Оқушылар сарайында облыс мектептеріндегі қамқоршылық кеңестерінің кеңейтілген отырысы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова кезінде ата-аналар комитетінде болған ақша жинау мәселесіне қарсы екенін айтты. Өйткені қамқоршылық кеңестерінің міндеті басқа. Олар мектептің оқу-тәрбие жұмыстарына атсалысуы керек.
Білім ордасына айтарлықтай көмекші болып жүрген кеңес өкілдері жиында өз жұмыстары жайлы баяндады. Әл-Фараби мектеп-лицейінде демеушілік көмектің арқасында жаңа терезе орнатылыпты. Сондай-ақ, «Қыз Жібек» үйірмесінде алдыңғы толқын өкілдері қыздардың тәрбиесіне көңіл бөліп, оларға салт-дәстүрлерімізді үйретуді қолға алған.
– 2017 жылы құрылған қамқоршылық кеңесінің құрамында бүгін 15 адам бар. Оның дені – кәсіпкерлер. Біз оқушылармен және олардың ата-аналарымен белсенді жұмыс істейміз. Жәрмеңкелерді жиі ұйымдастырамыз. Жаз мезгілінде балаларды Түркістан облысына экскурсияға апарып, олар қазақ халқының тарихымен танысты. Біздің басты мақсатымыз – балаларға оқуға қажетті барлық жағдайды жасау. Өйткені, олар – біздің болашағымыз, – дейді әл-Фараби мектеп-лицейі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Талант Молдабаев.
Қамқоршылық кеңестерінің кеңейтілген отырысы туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар