«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛҚЫНАДЫ ЖҮРЕГІМ ӨКІНІШТЕН

Сыныбымда шәкірттерімді тосып отырып, жан-жағыма зер салып қарадым. Әр жылдары алған дипломдар мен грамоталар, Алғыс хаттар мен медальдар төрт қабырғаны да оюлы кілемдей жауыпты. Әрқайсысына көзім түскен сайын қашан, қайда алғаным санамда жаңғыра бастады. “Осының барлығына қалай үлгергенмін?” – деген ішкі дауыстың сұрағына жауап бере алмадым. Шынында да, қалай үлгердім? Болашаққа ғана көз тігіп үйренген мен өткен жылдардың елесіне қалай еріп кеткенімді аңғармай қалдым.

Өнер саласында өткен отыз бес жылдық жолым сайрап жатыр. Қуаныштың да, қайғының да, жеңістің де, жеңілістің де дәмін таттырған кәсіби өнер жолым 1982 жылы басталып еді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра сыныбын тамамдаған мен ұстазым Мәлғаждар Әубәкіровтен үйренгенімді өз шәкірттерімнің бойына сіңіруге асықтым. Себебі, консерватория қабырғасында оқып жүргенімізде Бауыржан Момышұлының: “Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да қадірлей біл. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызы жарымаған көтерем қозыдай болады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жеміс те бермейді”, – деген нақыл сөзін талай естіп едік. Осындай көзқараспен білім алған менің бойымды жастық жігер кернеді. Қаламыздағы өнер колледжіне жұмысқа орналастым. Сол кезде ғана туған өңірімде қазақтың төл өнеріне деген көзқарастың нашар екенін түсіндім. “Шәкірттеріме домбыраны кәсіби деңгейде тартуды үйретемін” деген ниетіме әріптестерім де күле қарады. Қазағы аз ауылда өсіп, орыс тілінде білім алсам да, ата-анам өз ұлтыма деген құрметті қалыптастырды. Сол құрметтің әсерінен ұлттық намыс дегеннің не екенін жақсы білемін. Жігерленіп, кейде шарт-шұрт мінез таныта отырып: “Қазақтардың да музыкалық сауатты екенін көрсетемін”, – деген сөзімді дәлелдеу үшін күні-түні еңбектендім. Мүмкін, осы сәттерде менің бойымда қаталдық, талапшылдық, өжеттік, бірбеткейлік қалыптасқан болар. Бұл мінезсіз көздеген мақсатқа жетіп, домбыра тарту өнерін жалпақ жұрт түгіл, өз әріптестеріме мойындату мүмкін емес еді. Жылдар өте өзім де, шәкірттерім де өңірімізде болған концерттердің сәні, жергілікті телеарналардың жиі қонағы бола бастадық. Себебі, кәсіби деңгейде домбыра тарту өңіріміз үшін таңсық еді. Тамылжыта тартылған домбыра үні “Мен қазақпын” дегенді тебірентпеуі мүмкін емес. Содан да болар, елден алғыс алған сайын менің арқама қанат бітіп, шабыттана түстім. Өзімнің және шәкірттерімнің мүмкіншілігіне толық сенген кез – 1995 жылы “Күдер” ансамблін құрдым. Сол ансамбльде өз ұлым Думан да өнер көрсетті.

Ұлым жайлы айтқанда бір жағынан кеудені мақтаныш билесе, екінші жағынан өзекті өкініш өртейді. Әр ана баласын мақтан тұтады. Себебі, ананың бауыр еті – баласына деген сенімі зор. Думан қысқа ғұмырында ата-ана сенімін ақтай білді. Бес жасынан домбыра тартуға баулыған маған бала болып еркелік танытпады. Ана емес, ұстазы ретінде қойған талабымды орындауға тырысты. Осының арқасында жасындай жарқ еткен Думаныммен талай биіктерді бағындырдық. Соның бірегейі – Еуропаның қақ ортасындағы Болгарияда атағы әлемге әйгілі Добрич-Албене қаласының опера театрында 21 мемлекеттен үміткерлер жиналған өнер додасында бас жүлдеге ие болуымыз еді.

Сол сәт әлі көз алдымда. Әу баста біз үшінші орынға дәмелі едік. Көздеп барған үшінші орын басқаға бұйырды. Екінші орын өзге елден келген әріптесіміздің қанжығасында кетті. Жеңістен күдер үзіп: “Келесі жылы тағы келеміз. Сонда міндетті түрде орын аламыз”, – деп ойлап та үлгердік. “Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?” – деп бекер айтпайды ғой. Осылай ұлым екеуміз болашаққа жоспар құрып тұрғанда бас жүлденің бізге берілетіндігін хабарлады. Сондағы сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Кеудені кернеген қуаныш, басқа қонған бақыт құсы, берекелі де мерекелі, жарқыраған жарық жұлдызды сәт дегенің дәл осындай болатын шығар. Елге сүйіншілеп оралдық. Мен ұлыма, Думаным маған алғысын айтып, ана мен бала бір-бірімізді мақтан тұттық. Бұл өнер жолындағы ең тәтті кезеңдерім екен-ау.

Жоспар деген шексіз болатын. Оқушыларымнан шеберлікті талап етіп, бір сөзбен айтқанда, “Қаққанда қанын, соққанда сөлін алатынмын”. Домбыра сыныбына оқуға түскен балалардың ата-аналарына: “Терісі менікі, сүйегі сіздердікі”, – дейтінмін. Өзімнің білгенімді шәкірттеріме тынымсыз үйретіп, соның қайтарымын көру үшін түрлі конкурстарға апара беретінмін. Себебі, домбыра – төл мәдениетімізді шыңдайтын аспап. Мұқағали Мақатаевтың:

“… Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім”, – деген жолдарында ақын өнердің көзі домбыра екенін айтады. Яғни, барлық өнер түрі домбырадан бастау алады, сондықтан да қазақтың ерекше мәдениетінің қасиетін түсініп, оның өркен жаюы үшін бойымдағы бар күш-қуатымды сарқыдым. Сол конкурстардың барлығынан жүлдемен оралып отырдық. Мұндай жеңістерді көрген сайын кез келген ұстаз шабыттанып, қанаттанбай ма? Шәкірттерімнің балаң жанарлары ұлттық намыстан нұрланып тұратын. Сол себепті балаларым, шәкірттерім бойымызға қазақтың рухын сіңіретін домбыраның қоңыр дауысын риясыз сүйді. Осы орайда рухани байлығымызды дәріптеп жүрген шәкірттерімнің еңбегі бағаланғанын қаладым. Алайда, еліміздегі мәдениет саласының жағдайы мүшкіл екені жасырын емес. Жастайынан оқытып-тоқытқан шәкірттерімнің өнер саласында қалып, жетімнің күйін кешкендерін де қаламадым. Осының барлығын көріп жүрген Думаным да өз мүмкіншілігін басқа салада сынап көруге бел буды. Мен тек ақ жол тіледім. Ананың ақ тілегі қабыл болады дейді ғой. Ұлым М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді “Бизнес және құқық жөніндегі ақпараттық технология” мамандығы бойынша тамамдап, Астанаға жол тартты. Онда елімізге белгілі бір банкке орналасар кезде басшылығы: “Болгариядан бас жүлдемен оралдыңыз ғой. Сіз жайлы жаңалықтан оқыдық”, – деп бірден таныпты. Құдайға мың да бір шүкір. Ұлым банк саласында да жұлдызы жанып, өнерді түсінетін әріптестерінің ортасында беделге ие болды. Осы кезде қарындасына да ағалық қамқорлығын танытып, Астанаға алып кетіп, жұмысқа орналастырды.

Отбасында әкесінен кейін бас көтерер ер адам болғандықтан, Ағыбайға қолқанат, анасы мен қарындасына қорған болуға тырысты. Осындайда баламның бізді қатты тебіренткен бір қылығы есіме түсіп отыр. Ағыбай екеуміз 50 жасқа толғанымызды атап өттік. Ол кезде Думан Астанаға кетіп, жұмысқа жаңа орналасқан еді. Мерейтойға құттықтай келген Думан әкесіне өзі мініп жүрген көлігін сыйға тартты. “Балам-ау, басыңда пәтерің жоқ, жұмысқа жаңа орналастың. Бізге мұндай сыйлықтар жасама. Біз сендерде болса екен деп тілейміз”, – десек, ұлым: “Мен дәл қазір ата-анама барынша көмектескім келеді”, – деді. Бұл әкесін құрметтеген, үлгі тұтқан баланың сөзі емес пе?!

Әкенің бала үшін Алатаудай асқақ болғаны маңызды. Облыстық онкологиялық диспансерде бөлім меңгерушісі қызметін атқаратын жұбайым Ағыбай ұлы мен қызының тәрбиесін маған тапсырып, өзі түздің адамы болды. Күні-түні жұмысында жүріп, отбасын еш нәрседен тарықтырған емес. “Әке” деген алып та асқақ атқа барынша лайық болған жұбайым балаларының алдында қадірлі. Сол азаматтық тұлғасын Думанымыз 27 жасында мерт болғанда да таныта білді. Іші қан жыласа да, көз жасын көл қылып отырған зайыбы мен қызына тірек бола білді. Қайғыда ер мінезділік, шыдамдылық, ұстамдылық таныту әркімнің қолынан келмейді. Ол да ет пен сүйектен жаралғандықтан, кейде ішкі күрсінісін сеземін. Әсіресе, Астанаға бару біз үшін өте ауыр. Думан тірі кезінде бізді Астананың кіреберісінде тосып алып, көліктің рөліне өзі отыратын. Әкесі жанына жайғасып, екеуі үйге жеткенше әңгіме-дүкен құрушы еді. Сол сәттерді сағынады. Ал қазір Астанаға барсақ, жапан далада жалғыз қалғандай сезінеміз.

Басқа түскен қайғының әсері болар, бүгінде жұбайымның жан дүниесін тереңірек тани түскендеймін. Бұрын мен бар уақытымды өнерге арнасам, ол өз жұмысын беріле істегендіктен, кейде сырласуға да уақыт таппай қалатынбыз. Ал қазір өмірдің мәні жұмыс емес екенін түсіндік. Мен адам бойындағы ізгі қасиеттердің ішінен мейірімділік пен сыйластықты жоғары бағалаймын. Шәкірттеріме де осыны үнемі айтамын. Бұл өмірде барлығы өткінші екен. Адамның артында тек жақсы істері ғана қалады. Әсіресе, Думан қайтыс болғаннан кейін оның мейірімділігі, қолының ашықтығы туралы досжарандары айтқан кезде өз баламды басқа қырынан тани бастадым. Бұрын кәсіби домбырашы ретінде мақтан тұтсам, қазір аз ғұмырында тәрбиелі, өнегелі бала бола білгеніне ризамын. Осындай кездерде өзекті өртейтін өкінішім де бар. Домбыра тартудың шебері қыламын деп жүріп Думанымның балалығын ұрладым ба, тым қатал болдым ба деп ойлаймын. Неге жұмсақ болмадым, неліктен шәкірттеріме қарағанда өз балама екі есе талап қойдым деген сұрақтар жиі мазалайды.

Қазір өткен күндерді сараласам, тек осындай сауалдар төңірегінде өз-өзімді іштей мүжи отырып, ұлымның өзі болмаса да, ізіндей болған қызы Аруайымды көңілге медет тұтамын. Ол да әке жолын таңдады. Домбыра, фортепьяно сыныптарына барып, қабілетін бағамдады. Бірде екеуіміз көшеде келе жатқанда немерем: “Әже, мен аяғымды дәл Сіз сияқты басамын. Яғни, мен Сізге ұқсаймын”, – деді. Маған ұқсағысы келген немеремнің мен жетпеген жетістіктерге жетіп, әжесі бағындыра алмаған биіктің шыңына шықса екен деп тілеймін. Осы орайда Құдай берген қалған ғұмырымды немеремізді әкесіндей азамат етіп өсіруге арнағым келеді. Бұл – менің ендігі тілегім!

Тойкен КҮДЕРОВА,

өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp