Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің дамуын тұсайтын кесел екенін жұртшылық білетіндей болды. Елбасымыз Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында мәселенің басын ашып, осы кеселмен күреске жалпымемлекеттік мән беріп отырғанын аңғару қиын емес. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында бұл жайында былай деді: “Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады”.
Осы орайда қоғамда, жұртшылық арасында жемқорлықпен күрес тек заң, құқық қорғау, ішкі істер органдарының міндеті, біздің оған қатысымыз жоқ деген ойдан аулақ болуымыз керек деп ойлаймын. Өйткені, Елбасымыз бұл күреске мемлекет пен қатар қоғамды да жұмылдыруды міндеттеп отыр. Сондықтан елдің әрбір саналы азаматы, ұйымы мен мекемесі ұлттық қауіпсіздігіміздің іргесін сөгетін бұл құбылысқа жол бермеуді өзінің жеке жауапкершілігіндей көруі керек.
Жемқорлықтың орын алуының, құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін әр азамат, әрбір мекеме, яки ұйым өз тарапынан қимыл-әрекет ете алады деп пайымдаймын. Мысалы, өзім еңбек ететін Петропавл қаласы мамандандырылған жасағының 3-ші өрт сөндіру бөлімінде Президент Жолдауына үн қату, әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында биыл бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтқанда, 3-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет майоры С. Шақабаев облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке қарасты “Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары” мемлекеттік мекемесінің кадрлармен жұмыс бөлімімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың, қызметкерлер тарапынан әскери және қызметтік еңбек тәртіптеріне нұқсан келтірудің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жеке құраммен бірге атқаруға арналған басқосуды ұйымдастырды.
Биыл осы мәселеге арналып екі жиын өтті. Оның алғашқысы бөлімнің жеке құрамы қызметкерлерінің тұрмыстағы құқық бұзушылығының орын алмауына, әркімнің отбасындағы жауапкершілігіне арналды. Ал екінші басқосуда бөлім қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің қағидаларын бұлжытпауы әңгіме арқауына айналды. Атап атқанда, мекемеде әртүрлі жағдайларды сылтау етіп, қызметкерлерден ақша жинауға тыйым салынды.
Бөлімнің жеке құрамымен әңгімелерде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің жеке құрамы қызметкерлерінің тарапынан жемқорлыққа қарсы күресте жол берілген олқылықтар туралы баяндалды. Мұндай ескертулер жоғарыдан жіберілген нұсқау емес, әркімге ой салатын қағида болуы керек. Осылай болғанда жемқорлықпен күрестегі бірлескен күш-жігеріміз жемісті бола түспек.
Ерлан ҚҰЛАҚПАЕВ,
мамандандырылған жасақтың
3-өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, өртке қарсы қызмет майоры.
Петропавл қаласы.