
Қазақ елін әлемге паш еткен жерлесіміз, Канн кинофестивалінің жеңімпазы, киноактриса Самал Есләмова коронавирус инфекциясынан туындаған төтенше жағдай кезінде қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған “Nur Otan” партиясының “Biz birgemiz!” республикалық акциясына қолдау білдірді.
Акция аясында белсенділер көмек көрсеткендердің бірі – облыс орталығында тұратын 3-ші топтағы мүгедек Роза Имақова. Көмекке мұқтаж жан дер кезінде қол ұшын созған нұротандықтарға дән риза. Қайырымды жандар оған азық-түлікпен бетперде, антисептик әкеліп берді.
Қайырымдылық акциясына алғаш рет қатысып отырған Самал Есләмова мұндай көмекке, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлер мұқтаж екенін айтты. “Қазір көптеген адамдар пандемияға байланысты түрлі қиындықтарды бастарынан өткеруде. Мұндай сәтте адамдарға қолдау көрсету аса маңызды. Сондықтан “Nur Otan” партиясы мүшелерінің және жасотандықтардың бұл ісінің қоғамға тигізер пайдасы зор”, – деген актриса алдағы уақытта да игі іске көппен бірге жұмылуға дайын екенін жеткізді.
Бүгінгі таңда “Biz birgemiz!” акциясы аясында республика бойынша “Nur Otan” партиясы мен “Jas Otan” жастар қанаты белсенділерінің арасынан волонтерлер қатарына 700-ге жуық адам қосылды.