
Облыс орталығындағы Спорт сарайында өткен республикалық акцияның алғашқы күні химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 500-ге жуық оқушысы дайындаған флешмобпен басталып, мемлекеттік Гимн шырқалды.
Шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов барша солтүстікқазақстандықтарды тәуелсіздік тойымен құттықтап, еліміздің жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы тереңде жатыр. 1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң қабылданды.
Тәуелсіздік – мемлекетіміз үшін маңызы зор, біздің ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Тәуелсіздіктің арқасында ірі жеңістерге қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстан көп жетістіктерімен мақтана алады. Осындай табыстарға жетуде және Отанымыздың тәуелсіз ел ретінде қалыптасуында сіздердің де қосқан үлестеріңіз мол, – деді Ерік Хамзаұлы.
Еңбек ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Нэлли Иванова мен Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы “Жастар бастамалары” орталығы директорының міндетін атқарушы Думан Зікірин де жерлестерін айтулы мейраммен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен бірге, шара аясында өңір басшысы Қызылжар ауданының өкілі Думан Зікіринге “Тәуелсіздік құрдастарының тілектері” атты кітапты табыстады. Бұл кітап желтоқсан айының 25-і күніне дейін барлық аудандарды аралап, ішіне жастардың тілектері жазылып, Петропавл қаласының мұражайына жеткізілетін болады.
Айта кету керек, қарашаның 21-і мен желтоқсан айының 15-і аралығында өтетін “Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты “Жұлдызды 25 күн” акциясы Тәуелсіздік жетістіктерін баяндайтын тағылымы мол жиын, мерекелермен жалғасын табады. Мейрамды лайықты атап өту үшін облыс әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Бұл күндері еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктерін насихаттау, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға бағытталған патриоттық, көпшілік шаралар қолға алынады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.