“Нұр Отан” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында өңіріміз бойынша 2013-2014 жылдардағы “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және мемлекеттік бағдарламалардың әлеуметтік маңызы бар нысандарына мониторингі жөніндегі аудандық мәслихаттардың депутаттық фракцияларының жұмысы жайлы мәселелер қаралды.
Жиынды жүргізген партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлім Шөкенов:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында еңбекпен қамтудың тиімділігін арттыру жөнінде міндет қойған болатын. Осыған орай аз қамтылғандар, мүгедектер мен өздігінен жұмыспен қамтылғандар санын арттыру үшін оларды “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына тарту қажет, – дей келе, партияның өңірлік филиалы облыста “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп отырғанын атап көрсетті.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, үстіміздегі жылдың 1 қазанына дейін алты мыңға жуық адам “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысқа тартылған. Олардың 4517-сі әлеуметтік келісімге қол қойған. Соның үш мыңнан астамы – ауылдықтар. Бағдарламаға қатысушылардың 1671-і – жұмыссыздар, 2709-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Мүгедектер арасында бағдарламаға қатысу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 168 (өткен жылдың сәйкес мерзімінде – 91) мүгедек бағдарлама қатысушысы болған. Мүгедектердің 76-сы – мәліметтер базасындағы бос орындарға, 29-ы – облыста жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық нысандарға, 19-ы әлеуметтік жұмыстарға орналасқан. 14-і жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытудан кейін тұрақты еңбекпен қамтылған.
Алайда, Әлім Шөкенов Асқар Сақыпкереевтің келтірген цифрларында сәйкессіздік бар екенін алға тартты. Мәселен, партиялық бақылау барысында тігін фабрикасына орналастырылған 22 мүгедек жұмысшының 5-еуі ғана еңбек етіп жүргені анықталған. Комиссия төрағасы оның себебін бір айдың ішінде анықтап, жауап беруді тапсырды. Сонымен қатар “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша түсінік беруге арналған мақалалар мен телесюжеттер тек облыстық телеарналар мен орыстілді газеттерде жарияланған. “Қазақтілді оқырмандарға бұл бағдарламаның қажеті жоқ па, әлде қазақ тілінде жарық көретін облыстық “Солтүстік Қазақстан” және қалалық “Қызылжар нұры” газеттері ол мақалаларды баспай ма?” – деген сұраққа Асқар Жоламанұлы: “Біз әр тоқсан сайын жұмыс қорытындысын барлық газеттерге жіберіп тұрамыз”, – деп ақталды.
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының 1-ші басқармасының аға прокуроры Нұрлан Сапаров Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік жұмыс орындарына аталмыш бағдарламаға қатысушылар санатына жатпайтындар орналастырылғанын, сондай-ақ, кәсіпорындарда бұрыннан істеп жүргендерді жұмысқа жалған қабылдау сияқты көптеген заң бұзушылықтар орын алғанынан хабардар етті. Осындай жағдай Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығында да анықталып, жұмыспен қамтуға бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салу және алаяқтық жасау фактілері әшкереленген. Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша мемлекетке келтірілген шығын 2 195 181 теңгені құраған.
Айыртау аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры А. Жүсіпованың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ол көрсетілген қызмет туралы жалған актілерге қол қойып, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлердің есепшотына 2 860 000 теңге аударған. Есіл ауданында да жеке тұлғалардың есебіне заңсыз түрде 230 533 теңге аударылып, мемлекет қаражатына қол сұғылған. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы мен “Қуат” күзет агенттігі арасында 28 әлеуметтік бос жұмыс орнын жалпы құны 1 050 000 теңгеге қаржыландыру туралы келісім жасалған. Алайда, тексеріс барысында ол расталмаған. Осындай заң бұзушылықтар Аққайың ауданында да көрініс тапқан.
Тексеріс нәтижесінде 8 адам – тәртіптік, 1 тұлға сыбайлас жемқорлық жауапкершілікке тартылған. 3 факт бойынша іс қаржы полициясы органдарына берілген.
Солтүстік Қазақстан облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Амандық Сейфуллин “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бағалау бойынша 41 нысанда бақылау жүргізілгенін айтты. Бақылау барысында жалпы құны 1,2 млрд. теңгенің заң бұзушылығы анықталған. Соның ішінде 101,8 млн. теңге әлеуметтік қорғау мекемелеріне тиесілі. Бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты пайдалану кезінде жіберілген заң бұзушылықтар үшін 20 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке татылған. Соның 16-сы – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру саласында жұмыс істейтіндер.
Бұл фактілер “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру барысында тұрғындарды жұмыспен қамту туралы заңнамалар талаптарының өрескел бұзылғандығын, оның тиімді жүзеге асырылуы мен нәтижелілігіне мониторингтің өз деңгейінде болмағанын, жауапты ведомстволық мекемелердің жұмыс берушілермен, кәсіпорындармен өзара әрекеттестігінің әлсіздігін көрсетеді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.