«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ

Қытайдың Гонконг қаласында әуесқойлар арасында спорттық биден өткен Азия біріншілігінде жерлестеріміз – Ярослава Кузнецова мен Кирилл Новиков жеңімпаз атанды.

– Халықаралық деңгейде еліміздің атын шығарған олардың жетістігі үлкен қуаныш. Өңір басшысының атынан осынау мәртебелі жеңістеріңізбен құттықтаймын, – деді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдіменов.

Азия біріншілігінде алған әсерлерімен бөліскен бишілер бұл жеңіс үздіксіз дайындықтың нәтижесінде келгенін жеткізді.

– Бізге жарыстың ұйымдастырылуы мен өткізілген жері ұнады. Жиырма төрт елдің сайыпқырандары сынға түскен шарада қатысушылардың деңгейі жоғары болды. Әсіресе, қытайлық бишілер жақсы дайындалыпты. Жапондықтар да бізді қатты таңғалдырды. Жеңіске деген ішкі сеніміміз бен еңбегіміз біздің жақсы өнер көрсетуімізге жол ашты. Дегенмен, бірінші орынға қол жеткізу біз үшін күтпеген оқиға, – деді Кирилл Новиков.

Биші Ярослава Кузнецова да өзінің ойымен бөлісіп, еуропалық бағдарлама бойынша өнер көрсету оңай болмағанын айтты. Олар додаға қызу дайындық жүргізіп, жаттығу залында көп тер төккен.

Бұған дейін Мәскеу, Самара қалаларында өткен турнирлерге қатысып, жақсы көрсеткішке ие болған қос жеңімпаз қараша айында Австрияда өтетін жарысқа қызу дайындалуда.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp