Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елді береке мен бірлікке ұйыстыратын, экономикалық-әлеуметтік дамуымызға тың серпін беретін жаңа стратегиялық жоспарды ұсынды. Әр саланы жан-жақты саралаған Мемлекет басшысы “Ел бірлігі – ең асыл қасиет” атты қағиданы берік ұстанып, алда ауқымды міндеттер тұрғанын жеткізді.
“Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламамның негізі болды”, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елдің ертеңіне алаңдайтын азамат ретінде Жолдауда айтылған тың ойларға көңілім толғанын жеткізгім келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін шегелеп айтқан Қазақстан Президенті даңғазалықтан арылып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Қарқынды дамыған және инклюзивті экономикада еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнестің өркен жаюына жағдай жасау, ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселелері де Жолдау өзегіне айналғаны қуантады. Әсіресе, ол әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде бала құқығы, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түбегейлі бағдарлама әзірлеу қажет екенін атап өтті.
Президентіміз медицина саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Өйткені, тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету қай кезеңде де өзекті. Мемлекет басшысының медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына ерекше көңіл бөлу туралы тапсырмасы біздің өңірімізде сәтті жүзеге асырылуда.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы енгізіліп, мемлекет медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етпек. Осы бағытта денсаулық сақтау саласының дамуына ауқымды қаржы бөлініп, қолбайлау болған біраз мәселе түбегейлі шешіледі деп ойлаймын. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінетінін айтқан Қазақстан Президенті Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы тиіс, деді. Алдағы уақытта Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қарастыратын болады. Бұл қамкөңіл балалар мен олардың қамқоршылары үшін үлкен көмек болар еді. Жаңа Жолдау дәрігер тапшылығын жоюға, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға, сапалы көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Руслан ТАСОВ,
№3 қалалық аурухана
бас дәрігерінің
орынбасары.