“Қазақстан” телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында облыстық ведомство басшыларының қатысуымен өтіп жатқан дәстүрлі баспасөз конференциясында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңірімізде “Жұмыспен қамтудың Жол картасы– 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен таныстырған басқарма басшысы осының арқасында еңбек нарығындағы көрсеткіштердің жақсарғандығын тілге тиек етті. Жалдамалы жұмысшылардың саны 3 мың адамға артып, жұмыссыздардың қарасы 2,6 мыңға қысқарған. Осылайша бағдарламаның аясында 2011 жылдан бері атқарылған жұмыстардың оң тұстарын атап өткен Асқар Жоламанұлы тірек ауылдарды кешенді дамыту бағытына тоқталды. Өңіріміз бойынша 36 тірек ауыл анықталған. Әзірге бұл кешенді дамыту Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарында сынақтан өтпек. Жинақталған тәжірибе кейін өзге облыстарға таратылатын болады. Сондай-ақ өңіріміз Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты аталмыш бағдарлама аясында жүзеге асырылатын кәсіптік бағдарлау жұмысын сынақтан өткізбек. Осы орайда бұл жұмысқа “EDTECH-KZ” халықаралық білім беру орталығын тарту қарастырылуда. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында мүгедектерді жұмыспен қамтуға байланысты берген тапсырмасын жүзеге асыруда да бірқатар шаралар қолға алынған көрінеді. Бүгінде 1986 мүгедек жұмыспен қамтылса, осы санаттағыларға арналған 120 жұмыс орны бар. Жыл басынан бері 5 рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 59 мүгедекке тұрақты жұмыс орнына жолдама ұсынылған. Атқарған жұмыстарын баяндаған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына тілшілер қауымы Петропавл қаласында салынатын екі жатақхананың қай санатқа арналғандығы, облысымызда болашағы жоқ ауылдардың саны қанша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қалай анықталады, мүгедектерге жұмыс берілгенде жағдайларына қарай ма, деген сұрақтарын жолдады. Сонымен, облыс орталығында салынатын екі жатақхана 29 жасқа дейінгілерге арналатындығын, бүгінде болашағы жоқ ауыл ретінде 26 елді мекен белгіленгенін, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды статистика органдары анықтайтындығын айтқан басқарма басшысы мүгедектерге жұмыс медициналық көрсеткіштер бойынша берілетіндігін жеткізді.