жетпістен аса бейнені тізіп шығу шарт емес. Олар – актрисаның тұла бойында әбден қалыптасып қалған тағдырлар. Ең белгілерінің өзі сахнагердің қабілетін айғақтай алады деген ойдамын. Ол Алексей Орлов, Виктор Шалаев, Сергей Чулков, Әзірбайжан Мәмбетов сияқты шебер де талғампаз режиссерлердің үмітін ақтады. Испан драматургі Алехандро Кассонның «Жабайы» комедиясындағы Марго, Максим Горькийдің «Васса Железнова» драмасындағы Рашель, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Баян, Антон Чеховтың «Үш апалы-сіңлілі» драмасындағы Маша, Александр Островскийдің «Найзағай» трагедиясындағы Катерина, Александр Гриннің «Алқызыл желкендер» трагедиясындағы Грета бейнелері – сахнагер Ирина Пашкинаның театрдағы алтынға бергісіз жәдігерлері десем, артық емес.

Соған орай оның марапаттары да қомақты. 2001 жылы Петропавлда өткен ІХ Республикалық театрлар фестивалінде «Жабайыдағы» Марго бейнесі үшін «Үздік әйел рөлі» аталымында бас жүлде еншіледі.

2002 жылы Мәскеудегі Халықаралық «Ғасыр жастары» теле-театр фестивалінде Эдуард Радзинскийдің «Лила» драмасындағы Нина рөлін мүсіндегені үшін «Үздік әйел бейнесі» аталымында жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді.

Ал Катерина бейнесі үшін Қазақ КСР халық әртісі Иван Арчибасовтың атындағы жүлдені олжалады.

Ол өзінің сахналық жиырмажылдық ғұмырында тағылым алған ұстаздарының қатарында Иван Арчибасовты, Людмила Ванюкова-Турпаянды, Людмила Шустованы, Валентина Бондаренконы ілтипатпен атайды.

13 наурыз күні погодиндіктердің сахнасындағы бенефисте сахнагерлер румын драматургі Михай Себастьянның «Атаусыз жұлдыз» пьесасы бойынша қойылымды көрермендерге ұсынды. Ирина Пашкинаның жиырма жылғы шығармашылық еңбегін айғақтайтын жұлдызды сәті осы бенефис болды.

Бұл спектакльді театрдың бас режиссері, көркемдік жетекшісі Тимур Кәрібжанов сахнаға шығарды.

Спектакльдің мазмұнымен көрермендер таныс болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, аталған шығарма осыдан бірнеше жылдар бұрын теледидардан кинолента ретінде ұсынылған. Онда сылқым сұлу бикеш пен ауылдың қарапайым тұрғыны – астрономия пәні мұғалімінің арасындағы қарым-қатынас баяндалатынды. Әсіресе, кеңес киносының жұлдыздары Анастасия Вертинская (Мона) мен Игорь Костолевский (мұғалім-астроном) бейнелері есімізде.

Ал спектакльде И. Пашкина бейнелейтін Мона тартымды бола ала ма? Бұл сауалға осы қойылым күні жауап берілді.

Астроном бейнесін оның жұбайы Роман Лахтин сомдаса, қызы Ангелина көпшілік қатысатын топта болды.

Өмірінде көптеген режиссерлердің көркемдік шешіміне орай кейіпкерлерді мүсіндеген И. Пашкина Т. Кәрібжановтың өнерін ерекше жақсы бағалайды.

– Ол менің досым, менің режиссерім, менің қанаттандырушым! – дейді.

Көркемдік жетекші мен орындаушы сахнагердің осындай ықыласты қарым-қатынасы өмірге де, өнерге де көзқарастарының бір арнада тоғысуынан деп пайымдауға болады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

«Солтүстік Қазақстан».

СУРЕТТЕ: И.Пашкина.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp