Адам баласы үшін дүние есігін ашқан елі мен жері – өзгеше өзіндік қасиеттерімен, сәулетті көріністерімен көңіл тербейді. Өйткені, көзіңді ашып көргенің, тұрмыс-тіршілікке қатысты тәжірибелерінен естігенің, ойға, көңілге түйгендерің, жадыңда сақталған елес күйіндегі әсерлерің, адамдық, тазалық, дұрыстық жолына түскенің-түсінгенің баршасы осы бір табиғат аясында, осы бір ата-ана саясында, осы бір ортада бүр жарып, бүршік атып, өсіп-жетіліп, қанат жайып, мысқылдап қалыптасатыны анық.
Менің кіндік кескен, шыр етіп дүниеге келген, жер құты, ел бесігі мен несібі деуге лайық жері пүліштей, суы күмістей, желі жібектей, аспаны атластай Сілеті өзені бойы, көне көздердің айтуынша, тарихи атауы Ұялы. Себебі, өзеннің екі қапталындағы талдар көкке бойлап, айқасып-құшақтасып өскендіктен әрі оған сансыз құстар ұя салып, балапандарын ұшырғандықтан ел Ұялы атап кеткен.
Менің ауылымның тарихы да терең, байтақ. Әулие түнеп, нар шөккен, білгірлер мен жақсы-жайсаңдар шыққан өлке. ХХ ға-сырдың 60-шы жылдарында елдің қабырғалы ақсақалдары Қажымұқан балуан, Естай әнші, ақын Исаның келіп, өнер көрсеткенін және олардың қасында дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидан дәріс алған, қасиет қонған, әнші, домбырашы Назар атаның (1895-1968) Сілеті жұртын қызықты думанымен шаттандырғанын айтқан екен.
Ойын баласы болсақ та, бұзау бағып, қора тазалап, су тасып, мая салып жүрсек те үлкендердің әңгімелерінің ұшқындары есте. Әсіресе, Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжановтың қарым-қатынасы, Сәкен Сейфуллиннің аяулы достары Қаскей мен Әлкей Өтекиндер жайында, сондай-ақ, Көкеш (Гүлнәр) тәтеміздің серіге көңіл білдіргені, жүз жасаған Мән дейтін жылқышының ұзатып салғаны хақында, ең бір кереметі Сәкеннің автомобилін қалайша қызықтағандықтарын тамсанып айтушы еді олар.
Қазақта “Сегіз қырдан астың ба, жеті елдің тілін білдің бе?” деген қанатты сөз бар. Иә, жеті белестің басына шыққанда адамның ойындағы, санасындағы, көңіліндегі суреттер өмір жолдарындағы жағдаяттарға байланысты ойда-жоқта тіріліп сөйлеп кететіндей. Себебі, 2018 жылдың 14 шілдесінде Торайғыр ауылында Сұлтанмахмұттың 125 жылдығы дүрілдеп өткенді. “Ен далам – анам, мен – балаң” деп, жыр сұңқары Ілияс айтқандай, құлпырған жап-жасыл, бекзат, көркем жаратылыс қиялыңды самғатқан мезетте бір студент: “Ағатай, Баянауылдың топырағында, гүлдестедей өңірінде өскен мына бір жидектің дәмін татыңызшы”, – деді. Содан, не керек, Сілетінің тоғайында, Жалаулы көлінің жағасында, асты сансыз бұлақ суына толы Қаратомарда, өзіміздің ескі қорамызда бұрқырап өскен жидектердің иісі, әкем құстар келіп жатқанда Ұзынқамыстың ішінен тауып қаздың жұмыртқасын әкелгені, Соқыр Молдахмет үйіндегі әжеміздің пісірген уызының шырын дәмі, шешемнің таба нанының иісі, бұрқ ете түскендей шынайы әсерге бөлейді. Жер-Ана, Ел-Ана деген осы. Соның бір айғағы – 1960 жылдар ішінде Қажытай ақсақал (Алматы мешітінің 1956-1968 жылдарда имамы болған С.Ғылманидың шәкірті Мұфтахидден Усаұлының бауыры) өзеннің бірде-бір талын кестірмейтін, суын лайландырмайтын. Менің әкем жер-суды танығыш қырағы еді. Топырақты аздыратын арам өскіндерді өртеп-құртып отыратын. Және ол кісінің қасиеті – ойын түйіп, тұжырымдап нақты айтатын. Мектептегі кезім. Мал жайлап жүр едік. Күн ызғар. Үйіміздің алдында 8 шақырымдай жерде қырат бар. Оны “Қыр” дейміз. Соған ойлана қарап: “Біздің қорамыздан өрген қойдың алды Қырға жеткенде арты қорадан үлгеріп шықпайтын еді”, – деді. Сонан соң біраз үнсіздіктен кейін: “Сенің Жолымбет атаң түйені қамшымен тартып жібергенде жаны шығып кеткен”, – деді. Даусы, сөзі құлағымда қалғанмен, санамда сәулеленіп бекіген жоқ. Иә, 1990 жылы Алматыдан Егіндібұлаққа сапарладым, жолда Қарағандыға соқтым. Енді ғана Ақсу-Аюлыдан көшіп келіп, қоныстанып жатқан қазіргі уақытта ҚарМУ-дің деканы, профессор, ауыз әдебиетінің зерттеушісі Мұқамедқали Әбдуов қарсы алып, үйіне алып келді. Төргі бөлмесінде кереуетте көсіліп жатқан аппақ болып киінген сексен бестегі ақсақалға сәлем бердім. Сол-ақ екен. “Қай туғансың?”деді.
– Қанжығалымын.
– Ендеше, Жолымбеттің төрт баласының қайсысың?
– Келдіғұлдан тараймын, – дедім.
Расында, Абылай ханның “Дүние қалды”, “Қайран елім” атты күйлерін ХХ ғасырға жеткізген, Шашубай, Майасарлармен дәмдес-тұздас, сырлас болған Ілияс ақсақалдың осы бір дерегі менің зерде-зейініме әсер тудырған жоқ-ты. Аңыз сияқты көрінді. 2008 жылы ақын, баспагер, шежіретанушы Тортай Сәдуақас “Астана аймағы” дейтін тарихи-деректанулық еңбегінің 48, 286, 345 беттеріндегі менің ата-бабаларым тарихына қатысты мәліметтерді көрсеткенде Ілияс Әбдуов қарияның сөзіне иландым. Жолымбет би де болған. Мөртаңбасы, қолтаңбасы сақталған. Жолымбет бабамыздың 4 перзенті болған: 1. Келдіғұл. 2. Бердіғұл. 3.Қожа. 4. Молда. Тортайдың мәліметтері бойынша, Келдіғұлов Сәмен, Келдіғұлов Кәмен есімдері бар. Сондай-ақ, Молда Жолымбетов бар. Негізінде, Келдіғұлдан Жүндібай, Өсіп қажылар және Әбен атам (1888-1974) бар. Тағы да бір атам Каспийде салға отырғанда суға батып кеткен. Әбен атам: “Сенің даусың Өсіп қажыға ұқсайды”, – деп айтатын-ды. Атамның айтуынша, Келдіғұл 80 жасында 1890 жылы Меккеге сапар шеккен. Қасында жас жігіттері бар. Өзі кіші жардан туған. Екі жаста екен.
1912 жылы Келдіғұлдың інісі Қожа атамыз 80 жасында бұрқылдап, қаһарлы, ашулы кейіпке түскен. Содан үлкендер оның ойын түсініп, ағасының жолымен қажыға аттандырған. Сонда Келдіғұлдан Өсіп, одан Оспан, одан менің әкем Неғым/Нығметолла (1909-1992). Ел Неғым атап кеткен. Мен туып-өскен бір атадан тараған ағайындардың ауылын Ақтөбе деп атайтынды. Шымнан салынған осы үйлерді әкпен сылайтын. 12-13 үй болатын. Мен үшін ертегідегі шаһар. Сыйластық, татулық, мейірбандық салтанат құрған. Себебі, ауыл-аймақ, бота-тайлақ ақылға қазына, тәжірибесі мол абыройлы абызы, ақсақалы Әутәліпке бағынатын. Ол қырағы ой көзімен кімге не жетіспейді, кімге қандай қызмет жасау керек, әр шаңырақтың отын-суына, жем-шөбіне дейін мал су ішетін суаттың тазалығына дейін қадағалайтын. 1956-1957 жылдарда колхоз орталығына жақындау үшін Қарасуға қоныс аударды. Ескі ауылдан 2,5 шақырымдай. Одан арғыда Сәкен серінің әкесі Нұрмақ салдырған мектепте оқимын. Ақтүтек боранда аяулы қамқор ата жолдың үстінде мені күтіп алып қондыратын-ды. Үйір-шүйір бір топ балаға өзі бас-көз боп көже құйып беріп, солардың ішіндегі мені тыңқитып тойдыратын-ды. Әкем соғым сойғанда мүше-мүшесімен қара астауға сыбағасын салып, Құлагерді жегіп, ақсақалдың үйіне салтанатты түрде шығарып салушы еді. Өнегелі қария мейірленіп ақ батасын беретін. Қазақ дүниетанымында “шынжыр тұқым”, “қаракөктің тұқымы” дейтін ұғым бар. Қайырымды қарияның әулеті де қара орманға айналды. Ұлы Мұхтар қайраткер ұстаз атанды. Ширек ғасыр мектеп директоры қызметінде болды. Жарты ғасыр ұстаздық етті. Ұлт патриоты тарихи-өлкетану музейін ұйымдастырды. Қазір сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал.
Ауылдағы алтын балақ үйіріндей жақсы-жайсаңдар айтулы дастандардың, эпостардың, ертегі-аңыздардың әңгімесін жырдай ғып айтатын еді және де Шәкәрім шежіресін көрсетпей оқитын. Қожа атамның ұрпағы өне бойы өнеге Жаббар (1917-1992) “Капиталдың” мазмұнын өзінше түсіндіретін. Дойбы ойнау дәстүрін айтар болсам, өз басым бастауыш сыныптарда уақытым дойбышылармен сайысумен өтті.
Көкшетау, Қызылжар, Омбы, Кереку, Ақмола өңірінде емшілік атағы жайылған Кәрібай болыстың баласы ауырып, Петербор дәрігері анықтай алмаған соң, оны дертінен сауықтырған Қапар бақсы Мәнібайұлы, оның немере інісі нағашым Омархан бақсы, тістің қанқұртын ешкі майымен топырлатып түсіретін Сақып әжем, ертегіші Қабыл атам, ыдыс-аяқтарды құрсаулап жамайтын кіндік шешем Мәриям, көзінің оғы кісі өлтіретін Сәлия кемпір және мемлекеттік тұлға Әбдірашит Шалабаев, Қазақ телевизиясы тарихындағы жарқын бейне Совет Масғұтов, менің әкемнің бауырындай болған, ел еркелетіп “Ақыжан” дейтін КСРО-ның спорт шебері, жаттықтырушы, республикалық “Қайрат” спорт қоғамын басқарған Ахметжан Қазымбетов және Қабыкен Шыңғысов, Зейнолла Кәрімжанов, Зая Хасенов, Қанапия Исақаев т.с.с. ұстаздарымның дәріс беру шеберлігі қиялымда тізіліп, балдәурен шақ қайта оралғандай-ау!
Ауылды алтын бесік деп жайдан-жай айтпайды. Ұлттық-рухани құндылықтардың өркен жаяр өнегелі, өнерлі мекені. Жақсылықтардың ұясы. Қаршадайыңнан еңбектену мен ізгіліктің жолында машықтанасың. Мысалы, құрақ ұшып бұзауға ие болу, шөп шабу, су әкелу, үлкендерге сәлем беру, ат үстінен қолтығынан ұстап түсіру, аттың тізгінін қазыққа байлау, бие саууға көмектесу, қонақтардың қолына су құю, әрі майлық, әрі сулық болу.
Қонаққа шақырғанда ерлер мен әйелдерді өз алдына жеке бөлмелерге отырғызу. Себебі, әңгіме де, көзқарас та, ықылас-тілек те бөлек. Жақында яғни 2018 жылдың тамызында Мысырдың Шарм-эль-Шейх шаһарында болғанда лифтіге әйел мен еркек бірге кірмейтінін білдім. “Біздің бұрынғы дәстүріміз қандай әдемі ойластырылған” деп ойладым.
Ел адамдары қоршаған ортаның, ауаның, судың, топырақтың тазалығына айрықша көңіл бөлуші еді ғой. Қойдың қиы, сиырдың жапасы, мал атаулының терісі, жүні, ішек-қарыны, сүйектері қажетке жаратылатын, қоқыстан тау тұрғызылмайтын. Сол бір замандағы мына бір ескі сурет ылғи да қиялымда тірі. Соғымның мүшелері кәдімгідей аппақ боп мүжілетін. Осы әрекет тістің сап-сау болуына қызмет етеді екен. Содан соң бүкіл сүйектерді сары майдай сақтап, шілдеде күн ұзақ қайнатып, бетіндегі майын қалқып алып, бүгешігесіне дейін тазаланған сүйектерді аяқ баспайтын шұңқырға көметін. Мұның сыры – топырақты бүлдірмеу, уламау. Бұл күнде мұны ескерген дұрыс. Құрбан айт күндерінде қойлар сойылып, ішек-қарын, терісі, қан-жыны, сирақтары жер дүниені ыбырсытып жібергені – көргенсіздіктің көрінісі.
Үлкендер ет жеп отырғанда балаларға мұздай су ішкізбейтін. Сөйтсек, бұл ғылыми медицина тұрғысынан дұрыс екен. Еттің құрамындағы микроэлементтер су ішкенде бүкіл қасиеттерінен айырылады. Бай боласың деп, нанның қоқымын да жегізетін. “Жаманнан жарты аяқ ас қалады” дегендері де есте. Көк жұлғызбайтын, суға түкіртпейтін. ХХІ ғасыр биігінен оймен шолсақ, заман ауысты, ұрпақ алмасты, ғаламдық жаһандану үрдісі жалғанды жалпағымен басты, құт-береке қашты.
Негізінен, ауыл баласы жапырақтай шағынан ыстықты да, суықты да, аш құрсақ, жамау-жыртық киіммен жүрсе де үнсіз ғана өз халінше еңбектеніп-бейнеттеніп күн кешті. Құрық ұстап, жақсы-жаманның айырмасын, оқу мен білімнің мәнін түсінді. Сондықтан ба екен, әлде жақсы орта ма екен, әлде жалынды жігерінен бе екен көркем әдебиетке құмарлығым 1962-1969 жылдарда, әсіресе, Шәкір Әбеновтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кейпін батыр”, “Таңшебер” дастандары мен “Жұлдыз” журналындағы Омар Хайямның рубайларын оқығанда оянды. Және де Карл Маркстің 15 жасында шығарған Ғаббас Жұмабаев аударған:
“Жанымда менің мың жалын,
Лапылдап тұрған дамылсыз.
Өлуге бүгін ырзамын,
Өмірім болсаң дауылсыз!” –
дейтін шумағы жадымда жатталған-ды.
Осындай іңкәрліктің арқасында 9-сыныпта оқып жүргенде қазақ ақындарының өлеңдерін мүмкіндігімше (мысалы, жылдың төрт мезгіліне байланысты) тиянақты түрде ойыма, қиялыма пісіріп, ізінше өзім де өлең құрастырып, қиыстырып отыратынмын. 98 бетке жазылған дәптерімді өзім мүлде естен шығарғанмын, сыныптасым Дүйсен Кәкімов 2015 жылы дүниеден озарда осыны Серіктің қолына тигіз деп аманаттапты да, тағы бір дәптер жазбалары бар еді депті. Бұл дәптерді қолыма тиген соң, жазуымды, сауатымды қызықтап, сөз саптауымды оқып көрсем, 1965 жылдың қаңтарынан бастап толтырылған. Әрбір өлеңнің аяғына ай, күні қойылып отырған. Ең ғажабы: “Әдебиет пен өнер институты” деп жазылғаны. ҚазМУ-ді бітірген соң, менің осы институтта ғылымдағы жолым басталды. Қалайша бұл институт атауы ойға оралған әрі орындалған?!
Ауыл, негізінен, бір атадан тараған ұрпақтардың яки ағайындардың қауымдастығы. Сондықтан да бірлік те, татулық та, тәрбие де бар, тағылым-тәжірибесі, шарапаты мол, сөзі өтімді, әділетті, абыройлы, саналы, аузы дуалы қазына қария да бар. Олар көкөрім жеткіншектерді шеберлікпен естілікке, тиянақтылыққа, ұқыптылыққа, ізеттілікке, еңбекқорлыққа үйретеді, тыңдатады, көңілге тоқытады, ұғымталдыққа баулиды, өзі де берекелі іс-әрекетке араласады, балауса балғындарды да көшелілікпен ынтықтырып, шаруаға араластырады, көрсетіп, ұстатып, бақылап істеттіреді. Мал бақса да, шөп шапса да, өзенге барса да, құсбегілікпен, аңшылықпен шұғылданса да, ат жексе де және т.с.с. жанына ертеді, көзін қанықтырады, денесін шынықтырады, жаратылыс дүниесімен таныстырады.
Ауыл тағдыры алаңдатады. Мысалы, жетпіс жылдың ішінде өзім көрген, туып- өскен Ақтөбе, Қарасу, Қаражар, Бәлшебек, Жалтыр, Сұлукөл, Бірлік, Жуантөбе, сонымен қатар қойшылардың қыстау-қоралары, қосындары жойылып, қу мекиен далаға айналды. “Халқыңды даласымен сақтасын, еліңді данасымен сақтасын!” дейтін құдіретті бата-тілек сөз бағасынан айырылды.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор.